Header Banner

Тауқыметті тағдыр

Саналы ғұмырын қазақ руханиятына, өлке тарихын түгендеуге, Алаш мұрасын ұлықтауға арнаған белгілі өлкетанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы, кезінде Ақтоғай археологиялық-этнографиялық музейінің директоры болған, ҚР білім беру ісінің үздігі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, бүгінгі күнде зейнеткерліктегі Тұңғышбай Мұқанов ағамызбен болған сұқбат.

ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның бейнелеу өнерінің дамуында айрықша орын алатын, Ұлттық бейнелеу өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі кескіндемеші Сахи Романов.

Тұңғышбай Мұқанов ағамыз Сахи Романовты көзімен көріп, талай дәмдес болған ол кісінің өмір жолын зерттеген адам. Қазақстандық суретші Сахи Романовтың дүниеге келгеніне биыл 100 жыл толды, осы айтулы датаға орай танымал суретшінің тауқыметті тағдыры туралы біреу білсе, біреу білмес. Сол себепті де Тұңғышбай ақсақалмен болған сұқбатты жариялауға бел будым қабыл алыңыздар.

Сахи Романовтың апасы Мәрияшпен Алматыда алғашқы кездесуі
Сахи Романовтың апасы Мәрияшпен Алматыда алғашқы кездесуі

Тұңғышбай аға, алдымен осы сұқбатқа келіп Сахи суретшінің тауқыметке толы тағдыры жайлы айтып беруге келіскеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Суретшінің тағдыры жайлы өз аузыңыздан естісек…

– Дүние есігін ашқанда бақталайына жазылған тағдырының тауқыметті тар жолдарын күресу арқылы кешіп өткен, өз өмірі өзіне де жұмбақ болған, жетімдіктің зардабын тартып, сағыныштың запыранын жұтқан, аумалы-төкпелі алмағайып заманда ата-ана, бауырдан адасып қалып, аты-жөнін де ұмытқан, балалық шақ пен жастық дәуренін жападан-жалғыз жырақта өткізген, ерік-жігерін намыспен қайрап, өзін-өзі жұбатып ширатумен ержетіп, әлемге танымал әйгілі қылқалам шебері атанған Сахи Түсіпбекұлы Романов Орталық Қазақстандағы ең биік те көрікті тау Ақсораң төңірегінде 1926 жылы 1 тамызда дүниеге келген екен. Елге келгендегі өзінің бір кездесуінде үйдің жанында жақпар тастар болатын, іргеден өзен ағып жататын деп, туған жерін еске түсіріп. Дөп басып Қызыларай тауларына ұқсатқаны бар еді. Әкесі Әлтікейұлы Түсіпбек ескіше сауатын ашқан, еті тірі қабылетті адам болған көрінеді. 1930 жылдары Арқа өңірінде Боқты, Шұбартау, Тоқырауын көтерілістерінің белең алуы Түсіпбек сияқты аптал азаматтарды қатарына тартқаны белгілі. Соның салдарынан Түсіпбекке де «көтерілісші болдың» деген нақақ айып тағылып, басқа да жалған жаламен сотталып кете барған. Бұл тауқымет алапат ашаршылыққа ұласып қазақ даласын жайлаған нәубеттің бұғалығы апалы-інілі Мәрияш пен Сахидың мойындарына да түскен. Көкше теңізге бет алған ауылдастарымен бірге Балқашқа жетіп, қамыс төселген жеркепеде жатып, көлдің балығымен өзек жалғап, өлместің күнін кешіп жүргенде ересек апасынан ажырап қалып, панасыз балаларды ұстап алып детдомдарға жіберетіндердің қолына түсіп, орыннан орын ауыстырумен жүріп, Орынбордың Сарықташ ауданынан бір-ақ шыққан. Одан арғы 11 жылы жетім балалар үйлері мен интернатында әкенің мейірімін көрмей, ананың аялы алақанын сезбей, жапанда қалғандай жалғыздықпен, елесті күндерді еске түсіре алмай, торығу мен күйзелісте өткен. Алайда, бойына біткен қайсар мінезі мен қажыр-қайраты, өмірге деген құштарлығы, ақыл-санасына білімнің саңылауын түсіріп оқуға жетелеген. Орынбордың кәсіптік училищесін оқып бітіргенде тұла бойындағы талант бұлағының көзі ашыла бастағанын сезіп, Куйбышев қаласындағы зауытқа жұмысқа тұрып, кешкілікте сондағы көркемсурет студиясында оқыған. Осылайша өмірлік мамандығының қақпасы ашылды.

Тұңғышбай аға, суретшінің тегі Романов болып жазылуының сыры неде, бұған не айтасыз?

– Суретшіліктің сара жолын таңдаған Сахи аға 1955 жылы Бүкілодақтық Мемлекеттік Мәдениет Институтын бітіріп, Романов Александр Иванович деген атпен институттың дипломын алған. Романов болып жазылуының нендей құпия-сыры бар екенін, ал атының Сахи емес, араб тілінен енген жомарт дегенді білдіретін Сағи болуын ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің есіне салғандығын, қалайша қызылордалық болып келгендігін 1992 жылғы Ақтоғайдағы кездесудегі сұқбатында өз аузынан баяндап берген еді. Жетімдік етектен тартып, кедейшілік аяқтан шалып, өгей ортада тайғақ кешумен өткен тиянақсыз тағдыры 20 жасқа жеткенше Сахиды ана тілінде сөйлеу мүмкіндігінен айырған. Мәскеуде оқып жүргенде, алғаш рет қазақ азаматымен кездескеннен кейін, тіпті, жазушы Сәбит Мұқановты Қазақстанның тұрақты өкілдігіне тоқтаған жеріне іздеп барып, орысшалап ақша сұрап алғандағы естен кетпес сәттен бастап, қазақи тілінің кемістігіне намыстанғаннан жатпай-тұрмай ана тілін үйренуді мақсат тұтқан. Кейін елге оралғанда өз ұлтының ана тілінде шұбарламай еркін көсіліп шешен сөйлеуі, сол арман-мұратына жеткендігінің айғағы еді. Қылқаламның құпия сырларын еркін меңгеруі үшін 12 жыл оқығандағы алған мамандығы мен ұшталып келе жатқан талантын өз халқының игілігіне жарату Сахидың басты нысанасына айналған-ды. Сол үшін де қолқа салғанына қарамастан Мәскеуде қалмай, алғашқы еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясында қоюшы-суретші болып бастағанда, қазақ өнерінің майталман, дарынды тұлғалары Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Әзірбайжан Мәмбетовпен бірге шығармашылық бірлестік құрамында көркем фильмдер түсіруге қатысуы Сахи ағаның қанатының қатайып, қабылетінің шыңдала түсуіне, ұлтымыздың бай мұраларына терең бойлап, танып-білуіне жол ашып берді. Сахи аға кино декорацияларын салумен ғана шектелмей, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ахмет Жұбановтың көркем шығармаларын, қазақ ертегілері мен фольклорларын безендірумен де шұғылданып, алғашқы қазақ кітап суретшісі болып та атанған.

Сахи Романовтың актерлық таланты жайлы да біреу білсе, біреу білмес, сол жайлы да айта кетсеңіз.

– 1958 жылы салған ең бірінші көркем суреті – «Жайлаудағы кеш» атты туындысының «Огонек» журналында жариялануы әр жанрды бояу тілімен сөйлете білетін, сан қырлы талантының жемісі болса керек. Ал киностудияда жүргенде Шәкен Аймановтың: «Сахи, сенің келбетің мен тұлғаң киноактерлікке сұранып тұр ғой» деген ұсынысын қабыл алып, «Алдар Көсе», «Найзатас бөктерінде» фильмдеріне түскендігін сегіз қырлылығының шүбәсыз айғағы деуге тұрарлық. Ұрпақтардың ұлттық санасын рухани байытуға арнап, бейнелеу өнерінде қылқаламмен мол мұра жазып қалдырған, өмірбаяны жұмбақ жан, кемел ойдың иесі Сахи Романов біздің ақтоғайлықтар үшін жоғалып табылған тау тұлға.

Сахи мен апасы Мәрияштың бірнеше жылдан соң табысуы да бір жүрек тебірентерлік оқиға. Сол жайлы айтып берсеңіз.

