Зайырлылық, осы іспеттес барлық мәдениет терминіне үңілсек, түп астарында әлбетте, инабаттылық, ибалылық, құрмет, жалпы адамгершілік нормаларына сәйкес барлық жақсы қасиет көз алдымызға елестейтіні ақиқат. Ал осы зайырлылық біздің түсінігіміздегідей, тек жақсы жағынан көріну немесе игі істерді атқаратын жақсы өмірді қалайтын орта яки қоғам салты ма, әлде шешуі қиын күрделі мәселелерді бірлесе отырып шешімін табуға тырысатын бүткіл әлем үрдісі ме?! Осы жайында салыстырмалы түрде зерттеу жүргізіп көрейік.
Зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы ой-сананың көптүрлілігін мойындау.
Демек, зайырлылық діни таным мен құндылықтарды мойындамауды немесе олардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлі мен маңызын кемсітуді білдірмейді. Керісінше зайырлы мемлекет жоғарыда аталған көптүрліліктер арасындағы қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді. Осы орайда зайырлы мемлекет деген қандай мемлекет?!
Зайырлы мемлекет – дінді мемлекеттен ажырату идеясының жүзеге асырылуы, яғни ең алдымен гуманистік құндылықтар, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыру. Мемлекеттің зайырлы сипаты оның діннен ажыратылуымен ғана емес, сонымен бірге, атеистік және өзге де дүниетанымның басымдығын мойындамауымен сипатталады.
Дәл қазіргі таңда мемлекет пен дін қарым-қатынасының екі типі айтылып келеді. Біріншісінде – мемлекет діннен ажыратылған, екіншісі – мемлекеттегі белгілі бір дінге басымдылық немесе мемлекеттік мәртебе беру.
Бірінші үлгідегі діннің мемлекеттен ажыратылу қағидатының саяси-құқықтық мағынасына тоқталсақ: ар-ождан бостандығы, ол тек діни таңдау бостандығы емес, одан кеңірек – дүниетанымдық, соның ішінде діни емес таңдау. Осы таңдау құқығын мемлекет адамға қалдырады және оның шешімімен келісуге, қабылдауға, оны қорғауға міндеттенеді; мемлекет азаматтармен қарым-қатынастарда олардың діни көзқарастарына емес, азаматтық-құқықтық жағдайына сүйенеді. Осылайша, азаматтық қағидатты бәрінен де жоғары қояды; мемлекет іс жүзінде барлық дін мен азаматтардың құқықтық теңдігін жүзеге асыруға ұмтылады; мемлекет өзінің ішкі және сыртқы саясатындағы тұжырымдамалық негіздерде діни-теориялық қағидаттарға сүйенбейді және олармен басшылық жасамайды; мемлекеттік және діни құқықтар бір-бірінен ажыратылады. Қоғамдық-құқықтық және азаматтық салалардағы мәселелерді шешуде біріншінің үстемдігі жарияланады. Діни құқықтың әрекет ету аясы негізінен діни институтпен шектеледі.
Діннің мемлекеттен ажыратылған сипатына сәйкес мемлекет дін істеріне араласудан бас тартады. Барлық дін мемлекетте тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпайды (заң бұзылмаған жағдайда), өз кезегінде діни бірлестіктер мемлекеттік қызметтерді атқармайды. Конфессиялық ерекшеліктер мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге негіз болып табылмайды.
Мемлекеттің зайырлы сипаты азаматтық қоғам субъектілерінің заңдар мен құқықтық нормаларды қатаң сақтауын және өз қызметтерін осы құқықтық, заңнамалық шеңберде жүзеге асыруын талап етеді.
Дәл қазіргі таңда қоғам үшін де, мемлекет үшін де діни алауыздық қаншалықты қауіпті болса, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуы да соншалықты қауіп туғызады. Бірінші жағдай діни фанатизмді туындатса, екінші жағдайда құқықтық нигилизм өршиді. Екеуінің де ең оңтайлы шешімі ретінде зайырлылық сұқбат пен өзара ынтымақтастыққа, түсіністікке негізделе отырып, зайырлы мемлекеттіліктің заң мен құқыққа сүйене отырып аталған қауіптерден арылуға мүмкіндіктер ашады. Осы жағынан зайырлылық – мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғыры.
Әлемнің көптеген елдерінің Конституциясында, заңнамасында және халықаралық құқықтық құжаттарында бектілген адамның негізгі құқықтарының бірі діни сенім (дін, ар-ождан) бостандығының құқығы. Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабында әр адамның діни сенім бостандығына құқығы бар делінген. Конституциялық ережелерді дамытуда нормативтік құқықтық актілер қабылданды. 1992 жылғы 15 қаңтарда қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заң Қазақстандағы діни қатынастарды реттейтін арнайы заң. Бұл заң 1995 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясы ғана емес, сонымен қатар 1993 жылғы тұңғыш қазақстандық Конституция шыққанға дейін қабылданғанымен ерекше. Бұл заң қабылданғаннан кейін рухани саладағы құқықтық қатынастардың қалыптаса бастағанын да атап өткен жөн. Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» – деп көрсетілген. «Зайырлы» деген ұғым діни ұйымдардың мемлекет ісіне араласып, елдің саяси өміріне ықпал ете алмайтынын білдіреді. Алайда, «зайырлылық» «атеистік» дегенді білдірмейді. Зайырлы мемлекет сенім мен дінді жоққа шығармайды, бірақ қабылданатын шешімдердің діни емес, құқықтық принциптерге негізделегенін талап етеді.
