Келелі кеңес

Қарағанды облысында «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму мәселелері жөніндегі кеңес пен Экологиялық кеңестің отырыстары өтті. Жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық дамуының негізгі бағыттары, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру мәселелері қаралды.

Өңірлік даму мәселелері жөніндегі кеңестің отырысы кеңес төрағасының орынбасары, Шахтинск қалалық мәслихатының депутаты А.К.Омарбековтың төрағалығымен өтті. Отырысқа партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Г.Ш. Қожахметова, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Д.К. Әшкенов, жеті аудан әкімдерінің орынбасарлары, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, сондай-ақ партияның аумақтық филиалдарының қызметкерлері қатысты.

Отырыс барысында кеңестің 2025 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылып, 2026 жылға арналған жұмыс жоспары қаралды. Сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға қатысты өзекті мәселелер, оның ішінде «төртінші деңгейдегі бюджет» тетігін енгізу және жетілдіру мәселелері талқыланды.

Отырысты ашқан А.К.Омарбеков жергілікті өзін-өзі басқаруды жүйелі түрде дамыту өңірлердің тұрақты өсімінің негізгі факторы екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі күні атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып қана қоймай, жергілікті жерлердегі бюджеттік саясатты одан әрі жетілдірудің нақты тетіктерін айқындау маңызды.

Қатысушылар жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттерінің кіріс базасын қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, ауылдық округтер, кенттер мен аудандық маңызы бар қалалардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында оларға жекелеген салықтар мен төлем түрлерін бекіту ұсынылды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Д.К.Әшкенов салық түсімдерін бөлудің бірыңғай әрі тұрақты тәсілдерін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Ол жергілікті бюджеттерге бекітілетін жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықтың үлесін айқындау, сондай-ақ оларды өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып орта мерзімді нормативтер арқылы бөлу қажеттігін жеткізді.

Отырыс қорытындысы бойынша көтерілген мәселелер мен ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне жолдау туралы шешім қабылданды.

Сол күні партияның Қарағанды облыстық филиалы жанындағы Экологиялық кеңестің отырысы облыстық мәслихат депутаты М.А. Махатчинаның төрағалығымен өтті.

Отырыс аясында кеңестің 2025 жылғы жұмыс қорытындылары қаралып, 2026 жылға арналған қызмет жоспары бекітілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясының ережелерін іске асыру мәселелері талқыланды.

Партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының тармақтарын орындау, оның ішінде экологиялық бағыттағы міндеттер мен халықтың экологиялық мәдениетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Экологиялық кеңес отырысының қорытындысы бойынша қоршаған ортаны қорғау және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты одан әрі жетілдіруге арналған тиісті ұсынымдар қабылданды.

Өткен отырыстар өңірлердің қаржылық дербестігін нығайтуға, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік берген тиімді диалог алаңына айналды.

Әділ БЕК