Header Banner

Ахмет ата аманаты

«Мектеп – кеме, білім – теңіз» депті бұрынғылар. Біз де сол білім теңізіндегі мектеп кемесінде нәр алып, үлкен жолға – Болашаққа түлеп ұштық. Мен оқыған мектептің бір ерекшелігі – ұлт ұстазы, ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың атымен аталады. Бұл есім – бәрімізге жақсы біліммен бірге үлкен рух, көп күш-жігер берді десек, артық айтқандық емес.

Ахмет атаның Алаш қайраткері, ұлт көсемдерінің бірі, алғашқы ағартушылардың санатында екендігі, қарымды қаламгер, сыршыл суреткер, ғұлама ғалым болғандығын осы мектеп қабырғасында оқып, сезініп өстік. Өлеңдерін жаттап, мысалдарына терең бойлап, зерттеу еңбектерін басшылыққа алып, толғанысқа түстік. Талай жарыс-жиындарда атамыз атындағы білім ошағының туын биікке көтеріп, намысын қорғадық. Бір ғажабы, осында оқыған, оқитын оқушылардың барлығы Ахмет Байтұрсынұлын үлгі-өнеге тұтып, идеал санайды.

Ол кісіге ұқсап – үлкен ғалым, ақылман ағартушы, ұлағатты ұстаз, білімді де білікті басшы, мемлекет және қоғам қайраткері болғымыз, туған жер мен өскен елге еңбек еткіміз, ұлтымызға қызмет қылғымыз келеді.

Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың алғашқы журналистердің бірі болғанын, атақты «Қазақ» газетін ашып, көп жыл сол басылымды басқарып, шығарып тұрғанын да оқып-білдік. Атамыздың өзгеше өмірбаянын, қиын тағдырын, ұлт азаттығы жолындағы күрескерлік қайсар мінезін, суреткерлік және ғылыми мол мұраларын парақтаған сайын көзіміз ашылып, көп нәрсені түсіне бастадық. Алдымыздан жаңа бір әлем ашылғандай болды. Ахмет ата – сан қырлы талант иесі. Сол көп қырының бірі – журналист екен. Менің де қазіргі бар арманым – журналист болу! Яғни, ол кісі бастаған журналистиканы, ұлттық баспасөзді әрі қарай жалғастырып, бүгінгі заман технологиясымен жұмыс істегім келеді.

Ахмет ата аманатына адал болып, бар өмірімді ұлттық журналистикаға арнасам деймін.

Ақтілек МҮСІЛІМ,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның түлегі

 

Қарағанды қаласы