Қоғамдағы қарым-қатынастың сапасы, мемлекеттік қызметтің беделі, тіпті ұлттың мәдени келбеті де ең алдымен сөйлеу әдебіне байланысты. Ойды анық жеткізу, тілдік нормаларды сақтау, көпшілік алдында сенімді сөйлеу – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Осы тұрғыда Қарағанды облысында қолға алынған «Сөйлеу мәдениеті» курсы – тіл мәдениетін жетілдіруге бағытталған маңызды бастама.
Аталған 36 сағаттық курс «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» 1997 жылғы 11 шілдедегі №151 Заңы мен Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына (1-бағыт, 8-тармақ және 6-бағыт, 29-тармақ) негізделген. Ұйымдастырушысы – Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы.
Курс 13 сәуір күні бастау алды. Жоба 17 сәуірге дейін жалғасады. Бұл – 2026 жылдың сәуір-маусым айларына жоспарланған ауқымды бағдарламаның алғашқы легі. Негізгі мақсат – көпшілік алдында сөйлеу шеберлігі мен мәдениетін меңгерген, өзін еркін ұстайтын, ойын жүйелі жеткізе алатын, тілдік нормаларды сақтайтын, БАҚ өкілдеріне еркін сұхбат бере алатын білікті мамандар даярлау.
Алғашқы лекке Қарағанды облысының 8 өңірінен аудандық және қалалық әкімдіктерден 15 маман қатысып отыр. Жалпы курсқа мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің қызметкерлері, түрлі деңгейдегі әкімдік өкілдері, басқармалар мен департаменттердің басшылары мен мамандары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тартылған.
Курстың мазмұны да, спикерлік құрамы да ерекше назар аудартады. Тыңдаушылармен тәжірибелі мамандар – «Сенімен болашақ» ҚБ Қарағанды облыстық филиалының басшысы Индира Тоқмурзина, тележүргізуші, журналист Гүлнұр Жакен, Президенттік радиокешені жанындағы «Қазақпарат-Қазинформ» халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі Айзада Ағылбаева, Қарағанды облыстық «Сарыарқа» арнасының дикторы Райхан Сайранбек, психолог-коуч, п.ғ.м. Жанна Қабылбекова, Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Аида Бекова, сондай-ақ Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының бөлім басшысы, п.ғ.м. Жұпар Жақан тәжірибе бөлісуде.
Қатысушылар курс барысында сөйлеу мәдениетінің қағидаларын терең меңгеріп, ойды нақты әрі әсерлі жеткізу дағдыларын дамытады. Сонымен қатар көпшілік алдында сенімді сөйлеу техникасын үйреніп, кәсіби және іскерлік коммуникацияны жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік алады. Интерактивті форматтағы сабақтар, тәжірибелік тапсырмалар мен пікір алмасу алаңы тыңдаушылардың жаңа көзқарас қалыптастыруына жол ашпақ.
Жоба маңыздылығына тоқталған Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Алма Шалабаева: ««Сөйлеу мәдениеті» жобасы республика бойынша бірінші рет өткізіліп отыр. Бағдарламаны мемлекеттік қызметшілерге лайықтап жасадық. Мимика, дауыс ырғағы басқа да дүниелерге қатысты мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап өте жоғары. Әсіре сұхбат беру, хат алмасу, қоғаммен байланыс кезінде аса қажет болады», – деп атап өтті.
Қорыта айтқанда, тіл мәдениетін көтеру – тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның сапасын арттыратын фактор. «Сөйлеу мәдениеті» курсы осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нақты көрінісі деуге толық негіз бар.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ
