2026 жылғы 3 сәуірде Қарағанды медицина университетінде «Елтану» және ғылыми коммуникация контекстіндегі Жаңа Қазақстан» атты университетішілік студенттік ғылыми-теориялық конференция өтті. Университеттің «Тілдерді дамыту орталығы» ұйымдастырған бұл шара кәсіби медициналық коммуникациядағы тілдің рөлін айқындауға гуманитарлық және медициналық пәндердің ықпалдасуына бағытталды.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде м.ғ.д., профессор В.Б.Молотов-Лучанский және ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Д.А. Клюев студенттердің ғылыми бастамаларының маңыздылығын атап өтті. Пленарлық отырыста студенттер қазақ медицинасының тарихи мұрасы, медициналық терминологияны әртүрлі тілдерде аудару мен қолдану мәселелері, сондай-ақ XXI ғасырдағы Қазақстан медицинасындағы қарқынды даму тақырыптарында үш тілде баяндамалар жасады.
«Елтану» және «Тұлғатану» жобаларын іске асыру бағытында ұйымдастырылған студенттік конференция, пленарлық отырыстан кейін, өз жұмысын үш тақырыптық секция бойынша жалғасты. Олардың әрқайсысы ғылыми пікірталас пен тәжірибе алмасуға арналған арнайы алаң болды. 1 курс студенттеріне ғылыми жұмыс орындаудың баспалдағы болған бұл конференция, бәсекеге қабілетті, жаһандық еңбек нарығына бағдарланған медициналық мамандарды даярлауда көптілді білім берудің маңызын айқындады.
Іс-шара соңында үздік баяндамалар атап өтіліп, белсенді қатысушыларға сертификаттар мен арнайы номинациялар табысталды.
Конференция студенттік ғылымның қарқынды дамып келе жатқан әлеуетін және болашақ медицина мамандары арасында академиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын айқын көрсетті. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жоғары білім беру мен ғылыми коммуникацияның дамуына маңызды үлес қоса береді деп күтілуде.
Бағлан КАУКЕРБЕКОВА,
ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор
