5516 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНДЕ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ

Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5516 әскери бөлімінде сарбаздардың ата-аналары мен жақындары үшін ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – отан алдындағы қасиетті борышын өтеп жүрген сарбаздардың күнделікті қызметімен таныстыру, олардың тұрмыс-тіршілігі мен оқу-жаттығу барысын көрсету.

Іс-шара бөлім аумағын аралаудан басталды. Ата-аналар сарбаздардың казармасын, асханасын, демалыс бөлмелерін, спорт нысандарын көріп, қызмет ету және тұрмыс жағдайларымен жақын танысты. Сондай-ақ әскери-техникалық паркте тұрған арнайы техника мен қару-жарақ үлгілері көрсетілді.

Бөлім командирі ата-аналар алдында сөз сөйлеп, әскери тәрбие мен жауынгерлік дайындықтың маңыздылығына тоқталды. Ол сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында екенін жеткізді.

Іс-шара соңында ата-аналар өз балаларымен жолығып, әңгімелесіп, бірге естелік суретке түсті. Көпшілік мұндай шара сарбаздар мен олардың отбасылары арасындағы байланысты нығайтып, ата-аналардың көңіліне сенім ұялататынын атап өтті.

5516 әскери бөлімінде Ашық есік күнін өткізу дәстүрге айналған. Бұл – сарбаздардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, жауапкершілікті қалыптастырумен қатар, ата-аналар үшін баласының әскердегі өмірін өз көзімен көруге мүмкіндік беретін маңызды шара.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі