ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 6505 әскери бөлімінде ерекше кездесу өтті. Ұландықтар Азия чемпионы, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аида Әбікеевамен жүздесті.
Кездесудің басты мақсаты – жас сарбаздарға мотивация беру, салауатты өмір салтын насихаттап, отансүйгіштік рухты арттыру. Спорт әлеміндегі елеулі жетістіктерімен ел мақтанышына айналған Аида Әбікеева әскери бөлімге арнайы келіп, өз жолы мен спорттағы жеңістері туралы әңгімеледі.
Аида Әбікеева өз сөзінде жеңіске жету жолындағы қиындықтар мен табандылық, тәртіп пен еңбекқорлықтың маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол сондай-ақ, спорттағы және өмірдегі табыстың кілті – мақсатқа берік болу мен тынымсыз еңбекте екенін айтты.
Кездесу барысында ұландықтар чемпионға сұрақтар қойып, қызығушылық танытты. Көпшілікті спортшының күн тәртібі, жаттығу процесі және жарыстарға дайындығы қызықтырды. Спортшы сарбаздардың әскери қызметі мен жауынгерлік дайындығына оң бағасын беріп, болашақта үлкен жетістіктерге жетулеріне тілектестік білдірді.
Іс-шара соңында Аида Әбікееваға әскери бөлімнің басшылық құрам атынан алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталып, естелік суретке түсу рәсімі ұйымдастырылды.
Мұндай кездесулер жас жауынгерлерге рухани азық беріп, Отан алдындағы борышты абыроймен өтеуге серпін береді.
ҚР ІІМ «Орталық» ӨңҚ Баспасөз қызметі