Еуропалық иммундау апталығы – Қарағанды қаласында

Жыл сайын сәуір айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бастамасымен Еуропалық иммундау апталығы өткізіледі. Бұл халықаралық шараның негізгі мақсаты – халық арасында вакцинацияның маңыздылығын арттыру, жұқпалы аурулардың алдын алу және әрбір адамның екпе алу арқылы өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру.

Биылғы жылы қаламызда 2026 жылыдың 19-25 сәуір аралығында «Вакциналар әрбір ұрпақ үшін жұмыс істейді» ұранымен Еуропалық иммундау апталығы өткізіледі.

Иммундау – инфекциялық аурулардың алдын алудың ең тиімді, қауіпсіз әрі ғылыми дәлелденген әдісі. Нәресте дүниеге келгенде ол туғандарымен ғана танысып қоймайды, ол маңайындағы миллиондаған бактериямен, вирустармен де танысады. Негізінен бала стерильді болып дүниеге келеді, оның ең басты қорғаны анасынан берілген антиденелер, бірақ ол уақыт келе жойылады, сол себепті бактерия мен вирустардан қорғануы қажет. Екпе жасау арқылы баланы инфекциялық аурулардан қорғай аламыз. Екпе жасау арқасында нәтижесінде өзін қорғайтын иммунитет жасайды.

Вакцинацияның арқасында бұрын кең таралған және өлім-жітімге әкелген көптеген аурулар бүгінде сирек кездеседі немесе мүлдем жойылуға жақын. Олардың қатарына қызылша, қызамық, көкжөтел, дифтерия, полиомиелит сияқты жұқпалы аурулар жатады. Алайда соңғы жылдары кейбір елдерде екпеден бас тарту жағдайларының артуына байланысты бұл инфекциялар қайта тіркеле бастады. Бұл – вакцинацияның маңыздылығын тағы бір дәлелдейді.

Иммундаудың тағы бір маңызды қыры – ұжымдық иммунитет қалыптастыру. Егер халықтың басым бөлігі вакцина алса, инфекцияның таралу тізбегі үзіледі. Бұл әсіресе нәрестелер, қарт адамдар және созылмалы аурулары бар азаматтар сияқты екпе ала алмайтын немесе иммунитеті әлсіз топтар үшін аса маңызды қорғаныс болып табылады.

Елімізде иммундау жұмыстары ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Балаларға туғаннан бастап бірнеше кезең бойынша профилактикалық екпелер салынады. Бұл жүйе олардың денсаулығын ерте жастан қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар эпидемиологиялық көрсеткіштерге байланысты ересектерге де қосымша вакцинация ұсынылуы мүмкін.

Еуропалық иммундау апталығы аясында елімізде түрлі ақпараттық-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Дәрігерлер мен эпидемиологтар халыққа вакцинацияның пайдасы мен қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, ашық есік күндері, дәрістер мен семинарлар өткізіледі. Бұл шаралар жалған ақпараттың алдын алып, халықтың сенімін арттыруға бағытталған.

Қазіргі таңда кейбір адамдар арасында вакцинаға қатысты қате пікірлер мен қорқыныштар кездеседі. Алайда ғылыми зерттеулер мен халықаралық тәжірибе вакциналардың қауіпсіз әрі тиімді екенін дәлелдеп отыр. Вакцинадан кейінгі жеңіл реакциялар (дене қызуының көтерілуі, екпе орнындағы ауырсыну) қалыпты жағдай болып табылады және қысқа уақыт ішінде өздігінен өтеді.

Қорытындылай келе, иммундау – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең сенімді жолы. Әрбір азамат өз денсаулығын қорғап қана қоймай, қоғамның қауіпсіздігіне үлес қосу үшін вакцинациядан өтуі қажет. Еуропалық иммундау апталығы – осы маңызды мәселеге назар аударып, салауатты қоғам қалыптастыруға шақыратын маңызды бастама.

Сабыржан ҚЫРҒЫЗАЛИН,

Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының

санитариялық-эпидемиологиялық бақылау

басқармасының басшысы