Еңбек нарығында өсім бар

Халықтың әл-ауқатын көрсететін негізгі көрсеткіштің бірі – жұмыспен қамту деңгейі. Бұл бағытта облыста жүйелі жұмыс жүргізіліп, еңбек нарығында оң динамика қалыптасып отыр. Бұған мемлекеттік бағдарламалар мен өңірлік бастамалардың ықпалы зор. Яғни жобалардың арқасында жаңа жұмыс орындарын ашылып, азаматтардың кәсіби даярлығын арттыруда нақты нәтиже бар.

Кейінгі ресми деректерге сәйкес, 2025 жылы облыста жұмыссыздық деңгейі шамамен 4 пайыз деңгейінде қалыптасты. Бұл – республикалық орташа деңгейден төмен көрсеткіш. Қазір өңірде 20 мыңнан астам жұмыссыз адам бар. Ал биылғы жылдың басындағы мәліметтер бойынша жұмыспен қамту органдарында тіркелген жұмыссыздар саны 4 мыңнан асты. Мамандар мұны еңбек нарығындағы тұрақтылықтың бір белгісі ретінде бағалап отыр.

Жалпы алғанда, Қазақстан бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз шамасында, ал жұмыспен қамтылған халықтың үлесі 64,7 пайызға жетті.

Облыстағы еңбек нарығы тұрақты дамып келе жатыр. Былтырғы жылдың басынан бері 32 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде шамамен үштен бірі жаңадан құрылған жұмыс орындарына орналасты. Бұл көрсеткіш өңірдегі экономикалық белсенділіктің артқанын және инвестициялық жобалардың іске асып жатқанын аңғартады. Сонымен қатар, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, мемлекеттік бағдарламалар және жеке сектордың дамуы жұмыспен қамту деңгейінің өсуіне ықпал етуде.

Мемлекеттік бағдарламалар жұмыспен қамтуда басты құралдың біріне айналды. Өңірде жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында бірқатар мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Олардың қатарында «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімі», «Күміс жас» және «Алтын жас сияқты жобалар бар. Бұл бастамалар жастарды, зейнет жасына жақындаған азаматтарды және әлеуметтік осал топтарды еңбек нарығына тартуға бағытталады. Сонымен қатар, «JUMYS TAP» жобасы аясында тұрғындарға кәсіби бағдар беру, жұмыс іздеу және қайта даярлау бойынша кешенді көмек көрсетілуде. Жоба қатысушыларының басым бөлігі сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытылып, кейін тұрақты жұмысқа орналасуда.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, жұмыспен қамту – халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі.

– Тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне кешенді әрі жүйелі түрде қарау қажет. Кәсіби оқытуды жалғастырып, зейнет алды жастағы азаматтарды жұмысқа тарту үшін кәсіпорындарды ынталандыру қажет. Сондай-ақ «Алтын жас» пен «Жұмыс тап» сияқты жобаларды дамыту және әлеуметтік осал топтарға қолдауды күшейту маңызды. Өңірдің әлеуетін барынша тиімді пайдалануымыз керек, – дейді аймақ басшысы.

Кәсіпкерлікті дамыту да жаңа жұмыс орындарының негізгі көзінің бірі болып отыр. Шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсету нәтижесінде азаматтар өздерін өздері жұмыспен қамтып, жаңа жұмыс орындарын да құрып отыр.

Өңірде кәсіпкерліктің негіздерін үйрету қолға алынған. Былтыр «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында жеке ісін ашуға немесе кеңейтуге 225 грант берілді. Бұл бастама өз жемісін берді. Аймақта жаңа ательелер, дүкендер, шеберханалар мен өндіріс цехтары ашылып жатыр. Гранттар бойынша өтінім беру және есеп тапсыру процесі толық автоматтандырылған.

Жұмыспен қамтудың тиімді тетіктерінің бірі – бос жұмыс орындары жәрмеңкелері. Былтыр осындай шаралар арқылы 3 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Қарағанды облысы – еліміздегі ірі өнеркәсіптік өңірлердің бірі. Сондықтан жаңа өндірістерді іске қосу жұмыспен қамтуға тікелей әсер етеді. Өңірдегі жұмыспен қамтудың артуы өнеркәсіптің дамуына да байланысты. Өткен жылы 15 жаңа өндіріс іске қосылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бұл кәсіпорындарда технологиялық желі операторлары, кран машинистері, электрмонтерлер және басқа да мамандар еңбек етіп жүр. Облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімовтің айтуынша, жаңа нысандардың әсері мол болып тұр.

– Облыста ондаған кәсіпорын ашылды. Мәселен, Тек «Тэмпо Казахстан», «Тау-Кен Темір», «Qaragandy Power Silicon» секілді кәсіпорындардың өзінде шамамен 600 жаңа жұмыс орны ашылды, – деді Әлібек Молдакәрімов.

Биыл қосымша мыңнан астам адамды, ал 2027 жылы 600-ден астам тұрғынды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Кейінгі уақытта еңбек көші-қоны мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Қарағанды облысында еңбекші мигранттардың жағдайын жақсарту, олардың құқықтарын қорғау және еңбек нарығын тиімді реттеу бағытында арнайы кездесулер мен талқылаулар жиі өткізіледі. Бұл өз кезегінде өңірдегі еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға және заңсыз жұмыспен қамтуды азайтуға ықпал етеді.

Жалпы, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асуы, жаңа өндірістердің ашылуы және кәсіпкерлікті қолдау шаралары өңірдегі еңбек нарығын тұрақтандыруға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысын арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту басты басымдықтардың бірі болып қала бермек.

Манас АҚСАРЫ