Қазақстанда 2025 жылдан бастап Қылмыстық кодекске бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Бұл жаңалықтар азаматтардың жеке қауіпсіздігін қорғауға, цифрлық қатерлерге қарсы тұруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
Цифрландырудың қарқынды дамуы мен әлеуметтік қатынастардың өзгеруі қылмыс түрлерінің де жаңаруына алып келді. Осыған байланысты 2025 жылғы 16 шілдеде қабылданған № 210 – VIII Заң қылмыстық заңнаманы қазіргі заман талаптарына бейімдеуді көздейді.
Сталкинг – енді қылмыс!
Алғаш рет Қылмыстық кодекске сталкинг, яғни адамды заңсыз және жүйелі түрде қудалау үшін жауапкершілік енгізілді (115 – 1-бап). Бұған үнемі хабарлама жазу, аңду, қорқыту сияқты психологиялық қысым көрсету әрекеттері жатады.
Бұл норма жеке өмірге қол сұқпаушылықты қорғауға бағытталған және қақтығыс ауыр салдарға жетпей тұрып, заңды шара қолдануға мүмкіндік береді.
Некеге мәжбүрлеуге жол жоқ?!
Тағы бір маңызды жаңалық – некеге тұруға мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуі (125 – 1-бап). Қоқан-лоққы, қысым немесе күш қолдану арқылы некеге итермелеу енді заңмен қатаң жазаланады.
Бұл өзгеріс әйелдер мен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға бағытталған және адамның еркін таңдау құқығын қамтамасыз етеді.
Банктік шотты беруге болмайды
Қазіргі таңда интернет-алаяқтықтың кең таралуына байланысты Қылмыстық кодекске банктік шотқа немесе төлем құралдарына заңсыз қол жеткізуге қатысты жаңа бап енгізілді (232 – 1-бап).
Өз шотын үшінші тұлғаларға қасақана берген адамдар да қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл шара қаржылық алаяқтық пен киберқылмыстың алдын алуға бағытталған.
Заң не үшін өзгертілді?
2025 жылғы реформаның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, қылмыстың алдын алу және жазаның әділдігін қамтамасыз ету. Барлық жаңа норма қоғамдық қауіпті әрекеттер ретінде қаралып, мемлекет тарапынан бақылауды күшейтуді көздейді.
2025 жылы Қазақстанда Қылмыстық заңға жаңа өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер әрбір азаматқа, әсіресе жастарға тікелей қатысты. Себебі қазіргі кезде адамдар интернетті көп қолданады, әлеуметтік желілерде белсенді, ал кейбір құқық бұзушылықтар бұрын қылмыс болып саналмаған.
Жаңа заңда адамды қайта-қайта мазалау, аңду, қорқыту сияқты әрекеттерге (сталкинг) тыйым салынды. Енді мұндай әрекеттер заң алдында жауапкершілікке әкеледі. Сондай-ақ біреуді зорлықпен немесе қорқытып некеге мәжбүрлеу де қылмыс деп танылды.
Тағы бір маңызды жаңалық — банктік картаны немесе шотты басқа адамға беруге болмайды. Кейбір адамдар мұны жеңіл табыс көзі деп ойлайды, бірақ енді бұл әрекет заң бұзушылық болып есептеледі.
Бұл заң жаңалықтарын білу өте маңызды. Себебі заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Ал заңды түсініп, сақтай білу – өзіңді және айналаңды қорғаудың ең дұрыс жолы.
Қылмыстық заңнамадағы бұл жаңалықтар әр азаматтың жеке қауіпсіздігіне, отбасылық құндылықтарға және цифрлық қорғанысқа тікелей қатысты. Сондықтан заңдағы өзгерістерді білу – құқықтық мәдениеттің маңызды бөлігі.
Ақылбек ҚАБЖАНОВ,
«Bolashaq» академиясының құқықтық және қаржылық пәндер кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, профессор
