Header Banner

Тілдік орта – тіл үйренудің тиімді тетігі

Ересектер үшін уақытша тілдік ортаның қаншалықты пайдалы екенін білгіңіз келсе, жазғы тілдік лагерьдің қорытындысына назар аударыңыз. Себебі тілдік орта тілді меңгертудің ең тиімді жолдарының бірі ретінде күнделікті қарым-қатынас барысында тілдік кедергілер жойылып, сөздік қордың молаюына, сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға қызмет етеді. Ең бастысы, тіл үйренуші мемлекеттік тілді өмірлік қажеттілік ретінде қабылдай бастайды.

Осы мақсатты көздеген Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы үшінші жыл қатарынан жазғы тілдік лагерь жұмысын ұйымдастырып келеді. Биылғы жоба мазмұны мен форматы жағынан бұрынғылардан ерекше болды. Басқарма тапсырысымен ұйымдастырылған қазақ тілін оқыту курсының А1 деңгейін меңгерген 20 тіл үйренушісі он күн бойы тілдік ортада болып, тілдік дағдыны тәжірибе арқылы жетілдіруге мүмкіндік алды.

Лагерьдің әр күні арнайы бағдарламаға сәйкес ұйымдастырылып, қатысушыларға ұмытылмас әсер сыйлады. Дәстүрлі сабақ үлгісінен гөрі тәжірибелік жұмыстарға басымдық берілгендіктен, тіл үйренушілер жаңа сөздерді жаттап қана қоймай, оларды күнделікті өмірде қолдануды үйренді.

Қатысушылар қазақтың дастарқан мәдениетімен танысып, бауырсақ пен шелпек пісірудің қыр-сырын меңгерді. Ұлттық тағамдарды әзірлеу барысында ас дайындауға қатысты сөздер мен тұрақты тіркестерді қолданып, тілдік қорларын байытты. Мұндай тәжірибелік сабақтар қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен ұлттық құндылықтарын тереңірек түсінуге жол ашты.

Лагерь бағдарламасында қазақ халқының салт-дәстүрлері де кеңінен қамтылды. Қатысушылар табақ тарту, бас тарту, бата беру, ас қайыру, сырға салу секілді дәстүрлердің мазмұны мен тәрбиелік мәнімен танысып қана қоймай, оларды тәжірибе жүзінде орындап көрді. Бұл өз кезегінде тіл үйренушілердің ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, қазақы дүниетанымды тереңірек тануына мүмкіндік берді.

Ұлттық қолөнер мен дәстүрлі өнер де назардан тыс қалған жоқ. Тіл үйренушілер ою ойып, оның түрлері мен мән-мағынасын таныды. Сонымен қатар қыран құсты қолына қондырып, қазақ халқының саятшылық өнері туралы қызықты мәліметтер алды. Мұндай кездесулер халықтың тарихы мен мәдениетіне деген құрметті күшейтіп, қазақ тілін үйренуге деген ынтаны одан әрі арттырды.

Тілдік орта тек аудитория аясында шектелген жоқ. Танымдық саяхаттар лагерь жұмысының маңызды бөлігіне айналды. Қатысушылар өңірдегі тарихи орындар мен көрікті жерлерге экскурсия жасап, ел тарихы мен мәдени мұрасы туралы тың деректермен танысты. Атап айтқанда, Бұқар жырау кесенесіне және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған Қарлаг музейіне барып, саяхат барысында қазақ тілінде еркін сөйлесуге, жаңа сөздер мен тіркестерді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алды.

Лагерьдің әр күні түрлі танымдық ойындармен, пікір алмасу алаңдарымен, шығармашылық тапсырмалармен толықтырылды. Қатысушылар бір-бірімен қазақ тілінде қарым-қатынас жасап, тілдік кедергілерді еңсеруге талпынды. Нәтижесінде олардың сөйлеу дағдылары жетіліп, мемлекеттік тілді қолдануға деген сенімі нығая түсті. Көпшілік үшін қазақ тілі сабақтағы пән емес, күнделікті қарым-қатынас құралына айнала бастады.

Жобаның тағы бір маңызды тұсы – қазақ тілін жетік меңгерген өзге этнос өкілдерінің қатысуы болды. Қонақ ретінде шақырылған азаматтар тіл үйренушілермен тәжірибе бөлісіп, мемлекеттік тілді меңгерудің артықшылықтары жөнінде әңгімеледі. Олар қазақ тілін үйренудің табандылық пен үздіксіз ізденісті талап ететінін айтып, қатысушыларға ақ жол тіледі. Мұндай кездесулер тіл үйренушілерге ерекше мотивация беріп, мақсатқа жетуге деген сенімдерін арттырды.

Жоспар бойынша оныншы күні жазғы тілдік лагерьдің жабылу салтанаты өтті. Шара барысында он күндік жұмыстың қорытындысы шығарылып, қатысушылар алған әсерлерімен бөлісті. Олардың пікірінше, тілдік лагерь қазақ тілін үйренуге деген ынтаны арттырып қана қоймай, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді терең тануға жол ашқан. Лагерьдің жабылу салтанатында барлық қатысушыға арнайы сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Қатысушылардың он күн бойы тілдік ортаға бейімделуіне және түрлі тақырыптағы танымдық сабақтарды ұйымдастыруға үлес қосқан тренер-оқытушылардың еңбегі де ескерусіз қалмады. Тіл үйренушілердің қызығушылығын оятып, олардың мемлекеттік тілді меңгеруіне кәсіби қолдау көрсеткен Нұрмағамбетова Меруерт пен Дайырбекова Аяулым Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы басшысының алғысхатымен марапатталды.

Қазіргі таңда мемлекеттік тілді оқытудың дәстүрлі тәсілдерімен қатар, осындай тәжірибеге негізделген жобалардың маңызы артып келеді. Себебі тіл тек оқулық арқылы емес, табиғи ортада, күнделікті қарым-қатынаста, ұлттық мәдениетпен етене танысу барысында тез әрі нәтижелі меңгеріледі.

Осындай жобалар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп қана қоймай, түрлі этнос өкілдерін ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырып, қоғамдағы тілдік бірлікті нығайтуға қызмет етеді. Жазғы тілдік лагерь – қазақ тілін оқытудың тиімді үлгісі әрі тіл мен мәдениетті ұштастырған тағылымды тәжірибе. Сондықтан да бұл он күн қатысушылардың жадында ұзақ сақталып, олар үшін мемлекеттік тілді меңгеру жолындағы маңызды белестердің біріне айналары сөзсіз.

Жұпар Рысқұлқызы ЖАҚАН,

Қарағанды облысының тілдерді дамыту

 жөніндегі басқармасы жанындағы

Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі