Президент тапсырмасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» бастамасының маңызы күннен-күнге арта түсуде. Қазақстанда оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бұл жобаның жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетін арттырудағы орны ерекше.
Облыс жұртшылығы жобаға оқушыдан бастап мемлекеттік қызметші, отбасыларға дейін қатысып жатқанын біледі. Алты санаттың ішіндегі қатысушылар саны жағынан ең белсенді топ – «Кітап оқитын мектеп» санаты. Алты ай бұрын 6–10 сынып оқушыларына әр сыныптың жас ерекшелігі мен қабылдау деңгейіне сай 15 кітаптан ұсынылған болатын. Тізімде қазақ және шетел әдебиетінің таңдаулы шығармаларымен қатар, психологиялық және мотивациялық бағыттағы, тұлғалық дамуға ықпал ететін кітаптар да кеңінен қамтылды.
Сәуірдің алтысы күні оқушылар алғашқы тестілеуден, мектепішілік кезеңнің сынағынан өтіп, бәрі болмаса да, көпшілігі көркем әдебиетпен қатар, адамның таным көкжиегін кеңейтетін, өзін-өзі дамытуға жетелейтін еңбектерді жүйелі түрде оқығанын көрсетті.
Жобаны жүзеге асыруда Жобалық кеңсе тарапынан қыс бойы ауқымды үйлестіру жұмыстары жүргізілгенін атап өту керек. Соның нәтижесінде бастама облыстың барлық аудан, қалаларын қамтып қана қоймай, шалғай ауылдардағы шағын жинақты мектептердің оқушылары да кітап оқушылар қатарына қосылды.
Жоба барысында білім ошақтарында мазмұнды іс-шаралар қолға алынды. Мектеп кітапханалары жаңартылып, заманауи әдебиеттермен толықтырылды, цифрлық ресурстар енгізілді. Сонымен қатар әдеби клубтар, пікірталастар, эссе және көркем оқу байқаулары ұйымдастырылып, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға жағдай жасалды. Ата-аналардың қатысуымен отбасылық кітап оқу дәстүрі де нығая түсті.
Кітап оқу – тек білім алу емес, ол – тұлға қалыптастырудың негізі. Ғылыми деректерге сүйенсек, тұрақты кітап оқитын оқушылардың сөздік қоры бірнеше есе артып, ойлау қабілеті айтарлықтай дамиды екен. Сондықтан жас ұрпақтың кітап оқу мәдениетіне ерекше көңіл бөлу бүгінгі күннің басты талабы болмақ.
Алдағы уақытта еліміз үшін ізгілікке іңкәр, білімді, сөйлесе сөзі келіскен, терең ойлы жастарды қалыптастыру – стратегиялық маңызы бар міндет. Ал мұндай қасиеттердің негізі кітап арқылы қаланады.
Жобалық кеңсе менеджері ретінде мен үшін бұл жобаның нәтижесі бәрінен де маңызды. Оқушылардың жаңадан жарық көрген кітаптарды қызығушылықпен оқып, бұрын-соңды таныс болмаған мотивациялық еңбектермен және шетел әдебиетімен сусындауына мүмкіндік туғаны – үлкен жетістік. Бұл олардың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, рухани тұрғыдан да өсуіне ықпал етті.
Біз бұл жолда ұтпасақ та, ұтылмаймыз, өйткені кітап оқыған әрбір жас талап ішкі жан дүниесіне сілкініс жасауға тырысса, бұл – оның жеңісі. Алдағы уақытта бұл бастама көпшілік сипат алып, оқырман ұрпақтың қатары арта түседі деп сенеміз.
Жұпар ЖАҚАН,
жобалық кеңсе менеджері
