Облыстың барлық қала-аудандарынан мыңнан астам белсенді Қарағанды қаласына келіп, «Көгілдір тоғандар» шағынауданы мен Оңтүстік-Шығыс ауданның арасында орналасқан аумағы 200 гектар болатын жаңа экосаябақта ағаш отырғызу акциясына қатысты.
Ірі өнеркәсіптік өңір саналатын Қарағанды үшін бұл қаланы көгалдандыруға және қалалық ортаның сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жоба болып табылады.
Белгілі болғандай, жаңа экосаябақтағы ағаш отырғызу жобасына 16 мамыр күні «Таза Қазақстан» атты символикалық тас орнатылып, ресми түрде бастау берілді. Кейін жұмыстар 23 мамырда жалғасын тапты. Осы кезеңде емен, алма ағашы, қарағай және қарағаштың 2,6 мың түбі отырғызылды.
Бүгін көгалдандыру жұмыстарын облыстың қала-аудандарынан келген белсенділер жалғастырды. Бірлескен күш-жігердің арқасында тағы 2,5 мың көшет отырғызылды.
Іс-шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қоршаған ортаға қамқорлық жасау мен елді мекендерді абаттандыру заманауи экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды бөлігі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол ағаш отырғызу жұмыстарына қатысу үшін облыстың қала-аудандарынан келген белсенді азаматтарға алғысын білдірді.
Облыс әкімі көктемгі маусым аясында жалпы саны 5 мың ағаш отырғызылатынын атап өтті. Сонымен қатар экосаябақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары күзгі маусымда да жалғасып, қосымша 15 мың ағаш отырғызу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Жаңа саябақ заманауи серуендеу аллеялары, велосипед жолдары, спорт алаңдары және отбасылық демалысқа арналған жайлы аймақтары бар тұрғындардың белсенді демалыс орнына айналады.
Акцияға қатысушылар жаңа экосаябақ облыс орталығының көрнекті орындарының біріне айналатынына сенім білдірді. Сондай-ақ олар саябақты көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына өз үлестерін қоса беретіндерін атап өтті.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Олардың басты мақсаты – қоршаған ортаның жай-күйіне жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және болашақ ұрпақ үшін жайлы, таза әрі көркейген орта құру.
