Қарағанды облысының 90 жылдығына арналған «09-90. Бейнелеу өнеріндегі өлке тарихы» көрмесі өңірдің индустриялық және мәдени дамуының ерекше белесін көрсетеді. Экспозиция Қарағандының алғашқы кеншілер қоныстарынан бастап, ірі өнеркәсіптік, ғылыми және мәдени орталыққа айналу жолын көрнекі түрде бейнелейді. Өңір тарихы кескіндеме мен мүсін өнері арқылы көрерменге таныстырылып, Қарағанды даласының өткенін, бүгінін және адам тағдырымен ұштасқан өмір тынысын жеткізеді. Қарағандының қалыптасуы көмір кен орындарын игеру, қалалардың қарқынды дамуы және индустриялық кеңістіктің қалыптасуымен тығыз байланысты. Осы тарихи үрдістер көрмеге қойылған суретшілер туындыларында терең көрініс тапқан. Кескіндеме мен мүсіндерде өндіріс тынысы, қалалық өмір, күнделікті тұрмыс және кеншілер өлкесіне тән еңбек адамының бейнесі шынайы әрі әсерлі сомдалған.
Қала келбеті мен өнеркәсіптік кеңістік, әсіресе, қарағандылық суретшілердің шығармаларында айқын көрінеді. Г.Г.Гилевскийдің «Шахта жанындағы кент» туындысында шахта маңындағы тіршілік пен өнеркәсіптік қаланың өзіндік атмосферасы шынайы көрсетілген. Бұл суретте индустриялық қалашықтың тіршілігі көркем түрде бейнеленген. Алдыңғы планда екі қоғамдық көлік – автобус пен көлік қозғалысы арқылы қала өмірінің қарбаласы мен динамикасы сезіледі. Жол бойындағы қарапайым тұрғын үйлердің ауласында балалар ойнап жүр, бұл көрерменге күнделікті өмірдің қарапайым сәттерін жеткізеді. Артқы планда өндірістік инфрақұрылым көрініс тапқан: шахта қондырғылары, фабрика ғимараттары және қуат беретін электр бағаналары. Бұл бейне өңірдің экономикалық дамуы мен өнеркәсіптік қызметінің символына айналған. Көгілдір аспан мен бұлттардың қозғалысы картинаның динамикасын арттырып, индустрия мен табиғат арасындағы үйлесімділікті көрсетеді. Суретші Гилярий Гилевский қарапайым халық өмірін индустриялық ортамен үйлестіре отырып, Қарағанды өңірінің мәдени-тарихи сипатын шебер бейнелеген. Картинаның түстері мен композициясы сол кезеңдегі Қарағандының ерекше атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді. Сондай — ақ П.С.Андриюктің «Ескі қала», «Террикондар», «Шахта жанындағы батпақ» атты туындылары ескі қалалық орамдар мен шахталық ландшафттың табиғатпен үйлесімін ашады. Мүсін өнері Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Ю.В.Гуммельдің «Құрметті кенші Г.Хайруллиннің мүсіні» туындысында өңірдің дамуына үлес қосқан еңбек адамдарына терең тағзым ретінде қабылданады. Ал В.Крыловтың «Қарағанды. Бейбітшілік бульвары» мен «Қарқаралы» пейзаждары қаланың тарихи жадын, уақыт ағымымен өзгерген өңір келбетін сезіммен жеткізеді.
Көрменің идеялық мазмұны Қарағанды өңірінен шыққан көрнекті тұлғалардың есімдерімен толықтырылады. Олардың қатарында ақын, публицист, аудармашы Қасым Аманжолов, қазақ мемлекет және қоғам қайраткері, «Алаш» партиясының жетекшісі Әлихан Бөкейхан, көрнекті ғалым, геолог, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев бар. Сондай-ақ этнограф, өнертанушы, журналист Ақселеу Сейдімбек пен Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Нұркен Әбдіровтің есімдері айрықша аталады. Өңірдің ғылыми және әлеуметтік дамуына үлес қосқан профессор, геология ғылымдарының докторы Александр Гапеев және Қарағандының алғашқы дәрігерлерінің бірі, Қазақ КСР құрметті хирургі Герман Алалыкин секілді тұлғалар да тарихи жадының маңызды бөлігі.
«09-90» көрмесі Қарағанды облысының өткені мен бүгінін өнер арқылы сөйлетіп, оның Қазақстан тарихындағы маңызын сезінуге мүмкіндік береді. Көрме Қарағандыны еңбек пен рухтың, тарих пен өнердің тоғысқан мекені ретінде айқын көрсетеді.
Г.Ж.ЗАЙТОВА,
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің
ғылыми-әдістеме бөлімінің басшысы