Айтайық дегеніміз, дүниежүзінің көптеген елі діни бірлестіктердің өздерінің салт-жоралғыларын атқару құқығын мойындайды, өздері діни ғұрыптар мен рәсімдерге араласпайды және реттемейді. Көбінесе, заңнамалық актілердің талдауы әртүрлі мемлекеттің, тіпті ең демократиялық және либералды елдердің өзінде де, діни рәсімдер атқарылатын орындардың реттелуге жататынын көрсетті, өйткені бұл қоғамдық мүдделермен және қауіпсіздікпен тығыз байланысты. Дегенмен, көптеген ел кез-келген дін және оның қызметі қоғамның бір бөлігі деп түсіндіреді де, қалай болғанда да діни қызметті әкімшілік-құқықтық қатынастар аясында реттейді және оның нәтижесінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қоғамның кез-келген басқа субъектісі сияқты оларға мемлекетпен айқындалған белгілі бір ережелер мен нормаларға бағыну жүктеледі.
АҚШ-тың Халықаралық дін бостандығы жөніндегі комиссиясы (USCIRF) 2018-2020 жылдар кезеңіндегі өздерінің жыл сайынғы есептерінде Қазақстанда діни сенім бостандығын орнатуда елеулі прогрестің бар екенін атап өтті. 2019 жылғы нәтиже бойынша Қазақстан 128 елдің ішінен 62-орында тұр. Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде Қазақстан 14 елдің ішінен 4-ші орынды алды. Салыстырмалы түрде алғанда Ресей 13, Өзбекстан 12, Қырғызстан 11 орындарда. Бұл өңірде Грузия көш бастап тұр. Бұл ретте Комиссия 2020 жылғы есебінде: «2019 жылы Қазақстандағы діни сенім бостандығы мәселелері оң бағытта жүруін жалғастырды. Үкімет дін бостандығын жетілдіру жөнінде нақты әрекеттер жасады…» – деп діни сенім бостандығы саласындағы одан да оң үрдістерді атап өтті. Сонымен қатар, соңғы үш жылда әкімшілік құқық бұзушылықтың айтарлықтай азайғанын есепте атап өтті.
Осылайша жыл сайынғы заң үстемдігі индексі бойынша Қазақстан іс жүзінде әлемдік рейтингтің ортасында тұр. Бұл ретте, сарапшылар еліміздің бірнеше позициядағы көрсеткіштерінің жақсарғанын атап өтуде. Жалпы бұл рейтингте Қазақстанның қызметі оң бағаланды. Дегенмен, жағымды жақтарына қарамастан, діни ұйымдарды міндетті тіркеу, міндетті түрдегі діни сараптама және әскери қызметке баламалардың жоқтығы сияқты бірқатар күрделі мәселенің бар екені жасырын емес.
Халықаралық ұйымдар заңнамалық актілердің шектен тыс репрессиялық және шектеуші сипаты үшін оларды мерзімді түрде сынға алатынын; алайда осы ұйымдардың кейбіреулері әлі де дін саласындағы заң шығаруды ырықтандыру бағытында оң динамиканы атап өтетінін айта кеткен жөн.
Терроризм мен экстремизм қаупінің күшеюіне байланысты, сондай-ақ деструктивті діни ағымдарға қарсы тұру қажеттілігіне байланысты діни бірлестіктердің қызметін одан әрі оңтайландыру мақсатында Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» қолданыстағы Заңы қабылданды. Әрине, ол деструктивті діни секталарға қарсы тұру міндетін ұстанды. Республикада 2019 жылдың басында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қабылдау қажеттігі талқыланып, ол әзірленді де… Алайда Парламент жаңа заң жобасын Үкіметтің өңдеуіне қайтарды. Ал, шын мәнінде, 2011 жылғы заңда барлық негізгі постулат пен ұғымдар көзделген. Қазіргі заңнамадағы ар-ождан бостандығының негізгі принциптерінің құрамдас бөлігі «Діни сенім бостандығы» – бұл ең маңызды ұғым. Сондықтан заңның «жаһандық жетілмегендігі» туралы айту қиын. Десек те, дін саласындағы заңнаманы халықаралық-құқықтық міндеттемелерге сәйкес жетілдіру және жеңілдету аясында діни заңнамаға 2021 жылы жекелеген «нүктелік» өзгерістер енгізілді, бұл конфессияаралық қатынастардың одан әрі дамуына және жергілікті діни бірлестіктің дамуыны әсер ететіні сөзсіз. Заңның негізгі міндеттерінің бірі азаматтардың діни қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ыңғайлы құқықтық тәртіпті құру болып отыр. Соған сәйкес діни бірлестіктердің қызметі мемлекетке қазіргі заманғы экстремистік және террористік сипаттағы сын-қатерлерді жеңіп шығуға көмектесетініне бек сенеміз.
Берік БҮРКІТБАЙ,
«Теміртау қаласының конфессияаралық қатынастардың мәселелерін зерттеу және сараптау орталығы» КММ бас маманы