Қарағанды қаласындағы «Сарыжайлау» кинотеатрында Ауған соғысының ардагері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Қызыл Жұлдыз» және «Құрмет» ордендерінің иегері, отставкадағы полковник Амангелді Теміржанұлы Жантасовтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Амангелді Жантасов әлемі: қарулы және қарусыз майдандар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараға мемлекеттік органдар өкілдері, әскери мамандар, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, мәдениет қызметкерлері мен журналистер қатысты. Конференция барысында ардагердің өмір жолы, ерлігі мен әскери қызметі туралы баяндамалар оқылып, жас ұрпаққа үлгі боларлық тәлімдік әңгімелер қозғалды. Бағдарлама аясында: құттықтау сөздер мен баяндамалар оқылып, Амангелді Жантасовтың шығармалары мен еңбектерінің көрмесі өтті. «Амангелді Жантасов әлемі» атты деректі фильмнің көрсетілімі ұйымдастырылды.
Жиында полковник Жантасовтың Ауған соғысы тақырыбына арналған еңбектері ерекше назарға алынды. Оның «Ауылым – алтын бесігім», «Отряд Қара майора», «Жартасты жастанған жасақ», «Второй мусульманский (спецназ из Казахстана)» сияқты шығармалары әскери тарихты түсінуге құнды дерек. Ауғанстандағы соғыс оқиғаларын өз көзімен көрген ардагер шығармаларында сол кезеңнің шындығын айқын бейнелейді. Мысалы, оның «Второй мусульманский» кітабында сарбаздардың қиын сынақтары мен жауынгерлер арасындағы бауырластық ерекше сипатталған. Жантасов: «Ұрыста әріптесіңе толықтай тәуелді боласың. Біз бір отбасы болдық», – деп, сарбаздар арасындағы сенімнің маңыздылығын атап өтеді. Полковник Жантасов өз естеліктерінде Ауған соғысының сарбаздарға ғана емес, бүкіл қоғамға тигізген әсерін тереңінен ашып көрсетеді. Соғыс кезінде және одан кейінгі қиындықтарды сипаттай отырып, ардагерлердің елге бейімделуі, мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі мен қоғамдағы түсінбеушілік мәселелерін қозғайды. Оның айтуынша, біз батыр ретінде қарсы алады деп ойладық, бірақ шындық басқаша болды. Көпшіліктің: «Неге ол жаққа бардыңыз?» деген сұрақтары бізге ауыр тиді, деді кеш барысында. Ауған соғысы ардагерлері қоғамды елжандылыққа тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Жантасовтың еңбектері жастарға бейбітшіліктің құндылығын түсіндіріп, патриоттық рухты нығайтуға бағытталған.
– Ауған соғысының ардагерлері – біздің батырларымыз. Сол кезеңнің қасіреті мен ауыртпалығына қарамастан, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарған жандардың еңбегін бағалау – біздің борышымыз. Полковник Амангелді Жантасов – осындай тұлғалардың бірі. Ол тек батыр сарбаз ғана емес, нағыз рухани көшбасшы. Оның естеліктері – тарихқа алтын әріптермен жазылған шынайы деректер. Жантасовтың еңбектерін оқыған сайын, оның ерлігі мен қайсарлығына таңданасыз. Әсіресе, сарбаздарға қолдау көрсету мен қиындықтарды жеңу жолындағы жігері баршамызға үлгі. Оның жазбаларынан Ауған жеріндегі қиын-қыстау күндерде де рухани мықтылық пен достықтың қандай маңызды болғанын түсінеміз. Мен үшін полковник Жантасовтың өмір жолы тек әскери салада ғана емес, азаматтық қоғамда да үлкен сабақ. Ол Отан алдындағы борышын өтеп қана қоймай, жас ұрпаққа патриотизмді дәріптеуге зор үлес қосты. Оның кітаптары мен мақалалары жастарды елжандылыққа, бейбітшілікті қадірлеуге үйрететін құнды құрал. Амангелді ағамыздың батырлығы мен қалдырған мұрасы мәңгі есте сақталуы тиіс. Біз, қазіргі әскери қызметкерлер, ардагерлеріміздің даңқты жолын жалғастыру арқылы бейбітшілікті сақтау мен елді қорғау ісін абыроймен атқаруға міндеттіміз, – дейді «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, полковник Махсут Гусейнов.
Полковник Амангелді Жантасовтың 70 жылдық мерейтойына арналған конференцияда оның өмірі мен шығармашылығы ұрпаққа үлгі боларлық құндылық ретінде қарастырылды. Батырдың ерлігі мен еңбектері патриотизмнің жарқын мысалы болып, оның шығармалары әскери тарих пен қоғамдық сананы тәрбиелеуге қосқан зор үлес ретінде бағаланды. Конференцияның қорытындысы, бейбіт өмірдің маңыздылығын еске салып, болашақ ұрпаққа еліміздің батыр ұлдарының ерліктерін насихаттаудың қажеттілігін тағы бір мәрте көрсетті.
Қанағат КҮЛШЕБАЕВА,
«QH»