– 1979 жылы «Жұлдыз» жұрналында жарияланған Сахидың өмірбаянын оқып, суретін көрген Ақтоғай ауданы, Қаратал совхозының тұрғыны Түсіпбекқызы Мәрияш: «Мынау менің жоғалған бауырым ғой, мені тез Алматыға апарып жолықтыр» деп ақсақалы Сағидоллаға өтініш жасай береді. Мазалап болмаған соң ақырында жол жағдайын жетік білетін ауылдасы Мақсұтов Мәжікенді ертіп, үшеуі сапарға шығады. «Жерлесімсің, туыс-бауырымсың» дегендерден әбден мезі болған Сахи Ақтоғайдан келген жоқ іздеушілерді салқын қабылдайды. Айтқан уәждеріне сенімсіздік танытып, реніш те білдіреді. Амалы таусылуға таянған Мәрияш: «Сахи қарағым, жас кезіңде сенің басыңа жара шыққан болатын, сол жараның орны қарайып қалып қойғаны да есімде. Көрсетші басыңды, егер сол белгі жоқ болса онда сен бөтенсің, ал бар болса бауырымсың», деп жалынады. Осы сәтте Сахидың көз алдына сағымдалған елестер келіп, есіне еміс-еміс оқиғалар тізбектеліп түсе бастайды да, толқып отырып басын изегенін өзі де сезбей қалады. Адасып жүрген апалы-інілі туған бауырлар аңырап көрісіп, айқара құшақтасып табысады. Осымен көкейдегі дүдәмал ойлар тарқатылып, тыйылады.

Аға, Ақсораң тауының баурайында суретшіге арнап шеберхана да салынған, сол жайлы бірер сөз айтсаңыз.

– Мыңнан астам сурет салған, жүзден аса көрме өткізген, туындылары сол кезеңде Отанымыздың қалалары мен шетелдерде, Канадада, Венгрияда, Швецияда, Франция мен Мексикада көрермендердің көзайымына айналған, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы суретшілер одағының, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы кинематографистер одағының мүшесі, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сахи Романов өзін абыройға бөлеп Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының халық суретшісі атағы берілген 1981 жылы ата бабаларының құт мекені, өзінің кіндік қаны тамған туған жері Ақтоғай ауданына 49 жыл өткеннен соң сол өлкенің туған перзенті болып қайтып оралады. Осылайша тағдыры алмағайыптың таласында жүрген дарынды суретшінің өмірбаяны жаңарып, жаңғырып жазыла бастады, өшкені жазылып, өлгені тірілді. Туған әкесі Түсіпбектің Қызыларай ауылындағы, 1965 жылы қайтыс болғанда тұрғызылған зиратына барып құран оқытып, рухына тағзым етіп, Бегазы тауларын аралап табиғатты тамашалап жүріп, көркіне көз тоймас Ақсораң баурайында отырып осы жерде сурет салар ма еді шіркін деген тілегін жергілікті биліктегі азаматтар құп көріп, құз-қиялы тау шатқалынан арнап тұрып шеберхана салғызып береді.

Аға, біз білеміз Ақтоғай археологиялық-этнографиялық музейінің қорында суретшінің бірнеше туындысы бар. Сол жайлы не айтасыз?

– «Туған жерімде менің көзім қалсын десеңдер салған суреттерімнің біразын сыйға тарту етейін, кейін музей ашылғанда көрмеге қойсаңдар бір арманымның іске асқаны болар еді», деген ақ тілегін орындау үшін 1983 жылы Алматыдағы шеберханасына ауданнан Алтай, Қабдырахым үшеуміз барған едік. Таң-тамаша болғанымыз соншалық, сүйекпен зерленген ағаш кереует, оюлы сырмақ пен пен өрнекті тұскиіз, сан түрлі ер-тұрмандар мен өрімдерді, қолөнер туындыларын көргенде шеберханаға емес тап бір музейдің этнография залына кіргендей болған едік. Бір қабырғадағы сөреде қатталып жиналған темекі тұтатудан босаған сіріңкенің бос қораптарына қарап одан бетер таңдандық. Бұл әуестіктен туған әдеті екен. Беттестіріліп, ұқыптылықпен оралып буылып түйілген 40 шақты туындысының түпнұсқасын тебіреніс үстінде, қимас көңілмен тапсырып тұрып, бөлменің шығысқа қараған терезесіне ертіп барып: «Мен нәубеттің талай сынағын бастан өткердім, сондықтан болар, күн сайын таңмен таласып оянып, жаңа шығып келе жатқан күнмен: «Ассалаумағалейкүм, алтын күн!» деп амандасамын, ал сендер менің мына мұраларымды тасада ұмыт қалдырмай, көпшілікке көрсетіп жүрсеңдер, менімен амандасып түрғандарың деп сүйсініп, жаным жай табар» деген ықыласын жеткізіп, шығарып салғаны естен кетер ме?! «Көк шалғынына бауырымды төсеп аунап-құнап, құз-қия тастарында секіріп ойнай алмасамда, санамда саңылау болып сақталып, түсімде аян беріп тұратындай елестейтін туған жеріме, сағындырған еліме менен ескерткіш болсын» деп Сахи ағаның аманаттап қалдырған, түпнұсқалық суреттерінен аудандық музей ұжымы содан 31 жыл өткенде, 2014 жылы Астана қаласындағы республикалық оқушылар сарайының көркемөнер галереясында өткізген көшпелі көрмені тамашалауға келген ғылым докторы, профессор Дихан Қамзабекұлының: «Ақтоғай ауданы Астанаға рухы биік салтанатпен көшіп келгендей әсер алып тұрмын. Сахи ағамыз көркемсурет өнерінің классигі ғой» деген бағасын естігенде жерлес ағаның алдындағы бір парызымыз өтелгендей сезінгеніміз және барды.

Сахи Романов Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы. Сол жайлы бір-екі ауыз сөз…

– Ақтоғай жұртшылығы 1997 жылдың басында аудан әкімі Сағадат Дүйсебековтың бастамасымен Сахи ағаның 70 жасқа толуын аудан орталығында сазгер, зерттеуші Илья Жақановтың, ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбековтың, жерлес ақын Жеңіс Қашқыновтың, заңгер, ғалым Қабылсаят Әбішевтің және облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қайырбек Садуақасовтың қатысуымен мерекелік кездесу кеші дәрежесінде өткізген еді. Сол шараның үстінде аудандық мәслихаттың хатшысы Мырзахан Қалияқпаров Сахи Романовқа Ақтоғай ауданының құрметті азаматы атағының берілгендігін жариялап, куәлігін тапсырған болатын.

Асыл аға бұл өзінің соңғы сапары екенін сезді ме, қайдам, Қызыларай баурайындағы бір шөкім жерді менің мәңгілік тыныстайтын мекенім сол жерде болсыншы деп меңзеп кеткен еді. 2002 жылдың желтоқсанында Ораза айтының үстінде алып тұлғаның жүрегі соғуын тоқтатты. Сахи ағаның жетісіне жетпей ауылдағы туған апасы Мәрияш та соңын ала дүние салды. «Бір кем дүние» деп Шерағаң айтқандай, өмір бойы «Бармысың, бауырым?» деп бірін-бірі іздеумен аңсаумен жүріп әрең табысқан қос бауырға топырақ бір жерден бұйырмады.

Балғын балалық шағын Ресейде өткізсе де Отанына, еліне деген сүйіспеншілігін бейнелеу өнері арқылы бедерлеп берді. Басынан бақытсыз күндерді өткізіп, заман запыранын жұтса да «қазақ екенін қайсар мінезімен таныта білді». Сахи аға ана сүтімен ауызданбаса да ар-намысын ана тілін меңгеруге жұмсады. Ол қазақ екендігін өнерімен дәлелдеген азамат. Суретшінің біздің бейнелеу өнері музейінің қорында бірнеше шығармасы бар «Р.Қошқарбаевтың ерлігі. Жеңіс туы» (1985), «Жайылымда» (1975), «Ғасыр куәгері» (1986), «Әлімбетовтың портреті» (1976).

Биыл қылқаламның қас шебері Сахи Романовтың туғанына 100 жыл толуына орай шырғалаңға толы өмірінің шырағданына айналған шығармаларының көрмесі Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде пейзаж бен портретті, кинофильм суретшілігімен қатар меңгерген сан қырлы талант иесі жерлесіміз Сахи Романовтың талантын құрмет тұтып, есте сақтау мақсатында музей қорындағы туындыларынан шағын көрме ұйымдастырылады.

Тұңғышбай аға, алтын уақытыңызды бөліп сырлы сұқбат бергеніңізге мың алғыс! Сіз бүгінгі күнде сексеннің сеңгіріне шығып отырған абыз ақсақалсыз, саналы ғұмырыңызды, ұрпақ тәрбиесіне, мәдениетке, тарих ақтаңдақтарын зерттеуге арнадыңыз. Ғұмырлы болыңыз, деніңіз сау болсын.

Мейрамгүл ЕЛУБАЕВА,

Мәдениет саласының үздігі,

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейібасшысының орынбасары