Тәуелсіз егемен елдің болашағы- тілін, мәдениетін ұлықтаған ата-баба дәстүрімен туған тілде сусындаған, елінің тілін, тарихын, әдебиетін білетін ұрпақта. Қашанда өсер ел ең алдымен тілін, мәдениетін, ұлттық құндылықтарын құрметтейді. Ана тілімізді құрметтеп, мәртебесін биікке көтеру өз ұлтымыздың алдындағы перзенттік борышымыз. Туған тіліміз-қазақ тілінің өмірдің барлық саласында тамырын тереңге жіберіп дамуына, беделінің жоғары болуына қызмет етіп, өз үлесін қосу әрбір Қазақстан Республикасы азаматының басты парызы. Тіліміздің кең қанат жайып, өркендеуі жолында, қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының ұжымы да өз үлестерін қосып келеді. Осы мақсатта,2026 жылдың 15 сәуірінде «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Қазақ тілі және мәдениеті» кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандитаты, университеттің қауымдастырылған профессоры Әубәкіров Нұрлыбек Маманұлы Астана қаласындағы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына» тәжірибе алмасу аясында іссапарға барып, мол тәжірибе алмасып келді.
Іссапар барысында Н.М. Әубәкіров Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұжымымен кездесіп, қазақ тілін шетелдік аудиторияда оқыту тәжірибелерін талқылады. Кездесу барысында профессор түркітілдес және түркітілдес емес шетелдік студенттермен жұмыс істеудің тиімді әдіс-тәсілдері, тіл үйретуде мәдениет аралық коммуникацияның рөлі және қазіргі педагогикалық технологияларды қолдану жолдары туралы баян етті.
Орталық қызметкерлерімен пікір алмасу кезінде «Түркияда қазақ тілін шетелдік ортада оқыту ерекшеліктері және жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктері» тақырыбында мазмұнды ғылыми-тәжірибелік әңгіме өрбіді.
Н.М.Әубәкіров өз баяндамасында жасанды интеллект негізіндегі тіл үйрету құралдарының (мысалы, автоматты кері байланыс жүйесі, мәтін талдау мен сөйлеуді тану технологиялары) қазақ тілін үйретуде қолданысқа енгізілуінің нәтижелі болатынын атап өтті. Сонымен бірге, қазақ тілін цифрлық кеңістікке бейімдеу және тіл үйрету контентін көптілді ортаға бағыттау қажеттілігі айтылды. Түркия университеттерінде қазақ тілін оқытуға арналған «Қазақ тілі» A1, A2, В1 (түрік тілді аудиторияға арналған) оқу құралы және Шетелдегі қазақ диаспорасына арналған «Қазақ тілі әмбебап оқулығы» (B1, B2) жобасының жетекшісі және авторы Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Ысқақовамен кездесіп тәжірибесімен бөлісті. Іссапар барысында Тіл қазына орталығының мақсаты мен тіл үйретудегі негізгі функцияларымен танысты: «Тіл-Қазына» орталығы еліміздегі тіл саясатын іске асырудың қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізіп келеді.Орталықтың негізгі функциялары:
- мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда ғылыми-әдістемелік сүймелдеуді іске асыру;
- қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің ғылыми-әдістемелік жұмыстарын ұйымдастыру;
- қазақ тілін оқыту әдіснамасын жүйелеу мен стандарттау;
- әдіскерлер мен оқытушыларға әдістемелік көмек көрсету;
- қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді насихаттау;
- оқу-әдістемелік құралдардың мазмұнын әзірлеу, баспадан шығару;
- қазақ тілін оқыту мен үйретуді ақпараттық сүйемелдеу;
- және т.б. Орталықта әр жылдарда оқу-әдістемелік құралдар жарық көрді, атап айтқанда:
- «Мәртебелі сөз»;
- «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшісінің тілдік портфелі»;
- «Жаңа толқын»;
- «Қазақ тілі» деңгейлік оқулықтары;
- «Орысша-қазақша тілашар»;
- Қазақ тіліне баулуға бағытталған балаларға арналған қызықты ертегілер;
- «Қазақ сөзі»;
- Әлем тілдерінде жазылған үздік шығармалардың аудармалары т.б.
Қазақ тілінің бәсекелестікке қабілеттілігін арттырудың тағы бір жолы – ол ақпараттық кеңістікке тілді бейімдеу, яғни кез келген ақпараттық қосым-шалар, платформалар, интернет қосымшалары, мобильді қосымшалар, тілді меңгеруге қажетті бағдарламалар қазақ тілін «түсінетін, қабылдайтын» болуы керек. Қазіргі кезде орталықта осындай өзекті міндеттерді шешуде бірқатар интернет ресурстары бар. Олар қолданбалы сипатта болып, миллиондаған тұтынушылардың игілігіне жарауда. Мысалы, «Tilalemi.kz» порталы – еліміздегі ең үлкен тілдік портал. Ол арқылы тіл саясатының басым бағыттарымен, тіл үйретуге арналған әр түрлі құралдармен, салалық кітапханамен танысуға болады.
Ал, «Abai.institute» сайты – негізінен шетелдегі қазақтардың ана тілін үйренуіне, Қазақстанның мәдениетін, ұлттық құндылықтарын тануына арналған, оны қазақстандықтар да қолдана алады. Порталдың интерфейсі орыс, ағылшын, түрік, неміс, француз, парсы тілдерінде берілген. А1, А2, В1 деңгейлерінің контенті орналастырылған. Қазір порталды 20-дан астам мемлекетте тұратын қандастарымыз қолданады. Сонымен бірге Ресей, Моңғолия, Иран, АҚШ, Венгрия, Франция, Испания, Германия елдерінде тіл үйрету курстары оффлайн форматта жүргізілуде.
«Tilqural.kz» – қазақ тілін 5 деңгей бойынша үйретуге арналған IT жоба. Ол қазіргі заманауи технологияларға негізделіп жасалған. Оны Қазақстан Республикасы азаматтары және шетелдіктер қолдануда. «Қазақ сөзі» мобильді қосымшасы арқылы А1, А2, В1, В2, С1, С2 деңгейлерінің контенті лексикалық және грамматикалық минимумдар арқылы үйретіледі. Жоғарыда атап өтілген жұмыстарды іске асырудың ғылыми негіздемелерін әзірлеу үшін еліміздегі беделді филолог, тілші ғалымдардан, тарих саласының, терминология мен ономастика, лингвистика, шетел тілдерінің сарапшыларынан, ІТ мамандардан тұратын жұмыс топтары жасақталған.
Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық, Сараптама-техникалық жұмыс топтарының жұмыс бағытын басты мақсатқа лайықтап, олардың қызметін үйлестіру Орталыққа міндеттелген. Сонымен бірге, елімізде мемлекеттік тіл саясатына жүзеге асыру барысында облыс орталықтарында, Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларында, аудандарда орналасқан барлық мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының ересек азаматтарға қазақ тілін оқыту әдіснамасын жүйелеу мен стандарттау, әдіскерлер мен оқытушыларға әдістемелік көмек көрсету, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру үдерісін сүйемелдеу, ғылыми-ұйымдастырушылық міндететрін іске асыру, оқу-әдістемелік құралдардың мазмұнын әзірлеу, баспадан қажетті көлемде шығару, қамтамасыз ету, ақпараттық-технологиялардың жетістіктерін пайдаланып бағдарламалық жабдықтаулар, интернет-ресурстар, сайттар, насихаттық бейнебаяндар әзірлеумен айналысады.
Кездесу қорытындысында тараптар ғылыми-зерттеу бағытындағы әріптестік байланыстарды дамыту, қазақ тілін халықаралық деңгейде ілгерілету, бірлескен әдістемелік жобалар мен цифрлық оқу материалдарын әзірлеу жөнінде уағдаласты. Іссапар нәтижесінде бірқатар нақты ұсыныстар мен ынтымақтастық тетіктері айқындалды.
Қаламқас ҚАЛЫБЕКОВА,
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті
қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының доценті, ф.ғ.к.,
Ғабиден ӘБІЛҚАСОВ,
аға оқытушы,п.ғ.м.
