ӘЙЕЛДЕР-АЙ, ӘЙЕЛДЕР!

Бірі оны сүйеді. Бірі оны жеккөреді. Бірі одан қорқады. Бірі одан үмітті. Бірі оны мақтаныш көреді. Бірі оны марапат деп есептейді. Ол кім? Ол – әйел. Еркексіз әйелдің, әйелсіз еркектің күні қараң. Бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Бұл – табиғат заңдылығы. Әйел заты – шешілмес жұмбақ. «Сайтан тектес пе едің, о, әйел?!» деп қаласың кейде?! Өйткені қай жағдайды алмаңыз, әйелдің қатысынсыз һәм қатысуынсыз өтпеген. Тіпті, соғыс өрті тұтануының басты себебі де – әйел. Былайша айтқанда, әйелдің жүрмейтін жері жоқ. Түстікке барсаңыз – әйел, терістікке барсаңыз да – әйел. Ең көбі де – осы әйел. Ол кім еді? Неге ондай? Данышпандар олар жайлы не деген? Осыған ден қоялық.

Бұқар жырау былай деп жырлайды:

«Жал-құйрығы қаба деп,

Жабыдан айғыр салмаңыз!

Қалыңмалы арзан деп,

Жаман қатын алмаңыз!

 

Жабыдан айғыр салсаңыз,

Жауға мінер ат тумас.

Жаман қатын алсаңыз,

Топқа кірер ұл тумас.

 

Жаман қатын алғаның –

Төркініне бере алмай,

Төсегіне жата алмай,

Тең құрбысы келгенде,

Оңды жауап қата алмай,

Жалғанда қор болғаның.

 

Таудан асқан тас бұлақ,

Тасыса құяр теңізге.

Қанша малы көп болса,

Бай қуанар егізге.

Жаманнан жақсы туса,

Жақсыдан жаман туса,

Тартпай қоймас негізге».

Барлығы тамырына байланысты. Қазақтың әйелі өз орнын білген. Турасын айтқанда, орнын көрсеткен. Еркектің ездігі қатынның жаман болғандығынан емес. Ез – қатынсыз-ақ ез. Бірақ еркектің мәртебесін асыратын да – әйел, төмендететін де – әйел. Әрі қарай кеттік.

Конфуций әйелдер жайлы былай деген екен: «Әйелдермен және ұсақ адамдармен тілдесу өте қиын. Жақындай қалсаң – айырылмайды, алыстасаң – жеккөреді». Өйткені мына эгоизмдік қасиет тек әйелдерге ғана тән. Өзі жайлы айтылған әрбір мақтау ғана жанына жақын болып келеді. «Әйелдерге махаббаттан гөрі еркелік жақын», – депті бір бейбақ. Ал біреуі: «Әйел ғана – шынайы сезімге ие», – деп айтса керек. Әрқайсысы өзіне кездескен әйеліне қарай айтқан шығар. Кім біледі? Ал сіз грек ойшылы Палладтың не айтқанын білесіз бе? Ол былай дейді: «Әйел біткеннің бәрі – зұлымдық, бірақ екі жағдайда ғана жақсы бола алады: не төсекте, не табытта». «Әйелге қатысты дені дұрыс сөз табылмаған ба?» деп налитын шығарсыз. Әрине, шешілмес жұмбаққа көзқарас та бөлек болмақ.

Вольтер былай деп жар салады: «Әйелдің күштілігі еркектің әлсіздігінде». Сонда еркектің күштілігі әйелдің әлсіздігінде ме? Менің бір досым бар. Бір қызды ойлап басы қатады да отырады. Қызға деген көзқарасы күнде өзгереді. Дегенмен оны сүйеді. Ашуланады. Жеккөреді. Қызғанады. Ойланады. Ал қыз ше? «Сізді кімде-кім ашуландыратын болса, ол сізді, демек, басқарып отыр», – депті ғой бір данышпан. Бұл – әйелдің бір қыры ғана. Жоғарыда соғыс туралы айттық. Троя соғысының басталуына әйел себеп болды дегенге кім сенеді? Осман империясының құлдырауына әйел себеп болғанын білмеп пе едіңіз? Сіз көп нәрсені білмейді екенсіз.

«Кез келген әйелдің қателігінде еркектің кінәсі бар» (Гердер). Қазақ бір-ақ сөзбен айтқан ғой «қатынды – бастан, баланы – жастан» деп. Әйелің опасыздық жасаса – өз кінәң. Ноқтасыз жіберген – өзің.

