Туған жердің, әр ауылдың гүлденуіне үлес қосқан ардақты жандардың есімін ортамызда жүргенде ұлықтап, олардың туып-өскен ауылымызға сіңірген ерен еңбектерін, адамгершілік қасиеттерін кейінгі буын жастарымызға үлгі-өнеге ету – біздің парызымыз. Сондай ерен еңбегімен танылған еңселі жанның бірі, Шет ауданының Құрметті азаматы Сияз Әлібайұлы.
Еңбек жолын сол кездегі Орджоникидзе кеңшарының Ақсу, Ақтөбе, Қайрақты, Еңбекшіл бөлімшелерінде автокөлік жүргізуші болып, күзгі егін жинау науқандарына да қатысып, комбайнмен егін де орды.
Аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті бітірген соң, Теміртау қаласындағы №5 техникалық училищесіне түсіп, құрылыс саласы бойынша геодезист мамандығын алып шығады. Ағамыз сонымен қатар, 1961 жылы ауылшаруашылығы мамандарын даярлайтын №174 кәсіптік училищесінде оқып, тракторист-машинист, жүргізуші куәліктерін, 1963 жылы биік құрылыс кран машинисінің куәлігін алады. Әртүрлі мамандықтарды игерсем деген оймен 1970 жылы Қарқаралы мал дәрігерлік техникумын зоотехник мамандығы бойынша сырттай оқып бітірсе де, түрлі себептермен бұл мамандығымен жұмыс істеуге мүмкін болмады. Есесіне 1974 жылдан бастап еңбек жолы біржола зейнеткерлікке шыққанға дейін ұзақ жылдар автокөлік жолдарында жалғасты.
Жауапкершілігі мен қиындығы жетіп артылатын жол бойы саласында мастер-прораб болып еңбек еткен жылдары өзіне тапсырылған міндеттерді дер кезінде орындап, көзге түскен ағамыз Қарағанды қаласындағы «ДЭУ-521» мекемесінің Шет ауданындағы «ДЭП-5 жол пайдалану» филиалы бастығына дейін жоғарылап, осы мекемені көп жылдар басқарды. Өзі басқарған жол бөлімшесінің негізг іміндеті қашықтығы 150 шақырым болатын «Ақбастау-Ақшатау» аралығындағы жолдың сапасын бақылау, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізумен қатар, көліктердің тоқтаусыз жүруін қамтамасыз ету және жол-көлік апатының алдын алу. Жол бойы жұмыскерлері әсіресе, Арқаның қатал қыс мезгілдерінде тасжолдың қарын тазалау, боранды, аязды күндері жолда қалған көліктерді, жанармайы аяздан қатқан жолаушылар автобусын аудан орталығына жеткізу, ондағы жолаушыларды жатақханаға немесе үйді-үйге бөліп, орналастыру жұмыстарын атқарды.
Сияз ағамыз басқарған мекеме ауданымыздағы басқа да саланың жұмыстарына араласып, көмек жасап отырды. Атап айтқанда, әр жылдары жұмыс күші жетіспегендіктен кеңшарлардағы қой төлдету жұмыстарына кісі бөліп отырды. Аудандық аурухана құрылысына көмектесті, Аюлы тауының басындағы телемұнара құрылысын салу үшін көліктердің кедергісіз жүріп тұруына арнайы техника бөліп, жол салуға атсалысты. Бүгінде сол жолдың игілігін жұмыс бабымен тау басына жиі қатынайтын байланыс саласының мамандары көріп отыр. Сонымен қатар, мекеме есебінен көктем айларында ауыл ішінде жиналған күл-қоқыстарды сыртқа шығаруға техникалар бөліп, көмектер жасады. Ішкі көше жолдарының ой-шұқырын тегістеу, асфальттау, ағымдағы жөндеу жұмыстары да Сияз ағамыз басқарған мекеменің еншісінде болды. Тіпті шөп, көмір жеткізу үшін алдына көмек сұрап барған жеке азаматтарға да техника бөліп, қажеттерін ашты.
Міне, ағамыз осылай еңбек етті. Байқап қарасақ, ағамыздың қарапайым еңбек жолы баршамызға үлгі боларлық.
Осы жылдар ішінде ағамыз жол жөндеу мекемелерінің басшылары В.Черненко, В.Черноус, П.Осаткин, С.Нығметов, Е.Байжанов, С.Абақасов, Б.Қасқатаев, Т.Тиштыбеков, Т.Жолшоринов, Т.Махабаев, Б.Сыздықов, Б.Биғарашев, Қ.Аймағанбетов, Қ.Арыстанбеков сынды азаматтармен қоян-қолтық жұмыс істеді.
Күре жолдың бойындағы ұзақ жылғы еңбегі зая кеткен жоқ. Елдің ыстық ықыласы мен құрметінен бөлек, жемісті еңбегі Қазақ ССР-і автожолдары министрлігінің «Автомобиль жолдарын пайдаланудың «Үздікшебері» дипломымен және осы министрліктің, облыстық басқарманың Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен, сондай-ақ, кәсіподақтың Құрмет грамотасымен марапатталды. «Он бірінші бесжылдықтың екпіні» куәлігін алады.
Сияз ағамыз өмірлік жары марқұм Күләш апамызбен үш бала тәрбиелеп, өсіріп жеткізді. Үлкен қызы Алтын Талды ауылында 35 жылдай мәдениет үйінің меңгерушісі болып қызмет істеген, бүгінде зейнеткер. Қайыркүлі Балқаш қаласында мұғалім болып еңбек етеді, ұлы Бауыржан әке жолын жалғастырып, бүгінде осы жол бойында жүргізуші болып еңбек етсе, келіні Гүлжан Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясында бастауыш сынып мұғалімі.
Бүгінде мәпелеп өсірген ұл-қыздарынан өрбіген немерелерінің ортасында бақуатты ғұмыр кешуде. Өмірден көргені мен түйгені мол, құрметке лайық адал еңбегімен биік белестерді бағындырған кішіпейіл, қарапайым мінезінен таймаған ақсақалдың жүрегінің кеңдігі, ақыл-парасаты баршаға өнеге.
Мейрам ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Шет ауданы