Ел халқы таңдауын жасады

Биылғы жылдың 15 наурызы ел тарихында маңызды күндердің бірі ретінде қалды. Себебі сол күні ел халқы Конституцияның жаңа мәтінін қолдап дауыс берді. Енді бұл дата Конституция күні ретінде атап өтілмек. 

Дүйсенбі күні Орталық референдум комиссиясы алдын ала нәтижелерге сүйене отырып дауыс беру көрсеткіштері туралы хабарлады. Референдумда 9 млн 127 мың 192 адам немесе дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 73,12 пайызы таңдау жасады. Жалпы, референдумға қатысуға құқығы бар 12 млн 482 мың 613 ел азаматы тіркелді. Ал референдумға шығарылған мәселенің оң шешімін дауыс берушілердің 87,15 пайызы, яғни 7 млн 954 мың 667 адам таңдады.

Референдум күні ел халқы таң бозынан дауыс беру учаскелерінен ағылды. Алғашқылардың бірі болып Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та  Елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан №51 референдум учаскесінде дауыс берді. Президент осы жерде отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өткізіп, референдумның еліміздің дамуы мен келешегі үшін маңызды екенін атап өтті.

– Бүгін еліміздің тағдырын айқындайтын күн. Баршаңызға құтты болсын! Шын мәнінде, бұл – тарихи құжат. Ол азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Сондықтан оның маңызы өте жоғары. Жаңа Конституция еліміздің, жеріміздің тұтастығын, Тәуелсіздігі мен Егемендігін қорғайды. 1995 жылы қабылданған Конституция ерекше рөл атқарды. Еліміз 35 жыл осы құжатпен өмір сүрді. Бірақ заман бір орында тұрмайды. Сол себепті жаңа Конституция қабылдайтын уақыт келді. Бұл жұмысқа мен де белсене атсалыстым. Конституцияның преамбуласын және басқа да нормаларын өзім жаздым. Жаңа Ата заң ел игілігіне, келешегіне қызмет етеді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қарағандылықтар да бұл күні белсенді дауыс берді. Аймақтағы жалпы электораттың 84,30 пайызы өз таңдауын жасады. Еліміз бойынша кешкі сағат 8-де аяқталған республикалық референдум Қарағанды облысында да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Өңір тұрғындары маңызды саяси науқанға белсенді қатысып, өз азаматтық таңдауын жасады. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та №17 референдум учаскесінде өз таңдауын жасады. Аймақ басшысы бұл әрбір қазақстандықтың ел болашағына деген жауапкершілігін білдіретін маңызды қадам екенін атап өтті.

– Мен бүгін Қазақстан Республикасының азаматы ретінде еліміздің, өзімнің және балаларымның болашағы үшін таңдау жасауға келдім. Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер мен тың бастамалардың негізі. Әр азаматтың бүгінгі таңдауы ел дамуының алдағы онжылдықтардағы бағытын айқындайды, – деді аймақ басшысы.

Бұл учаскеде тұрғындар белсенділігі таңнан байқалды. Учаскеде 2 222 азамат тіркелген. Олардың арасында 59 жас алғаш рет таңдауын жасады.

Жалпы облыс бойынша референдумға 651 комиссия ашылды. Оның ішінде 14 аумақтық және 637 учаскелік комиссия жұмыс істеді. Сондай-ақ бұлардың қатарында азаматтар уақытша ұсталатын мекемелерде құрылған учаскелер де бар. Комиссия құрамында 4 мыңнан астам мүше қызмет атқарды. Облыстық референдум комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркеновтің айтуынша, олардың барлығы дерлік тәжірибелі мамандар.

– Аймақта дауыс беру құқығына ие 757 мыңнан астам азамат тіркелген. Комиссиялардың құрамына тартылған азаматтардың барлығы мінсіз қызмет атқарды. Олардың басым бөлігі – бұған дейін сайлау немесе референдум науқандарында тәжірибе жинақтаған мамандар, – деді облыстық референдум комиссиясының төрағасы.

Азаматтардың құқықтарын толық қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатысуына жағдай жасалды. Учаскелерде пандустар орнатылып, арнайы дауыс беру кабиналары қарастырылды. Сонымен қатар өңірде 140 инватакси қызметі ұйымдастырылып, 74 сурдоаудармашы онлайн форматта жұмыс істеді.

Референдумның ашық әрі жариялы өтуіне байқаушылар да өз үлесін қосты. Облыс аумағында 17 қоғамдық ұйымның өкілдері бақылау жүргізді. Түркі мемлекеттері ұйымы миссиясы референдум заңға сай өткенін атап өтті. Референдум күні миссия Астана қаласындағы 31 дауыс беру учаскесінде мониторинг жүргізді. Ұйымның Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаманның айтуынша, миссия әкімшілік немесе құқық қорғау органдарының дауыс беру учаскелерінің жұмысына араласуын байқамаған. Адамдар өз еркімен келіп дауыс берген. Ал Ислам ынтымақтастығы ұйымының бақылаушылары референдумның алдын ала нәтижелері Қазақстан халқының өз елінің конституциялық болашағын қалыптастыруға белсенді қатысып отырғанын көрсетенін айтты. Ұйымның Бас хатшылығы Азия басқармасының басшысы Имран Садихов референдумның бейбіт әрі тәртіппен өткенін жоғары бағалайтынын және халықаралық байқаушылардың жұмысына қолдау көрсеткені үшін ел билігіне алғыс білдірді.

Референдум күні Мемлекет басшысы жастармен кездесіп, әңгімелескен еді. Осы жерде Президент енді 15 наурыз Конституция күні ретінде атап өтілетінін айтты. Және бұл күннің тарихи күн екенін атап өтіп, жастарға ризашылығын білдірді. «Мен басқа да мемлекеттердің конституцияларымен танысып шықтым. Біздің Конституциямыз ең үздік Ата заңдардың қатарында тұрады деп сеніммен айта аламын», – деді Президент. Сонымен қатар жаңа Конституция, ең алдымен, жастарға арналғанына назар аударды. Ата заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновация, жасанды интеллект сияқты ұғымдар енгізілгеніне тоқталды. «Алдымызда жұмыс көп. Енді жазда Парламент сайлауы өтеді. Оны бір ел болып атқаруымыз керек. Бұл жастардың парламенті болуы қажет деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Кездесуде жастар өкілдері бір ай ішінде түрлі форматта 5 мыңға жуық кездесу өткізіп, оған 1,5 миллионнан аса азамат қатысқанын жеткізді. Сондай-ақ елімізде қолға алынған өзгерістердің барлығын қолдайтынын айтты.

Жалпы, бұл референдум ел өміріндегі маңызды бетбұрыс ретінде тарихта қалды. Себебі жаңа Конституция Қазақстан дамуындағы басты құжат екені белгілі.

Манас АҚСАРЫ