Өңірлік дамудың жаңа серпіні

Қазақстан Үкіметінің 2025 жылғы 14 ақпандағы қаулысымен Қарағанды агломерациясын 2029 жылға дейін дамытудың кешенді жоспары бекітілгені белгілі. Бұл құжат өңірдің теңгерімді әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық бастама саналады.

Агломерацияның орталығы – Қарағанды қаласы. Оның құрамына Ақтау, Саран, Ақтас, Шахтинск кенттері, Шахан, Долинка, Новодолинский елді мекендері, Абай қаласы, сондай-ақ Абай ауданының бес, Бұқар жырау ауданының он жеті және Осакаров ауданының бір ауылдық округі кіреді. Жалпы аумағы 7,7 мың шаршы шақырымды қамтитын агломерацияға 33 елді мекен біріктірілген. Бұл аумақтардың барлығы Қарағанды қаласынан 30 шақырымдық көліктік қолжетімділік аймағында орналасқан. Қазіргі таңда агломерация халқының саны шамамен 870 мың адамды құрайды.

Алдағы бес жылда жаңа өндірістерді іске қосу есебінен өңірде 17 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,5 трлн теңгеге дейін өсіп, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 71 пайызға жетеді деген болжам бар. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына, жұмыспен қамтудың артуына жол ашады.

Өңірдегі бұл ауқымды жұмыстар «Халықтың табысын 2029 жылға дейін арттыру бағдарламасымен» тығыз байланысты жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама аясында жұмыспен қамтуды кеңейту, кәсіпкерлікті қолдау және индустриялық жобаларды іске асыру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде.

Ресми мәліметтерге сәйкес, Қарағанды облысында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер оң динамика көрсетіп, экономикалық өсім 5,4 пайызды құрады. Бұл – өңір экономикасының тұрақты даму жолына түскенінің айқын белгісі. Жұмыспен қамту саласында да ілгерілеу байқалады. 2024 жылы облыста 49 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, жұмыспен қамтылғандар санын 222,7 мың адамға жеткізу міндеті қойылды. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері тұрақты өткізіліп, мыңдаған азамат тұрақты еңбекке тартылуда.

Инвестициялық белсенділік те артып келеді. 2025 жылы өңірде 36 инвестициялық жоба іске асырылып, өңдеу өнеркәсібінде өсім 111,5 пайызға дейін жетті. Ал 2031 жылға дейін 108 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар шамамен 11 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Шағын және орта бизнесті дамыту бағытында да нақты қолдау шаралары қолға алынған. «Ауыл аманаты» жобасы мен жеңілдетілген несиелер беру арқылы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларына серпін берілуде. Соңғы кезеңде мыңнан астам грант пен микронесие беріліп, нәтижесінде 2 700-ден астам жаңа бизнес субъектісі құрылған.

Өңірді дамытуда тұрғындардың белсенділігі де ерекше рөл атқарады. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында аулаларды абаттандыру және инфрақұрылымды жақсарту бойынша ұсыныстар қаржыландырылып, бұл бағыттағы қаражат көлемі үш есеге артқан.

Сонымен қатар 2024-2026 жылдарға арналған облыс бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған. Атап айтқанда, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл тұрғындардың өмір сапасын арттыруға негіз болады.

Жалпы алғанда, Қарағанды агломерациясын дамыту және халық табысын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар өзара сабақтасып, өңір экономикасына жаңа серпін беріп отыр. Инфрақұрылымдық даму, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, кәсіпкерліктің кеңеюі және әлеуметтік саланың нығаюы – осының бәрі халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған кешенді саясаттың нәтижесі.

Алдағы жылдары бұл бастамалардың толық іске асуы Қарағанды өңірін еліміздің экономикалық тұрғыдан ең дамыған әрі өмір сүруге қолайлы аймақтарының біріне айналдыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