«Биологтердің көзқарасы бойынша, сізді бірдеңе шағып алатын болса, ол міндетті түрде аналық әйел болуы керек» (Скотт Круз). Әлгі досымның біраз жерін шағып алды-ау деймін, осы. «Қызға бола неге басын қатырады?» деп ойладым бір. Бірақ біз де қатырған едік. Әйел үшін басыңды беру деген – осы.

Генрих Гейненің мына сөзімен келісесіз бе? «Әйел бір уақытта алма да, жылан да бола алады». Қалай? Бал мен у қатар жүреді дегені де. Балдай тәтті болса, басыңыз айналмасын, удай ащы болса, мойымаңыз.

Махаббатқа кеңес бермейді. Бірақ досымның жағдайы қиындай түсті. Сондықтан оған Альфред де Мюссенің мына сөзін жеткіздім: «Әйел – сіздің көлеңкеңіз: оның соңынан жүрсеңіз, ол сізден қашады. Оған арқаңызды берсеңіз, сіздің соңыңыздан жүгіреді». Досым ойланып қалды. «Ойлан», – дедім.

Ал Лев Толстой былай дейді: «Еркектердің басым бөлігі өздерінің ар-иманы төмен бола тұра, әйелдерден пәктікті талап етеді». Барлығын өзіңнен бастау керек. Біреуге кінә тақпас бұрын өзіңе қарап ал.

Кім не десе, о десін, әйел деген – әйел. «Еркек неге бөленуі керек?» деп сұрақ қойса, «әйелдің махаббатына» дер едім. «Еркек неден қорқуы керек?» десе, «әйелдің махаббатынан» деп жауап қатамын. Онсыз өмір кешем деген еркек әлемдегі ең ақымақ адам шығар. Мүмкін емес қой.

Менің бір ағам айтады: «Әйелге ешқашан сүйетініңді білдірме», – деп. Демек, оның сенің кім екеніңді бес саусағындай білгені. Білгені – сенің жеңілгенің. Ғазиз басыңнан айырылғаның. Жағдай қиын болады, досым!

Құдай: «Алманы жеуге болмайды», – дегенде, дәмін татқан кім? Әйел. Демек, ең бірінші күнәһар – әйел. Нәпсі мен әйелдің арасы бір елі. Мынадай қызық дерек бар екен: кез келген қылмысқа әйелдің қатысы бар. Қылмыскер болмауы мүмкін, бірақ қатысы болады. Дәлелденген. Әйел жүрген жер – осы.

Әйел еркектің басында, жазушының шығармасында. Бір жазушы кітап шығарған екен. «Еркек әйелден басқа нені ойлайды?» деген. 400 беттік кітап екен. Жұрт таласып-тармасып алса керек. Тақырыбы қызықтырған ғой. Ашып қараса, ақ парақтан басқа түк жоқ дейді. Жазушы бұл әрекеті арқылы «еркек әйелден басқа ештеңе ойламайды» дегенді жеткізбекші болған.

Оскар Уайльд айтпақшы, «әйелдер сүйікті болу үшін жаралған. Оларды түсінудің қажеті жоқ». Бірақ «алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» демей ме қазақ?! Дегенмен Мұхтар Мағауиннің «Қуыршағын» оқысаңыз, оларға деген көзқарасыңыз мүлде өзгеріп шыға келеді.

Кез келген еркекке «әуретін жапқан әйел мен лыпасыз әйелдің қайсысын таңдайсыз?» деген сұрақ қойсаңыз, әуретін жапқан әйелді таңдайтыны хақ. Өйткені ондай әйел еркекке шешілмеген жұмбақтай көрінеді. Шешілген жұмбақтың несі қызық? Киім демекші, мынадай қызық эволюция бар: Хауа Анадан бастап біздің заманымызға дейінгі әйелдердің киім кию үлгісін қарасаңыз, таң-тамаша боласыз. Хауа Анадан берірек әйелдердің киім өлшемі ұзара түсті. Одан берірек, керісінше, қысқара бастады. Бұл нені білдіреді сонда?

Солай, досым, әйел деген сондай! «Мойыма, жасыма, жігіт болсаң». Фрэнк Хаббард айтыпты ғой: «Әйелді басқарудың екі-ақ жолы бар, бірақ оны ешкім білмейді», – деп. Мүмкін, оны сіз тапқан шығарсыз…

Ерболат ҚУАТБЕК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *