Қарағанды облысында өтетін ашық аспан астындағы симпозиумда Ұлы дала мұрасы талқыланбақ

Қарағанды облысында 12 маусым күні «Талды – 2026: Қола дәуірінен Орта ғасырларға дейін» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Киелі Талды аңғарында Қазақстаннан және шет мемлекеттерден келген ғалымдар, археологтар, мұражай ісінің мамандары мен реставраторлар бас қосып, Ұлы даланың тарихи-мәдени мұрасын зерттеу және сақтау мәселелерін жан-жақты талқылайды.

Конференцияның негізгі алаңы – Қазақстандағы қола дәуірінің аса бірегей ескерткіштерінің бірі саналатын Қаражартас пирамидасы орналасқан Талды археологиялық кешені болмақ.

Жиын барысында қатысушылар өңір тарихының қола дәуірінен бастап Алтын Орда кезеңіне дейінгі даму эволюциясын, археологиялық зерттеулердің заманауи әдістерін, сондай-ақ көне ескерткіштерді сақтау, қалпына келтіру және музейлендірудің өзекті мәселелерін талқылайды. Іс-шараға Венгрия, Германия, Түркия, Ресей және Татарстаннан келген халықаралық сарапшылардың қатысуы күтілуде.

Конференция бағдарламасы археологиялық зерттеулердің заманауи әдістемелеріне арналған халықаралық семинар-тренингті, Талды тарихи-археологиялық паркінің нысандарына ғылыми экскурсияларды және жұмыс істеп тұрған қазба алаңдарында өтетін практикалық шеберлік сабақтарын қамтиды.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылар археологиялық жәдігерлер көрмесін ұсынады. Көрмеде Талды тарихи-археологиялық паркінің аумағындағы қазба жұмыстары кезінде табылған құнды артефактілер көрсетіледі. Олардың қатарында сақ дәуіріне тән қазан мен қанжар, тұрмыстық заттар, әшекей бұйымдар және ежелгі көшпенділер өркениетінің болмысын айғақтайтын өзге де бірегей тарихи жәдігерлер бар.

Жергілікті қолөнер шеберлері де өз өнерін паш етпек. Ал этно-мәдени ұжымдар концерттік бағдарламада өнер көрсетеді.

Конференция қорытындысы бойынша Талды археологиялық кешені туралы деректі фильм түсіру және кең аудиторияға арналған танымдық тақырыптық подкасттар сериясын әзірлеу жоспарлануда.

Талды тарихи-археологиялық паркі – ашық аспан астындағы бірегей мұражай. Оның аумағында қола және ерте темір дәуіріне жататын 200-ге жуық археологиялық ескерткіш шоғырланған, бұл оны отандық және шетелдік туристер үшін ерекше ғылыми-танымдық орталыққа айналдырады.

Қарағанды облысында өтетін ашық аспан астындағы симпозиумда Ұлы дала мұрасы талқыланбақ