Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1958 жылғы 16 қаңтардағы №20 қаулысымен Қарағанды қаласында алғаш рет Ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырылды. Институттың негізгі бағыты – осы күнге дейін көмір, тау-кен кәсіпорындары, қара және түсті металлургия, машина жасау және құрылыс материалдары зауыттары орналасқан Қарағанды өңірінің көмір, тау-кен өнеркәсібі және қара металлургияның еңбек жағдайлары мен кәсіби патологиясын зерделеу.
1998 жылы 10 қазанда Қарағанды облысыынң ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архиві «Қазақ еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ғылыми-зерттеу институты» құжаттарын тұрақты мемлекеттік сақтауға қабылдады және №9 қор құрылды.
Аталған институттың №9 қордың құжаттары – тұрақты сақтаудағы басқару құжаттарынан және ғылыми-техникалық құжаттардан тұратын екі тізімдемеден тұрады. Онда зерттеу жұмыстары, өндіріс қызметкерлерінің кәсіптік ауруларына қарсы күрес жөніндегі ғылыми қызметкерлердің жоспарлары мен есептері, институттың анықтамалары, перспективалық, жылдық жұмыс жоспарлары сақталған.
Сақтаулы құжаттардағы мәліметтер бойынша алғашқыда институтта әкімшілік-гигиеналық, зертханалық корпус, емхана бөлімшесі, виварий және басқа да қосалқы үй-жайлар болған.
Институт мамандарының негізгі мақсаты – ірі кәсіпорындар мен мекемелердегі санитарлық еңбек жағдайларын жақсарту және жұмысшылардың кәсіби аурушаңдығын төмендету үшін сауықтыру шараларының кешені әзірленіп, осы салада мамандардың жасаған орасан зор еңбектері көрініс табады.
Аурудың алдын алу, диагностикалау және емдеу мәселелерін зерттеу нәтижесінде институт ғалымдары мен ғылыми қызметкелер жұмысшыларда силикоз диагнозын анықтады.
1962 жылдың қаңтарынан бастап институтта 25 төсектік стационар жұмыс істей бастады. Науқастарды тексеру кезінде диагностиканың жаңа әдістері қолданылды, тиісті емдеу жүргізілді.
Жұмыстардың барлығы гигиенистердің, санитарлық химиктердің, клиниктердің және рентгенологтардың қатысуымен орындалды.
Институт бұрынғы №9 шахтаның әкімшілік-тұрмыстық комбинаты негізінде ұйымдастырылған.
Бауыр функциясын тексеруді Қазақ еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар институтының клиникалық-рентгенологиялық бөлімінде стационарлық тексеруге және емдеуге жіберілген науқастарда жүргізу жоспарланып іске асты.
Институт ғылыми қызметкерлерінің есептерінде еңбек гигиенасы мен пневмокониозбен сырқаттанушылықтың негізгі мәселелерінің бірі бойынша Қарағанды цемент зауытында цемент өндірудің технологиялық процесі бірқатар қолайсыз фактормен қатар жүретіні: негізгі цехтардың ауа ортасының шаңдануы мен газдануы, шудың болуы анықталды.
1959-1960 жылдар аралығында жүргізілген зерттеулер барлық жұмыс орнындағы ауаның шаңдануы рұқсат етілген шекті концентрациядан асып түсетінін көрсеткен.
Осылайша, цехтардың ауа ортасының шаңдануын зерттеу деректері және цемент зауытының жұмысшыларын пневмокониозға клиникалық-рентгенологиялық тексеру материалдары ауаның шаңдануын азайту және жұмысшылардың ауруларының алдын алу бойынша шаралар кешенін жүргізу қажеттілігін растады.
Сондай-ақ, зерттеулер көмір шар диірмендерінің шуы есту анализаторының шаршауын тудыратынын көрсетті. Демек, айтарлықтай жұмыс тәжірибесі және қорғаныс құралдарының жетіспеушілігі кәсіби ауруларға әкелуі мүмкін.
Цехтардың жоғары шуы шар диірмендерін цехтардың қалған бөлігінен оқшаулаудың болмауына және өндірістегі шуды шектеу жөніндегі уақытша санитарлық нормалар мен ережелерде көзделген бірқатар шараның орындалмауына байланысты екені анықталды.
Санитарлық еңбек жағдайларын жақсарту және цемент зауыты жұмысшыларының жалпы және кәсіптік аурушаңдығын төмендету үшін сауықтыру шараларының кешені әзірленді, оның бір бөлігі зерттеу кезеңінде зауытта іске асырылды.
Ғылыми қызметкер О.Н.Дорофееваның ғылыми есебінде Кеңес Одағының көмір шахталарында силикоз және пневмокониозбен күресу үшін шаңға қарсы жаңа шаралар жүргізіліп жатқандығы айтылған.
Көп жағдайда тау-кен жұмысшылары жұтқан шаң химиялық құрамы бойынша араласады. Мәселен, Н.И.Альберт деректері бойынша Қарағанды бассейнінің көмір жыныстарында кремний диоксидінің шамамен 20%-ы анықталған.
Б.Е.Алтынбеков пен С.Ф.Әшімованың зерттеу жұмыстары бойынша жұмыс орындарындағы шаңда бос кремний диоксидінің мөлшері бар. Сондай-ақ, Қарағанды көмір бассейнінің көмір жыныстарында және шөгінді шаңында 0,8-40% ауытқиды.
А.Н.Буторина шақпақ шаңымен байланыс тоқтағаннан кейін де зардап шеккен жұмысшылар тез шаршағыштыққа, жалпы әлсіздікке, жүрек соғу жиілігінің жоғарылауына және тершеңдікке шағымданғанын атап өтті, әсіресе жұмыс кезінде көрсеткіштер ыстық цехтарда термен бірге суда еритін дәрумендердің, соның ішінде В1 витаминінің көп мөлшері жоғалатынын көрсетті.
Науқастарды санитарлық-климаттық емдеу және кешенді курорттық қымызбен емдеу оң нәтиже бере бастаған, қымыз В1 витаминінің көп мөлшеріне ие екендігі анықталды.
Жүргізілген зерттеулер негізінде өндіріске жалпы және кәсіптік сырқаттанушылықты төмендетуге және қысқартуға бағытталған санитарлық-гигиеналық және санитарлық-техникалық шаралардың тізбесін енгізу үшін әзірленді.
Қазіргі жағдайда Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығы – медицина саласындағы ғылыми-зерттеу қызметімен айналысатын, халықтың денсаулығын сақтаудың маңызды мәселелерін шешетін жетекші ғылыми орталық. Бұл мекеме кәсіптік аурулары бар науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Бұл аса маңызға ие мекеме жұмысшылардың денсаулығын сақтау мақсатында кәсіби аурулардың алдын-алумен, емдеумен және сонымен қатар еңбек жағдайларының адам ағзасына әсерін зерттеумен айналысады.
Қоғамдық денсаулық сақтау және кәсіптік Денсаулық институтының шешімімен Орталық 2018 жылдан Қарағанды медицина университеті құрамына енгізілді.
Институттың мемлекеттік сақтаудағы 1958-1971 жылдардағы құжаттарын, ғалымдардың ғылыми-зерттеу есептерін жоспарлы түрде түгендеп, шаңнан арылтып, қораптарға салып сақтаудамыз. Келіп, құжаттармен танысып, зерттеумен айналысатын зерттеушілерге қызмет көрсетуге дайынбыз.
Н.З.НАМАЗБАЕВА
«Қарағанды облысының
ғылыми-техникалық құжаттама
жөніндегі мемлекеттік архиві» КММ
архив қойма меңгерушісі