Қарағанды облысында сақтандырылмаған тұрғындар саны азайып келеді – бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша оң динамика сақталып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту деңгейі 88,7%-ға жетті.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты өзекті мәселелер облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбековтың төрағалығымен өткен өңірлік штаб отырысында талқыланды. Күн тәртібінде – халықты жүйеге тарту, жарналардың уақытылы төленуі және медициналық көмек көрсету кезінде талаптардың сақталуы мәселелері қаралды.
Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2026 жылдан бастап шұғыл және дағдарыстық санаттағы азаматтар үшін, сондай-ақ жұмыссыздар үшін МӘМС жарналары жергілікті бюджет қаражаты есебінен төленеді.
– Сақтандырылмаған азаматтар санының азаюы бойынша тұрақты оң динамиканы байқап отырмыз. Қол жеткізілген қарқынды төмендетпей, әсіресе экономикалық белсенді халық арасында атаулы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды, – деді Қарағанды облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Фазыл Копобаев.
Отырыста жұмыс берушілердің берешегі мәселесі қаралды. Сондай-ақ медициналық қызмет көрсетудің заңдылығына ерекше назар аударылып, рұқсат құжаттарына толық түгендеу жүргізу тапсырылды.
Ораз Тәуірбеков барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жүйелі әрі үйлесімді жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті.
– МӘМС жүйесін тиімді іске асыру – халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасының кепілі, – деді ол.
Барлық бағыт бойынша жұмыстар жалғасады, берілген тапсырмалардың орындалу қорытындылары штабтың келесі отырысында қаралады.
Өмір БАЙБОСЫН
