Аймақта су тасқынына қамданыс күшейді. Себебі Қарағанды облысы су басу қаупі жоғары өңірлердің қатарында тұр. Бұған дейін көмірлі өлкеге Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен келіп кеткен еді. Үкімет мүшесі облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен бірге су тасқыны кезеңіне дайындықпен танысты. Су басу қаупі бар аумақтарды әуеден шолып шығып, аудандарға барды.
Биыл облыстағы Көкпекті, Байқадам, Ботақара, Ақсу-Аюлы, Красная Поляна, Құлайғыр ауылдары су басу қаупі жоғары мекендер қатарына еніп отыр. Және Нұра мен Шерубай-Нұра өзендерінің бойында, Самарқанд, Жартас және Шерубай-Нұра су қоймалары маңында орналасқан өзге де ауылдарға төнген қауіп бар.
Өңірде барлығы 217 гидротехникалық нысан бар. Қазір су басу қаупі бар 139 елді мекен анықталды. Онда 19 мыңнан астам адам тұратын төрт мыңнан аса тұрғын үй орналасқан. Сондай-ақ 130 автомобиль және теміржол учаскесі ерекше бақылауда тұр.
Солардың бірі Самарқанд су қоймасының көлемі 194,6 млн текше метр. Қазір бұл қоймадан су жіберіп отыр. Мұндай жұмыстар Шерубай-Нұра және Жартас су қоймаларында да жүргізілуде.
Қазір облыстағы ахуал бақылауда. Тиісті органдар қырағылық танытып отыр.
– Өзендер мен гидротехникалық құрылыстар қысқы режимде жұмыс істеп тұр. Өңірде Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларындағы гидротехникалық құрылыстарда санитарлық су жіберу жалғасуда. Елді мекендерден қар шығару, арықтар мен каналдарды аршу, инертті материалдар мен қап дайындау ұйымдастырылды. Азаматтық қорғау күштері мен жергілікті атқарушы органдардың барлық күш-құралы дайындықта, – дейді Қарағанды облысы ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Қанат Ысқақов.
Көктемге дайындық басталғалы облыста 25 шақырым қорғаныс бөгеттері күшейтілді. 28 шақырымнан астам өзендер арнасы тазартылып, 21 шақырым дренаждық және су бұру жүйелері аршылды. Сондай-ақ елді мекендердің көшелерінен 1 млн 200 мың текше метр қар шығарылды.
1 наурыздан бастап азаматтық қорғау күштері жоғары дайындық режиміне көшірілді. Қажет болған жағдайда 3,5 мыңнан астам адам мен мыңнан аса техника тартылады.
Қазіргі уақытта облыста «Көктем – 2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтуде. Мұнда жеке сектордағы қарды шығару, арықтар және каналдарды тазарту шаралары атқарылады. Және құтқарушылар су тасқыны жағдайындағы іс-қимыл алгоритмін пысықтады. Шара барысында құтқару және инженерлік бөлімшелердің жағдай күрделенсе атқаратын іс-әрекеті жан-жақты қарастырылды. Құтқару қызметтері жауынгерлік әзірліктен бастап, техниканы су басқан өңірлерге жеткізуге дейінгі жоспарды дайындықтан өткізді. Инженерлік және арнайы техниканы теміржол платформаларына тиеу жұмыстары жүргізілді. Мұндай тәсіл қажеттілік туындаған жағдайда елеулі күштерді алыс қашықтыққа жедел жеткізуде қолданылады.
Бұдан бөлек, су басуы ықтимал аймағынан тұрғындарды эвакуациялау, халықты қабылдау пунктерін ұйымдастыру мәселелері пысықталды.
Қазір облыста ауа температурасы бір қалыпты. Күн ай соңына дейін күрт жылымауы мүмкін. Бұл да өңірдегі су басу қаупін азайтуға тиіс дейді мамандар.
Манас АҚСАРЫ
