Қарағандылық ұландықтар алғашқылардың бірі болып референдумда дауыс берді

Қарағанды қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5451 әскери бөлімінің әскери қызметшілері республикалық референдумда алғашқылардың бірі болып дауыс берді.

Әскери бөлім аумағындағы дауыс беру учаскесі таңғы сағат 06:00-де өз жұмысын бастап, ең алғаш болып әскери командирі полковник Рауан Сарсенгалиевич өз таңдауын жасады. Жеке құрамда өз азаматтық таңдауларын жасауға белсенді түрде қатысты. Әскери қызметшілер белгіленген тәртіпке сәйкес келіп, ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға өз үлестерін қосты.

Референдум барысында әскери бөлімде барлық қажетті жағдайлар жасалып, дауыс беру үдерісі ұйымдасқан түрде өтті. Ұландықтар азаматтық жауапкершілік танытып, қоғамдық-саяси маңызы зор науқанға белсенді қатысу арқылы өздерінің ел тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетті.

Айта кету керек, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері еліміздегі маңызды шаралардан тыс қалмай, әрдайым қоғамдық өмірге белсенді араласып келеді. Референдумға қатысу – олардың Отан алдындағы әскери борышымен қатар, азаматтық парыздарын да адал атқарып жүргенінің айқын көрінісі.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі