Қарағанды облысында кадр даярлау жүйесіне жаңа көзқарас енгізілуде. Бүгінде өңірде 51 колледж жұмыс істейді. Соған қарамастан, әсіресе жұмысшы мамандықтары бойынша білікті кадр тапшылығы өзекті мәселе болып отыр. Еңбек нарығындағы бұл олқылық өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, энергетика, көлік және агроөнеркәсіптік секторларда айқын сезіледі. Кәсіпорындар бүгіннің өзінде цифрлық технологияларды меңгерген, автоматтандырылған өндірістік жүйелермен жұмыс істей алатын, жаңа буын мамандарға зәру.

Кадрлық қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты қаралды. Жиында салалық басқарма басшылары атқарылып жатқан жұмыстар мен қазіргі ахуал туралы есеп берді.

Кеңес барысында белгілі болғандай, өңірде Enbek.kz платформасы арқылы жұмыс берушілер арасында ауқымды сауалнама жүргізілген. Оған шамамен 6,5 мың кәсіпорын мен ұйым қатысқан. Жиналған деректер негізінде экономиканың негізгі салалары бойынша еңбек нарығының орта және ұзақ мерзімді сұранысына болжам жасалды.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы бес басым бағытты айқындады: өнеркәсіп пен тау-кен өндірісі, көлік және логистика, сауда мен қызмет көрсету, білім беру мен денсаулық сақтау, сондай-ақ әкімшілік-іскерлік сала.

Ең жоғары сұраныс машина жасау, металлургия, энергетика, дәнекерлеу өндірісі, құрылыс, көлік және инженерлік инфрақұрылым бағыттарында сақталып отыр. Ауыл шаруашылығы саласында да талап өзгерген: ендігі жерде тек дәстүрлі механизаторлар ғана емес, цифрлық егіншілік мамандары, агродрон операторлары мен автоматтандырылған жүйелерді басқаратын кадрлар қажет.
Сонымен қатар, алдағы жылдары өңірде іске асатын инвестициялық жобалар, өнеркәсіп пен энергетика салаларының кеңеюі кадрларға деген сұранысты одан әрі арттыра түсетіні атап өтілді.

Облыс әкімі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі қалыптасқан сұранысқа ілесе ғана қоймай, оны алдын ала болжай отырып жұмыс істеуі тиіс екенін ерекше атап өтті.
— Бұрынғы тәсілмен жұмыс істеуге енді болмайды. Мемлекеттік тапсырысты біз нақты экономиканың сұранысына сай түбегейлі қайта құрып жатырмыз. Алдағы үш жылда өңірге шамамен 50 мың маман қажет болады. Оның жартысына жуығы — зейнет жасына жеткен қызметкерлердің орнын алмастыру. Бұл — ертеңгі күннің емес, бүгінгі күннің талабы. Ол өңір экономикасының тұрақтылығына тікелей әсер етеді, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Оның айтуынша, базалық салалардағы жұмыс күшінің шамамен 70 пайызы колледж түлектерінен құралады. Алайда қазіргі кадрлық құрылымда 40 пен 59 жас аралығындағы мамандардың үлесі басым, бұл жүйелі жаңаруды қажет ететінін көрсетеді.

Кеңесте мемлекеттік білім беру тапсырысы ендігі уақытта өңір экономикасының нақты сұранысы мен даму перспективасына сай қалыптастырылатыны айтылды. Бұл ретте меншік нысанына қарамастан, талап бірдей болады. Басымдық — заманауи материалдық-техникалық базасы бар, сұранысқа ие мамандар даярлайтын, жаңа технологияларды енгізген және жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатқан колледждерге беріледі.

Сондай-ақ мамандықтардың қайталануын болдырмау, колледждерді кезең-кезеңімен нақты салаларға бейімдеу және олардың мамандануын күшейту міндеті қойылды. Өңірде еңбек нарығының қажеттілігін, бос жұмыс орындарын және кадрға деген сұранысты тұрақты жаңартып отыратын бірыңғай цифрлық база құрылмақ.
Әкімдіктер, кәсіпорындар, инвесторлар мен білім беру ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге ерекше мән берілді. Кадр даярлау нақты өндірістік жобалармен және өңір экономикасының шынайы сұранысымен тікелей байланыста жүзеге асуы тиіс.

Жиын қорытындысында басты міндет — тек маман даярлау емес, экономиканың нақты сұранысына толық жауап беретін білікті кадрлармен өңірді қамтамасыз ету екені атап өтілді.
