Өмір деген қызық небір тосынсыйларға толы. 2022 жылдың қыркүйек айы болатын, маған мүлде таныс емес бір нөмірден хабарласып «…мына портрет туралы білгім келеді, бұл менің анамның суреті еді», деген жас жігіттен хабарлама келді. Бұл Розаның портреті деп аталатын Қазақ ССР-інің Еңбек сіңірген өнер қайраткері Мыңғыш Мәуленұлы Әбілқасовтың қаламынан шыққан туынды болатын. Бұл портрет бүгінгі күнде Алматы қаласындағы Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде сақтаулы.
Розаның ұлы Болат біздің музейдің әлеуметтік желіде жарияланған сюжеттен (Бұл сюжетті жасаған мен болатынмын) анасының суретін көріп қалып, мама сіздің фотоңызды көрдім, музейге хабарласайықшы портрет жайлы білейікші деп өтініш білдіріпті.
Болат қазіргі күнде Балқаш қаласында тұрып, еңбек етіп жатыр. Сөйтіп Розаның ұлы Болат өзі маған музейге хабарласып «…осы сурет жайлы айтыңызшы бұл менің анамның портреті деп өтініш білдірді». Маған да бұл суреттің тарихы қызық болды. Сөйтіп Болаттан анасының телефон нөмірін алып, Роза апаймен хабарластым. Өте қарапайым, жайдары адам екен, бірден бұрыннан таныс адамдай сөйлесіп кеттік.
Розаның естелігінен «…Мен өзім де Жаңаарқада туып өстім, қазірде сол Жаңаарқада тұрамын, – деп бастады Роза әңгімесін. Сол кезде біз Миша ағаның (Мыңғыш ағаны барлығы солай атайтын) қолымен салған үйінде тұрғанбыз. Мыңғыш аға менің әкемнің туған ағасының баласы. Олар екі ағайынды болды, Мәулен және Рысқұл. Мәуленнен Мыңғыш, Рысқұлдан менің әкем туған, Мәулен аға өмірден ерте қайтты да Алтын тәте (Мыңғыштың қарындасы), Мыңғыш аға, Болат аға үшеуі сол үйде тұрды. Біз жақсы араластық. Мыңғыш аға салған сол біз тұрған үй әлі бар, бірақ қазір онда басқа адамдар тұрып жатыр. Ол кезде Мыңғыш аға студент. Алматыдан жазғы демалысқа келген кезде қашанда мені отырғызып қойып портретімді салатын, ағамыздың салған портреттері көп болатын, кейде менің үлкен ағам екеуміздің портретімізді бірге салатын. Осы әлеуметтік желіде жарияланған суретті көргенде көзіме оттай басылды. Балалық балғын шағым көз алдымнан өтті», – дейді Роза.
– Мен 8 классты бітірген соң (ол кезде училищеге 8 класстан соң түсетін) әкем мені Қарағандыға Мыңғыш ағаның шеберханасына («сол кезде 9 қабатқа лифтімен алғаш көтерілген едім», деп бір күліп алды) алып барды да, қарындасыңды өнер училищесіне оқуға түсір, суретші болсын, – деді, әкем менің суретші болғанымды қалады, мен суретші болуды армандамасам да балалық шақта қызығып сурет салатыным бар-тын, бірақ суретші болу қиын шығар деп ол мамандыққа бармадым, – деп еске алады Роза. Ол мүлде басқа мамандықты таңдады. Қазіргі кезде сауда саласында қызметте.
Роза апамыз 1965 жылы туған, портрет 1975 жылы салынған уақытта 10 жасар кезі екен.
М.Әбілқасов өте шебер портретші болатын, бұл портрет те сондай сәтті шыққан туындының бірі. Суретшінің студент кездегі ауылға демалысқа келген кезде машықтанып салып жүрген суретінің бірі болса да, қыз баланың шашы, бет-әлпеті барлығы керемет салынған, көз жанарынан уайымсыз, қайғысыз балалық шақтың келбетін көруге болады.
Қазір Роза Жаңаарқада тұрады. Отбасылы. 4 баланың ардақты анасы, жұбайымен тату-тәтті өмір кешіп жатқан асыл әже, сүйікті жар. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере сүйіп жұбайымен бірге өзі туып өскен, кіндік қаны тамған қасиетті Жаңаарқада еңбек етіп өмір сүріп жатыр.
Фотосуретте Розаның қазіргі кезі қолында немересі бар, бақытты әже.
Музей қызметкерлеріне осындай зерттеу жүргізіп, кейіпкерлермен кездесіп, сол портреттің тарихы жайлы білу әрдайым қызықты да маңызды, Сондықтан да осы сұқбатқа келісім бергені үшін Роза апамызға алғысымды айтқым келеді.
Осыдан екі жыл бұрын басталған сұқбатымыздың нүктесі енді қойылып мақала жазудың сәті енді түсті.
Мейрамгүл ЕЛУБАЕВА,
Мәдениет саласының үздігі.
Қарағанды облыстық
бейнелеу өнері музейі
басшысының орынбасары