Сөз – адамның ойын жеткізетін құрал ғана емес, оның дүниені қабылдауына, сезімін тануына, өзгелермен қарым-қатынасына ықпал ететін қуатты психологиялық тетік. Адамның айтқан сөзі өзіне де, айналасына да әсер етеді. Сондықтан сөз мәдениеті – сөйлеу әдебі ғана емес, сана мен мінез-құлыққа қатысты маңызды мәселе.
Қазақ халқы мұны ғылым қалыптаспай тұрған кезеңнің өзінде терең түйсінген. «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жақсы сөзге жан семіреді», «Бата – сөздің анасы» деген ұғымдар халқымыздың сөзді рухани күш ретінде қабылдағанын аңғартады.
Бүгінгі психология ғылымы да бұл түсініктің кей қырларын ғылыми тұрғыдан зерттеп отыр. Америкалық психолог Барбара Фредриксонның позитивті эмоциялар жөніндегі зерттеулері қуаныш, қызығушылық, сүйіспеншілік, үміт секілді жағымды эмоциялар адамның ойлау және әрекет ету аясын кеңейтетінін көрсетеді. Адам жағымды эмоциялық жағдайда жаңа мүмкіндіктерді байқауға, шешімнің бірнеше жолын қарастыруға және әлеуметтік байланыстарды нығайтуға бейім болады. Демек, тілдің адамның эмоциялық күйіне әсер ететін маңызы бар. «Бәрі бітті» деген тұжырым мен «Бұл кезең қиын, бірақ одан шығатын жол бар» деген ой бір жағдайға қатысты айтылғанымен, адамның назарын екі түрлі бағытқа бұрады. Бұл – шындықты өзгерту емес, сол шындыққа берілетін мағынаны өзгерту.
Белгілі психолог Мэттью Либерман және оның әріптестері эмоцияны сөзбен атау құбылысын зерттеп, адамның «мен ашулымын», «мен қорқып тұрмын», «мен мұңайып отырмын» деп сезімін нақты атауы эмоциялық реакцияны реттеуге байланысты ми процестерімен ұштасатынын көрсетті. Яғни, мұңды «мұң» деп атау – әлсіздік емес. Керісінше, адамның өз сезімін түсінуіне жасалған қадам. Бірақ осы жерде маңызды бір шекара бар екенін түсінген жөн. Позитивті ойлау – қайғыны жоққа шығару деген сөз емес. Адам қайғырып тұрса, оған «қайғырма» деу мәселені шешпейді. Ал «Бұл ауыр жағдай екенін түсінемін. Бірақ сен оны еңсеруге қабілеттісің» деу сезімді мойындаумен қатар, үмітке орын қалдырады. Сөздің тәрбиелік әрі психологиялық мәні де осында.
Жеке сөздің мағынасынан бөлек, сөздердің өзара байланысы да маңызды. Мысалы, мұң + үміт = серпілу; қайғы + сабыр = беріктік; қиындық + мүмкіндік = ізденіс; қателік + сабақ = тәжірибе; қорқыныш + батылдық = әрекет. Бұл жерде сөздер бір-бірін толықтырып, жаңа мағыналық реңк қалыптастырады. Сондықтан мұны шартты түрде сөздің синергиялық күші деп атауға болады. Бір сөз адамның назарын проблемаға аударса, екінші сөз сол проблемадан шығатын жолды көрсетуі мүмкін. Мәселен, «жеңіліс» деген сөздің өзі адамды тоқтатуы ықтимал. Ал оған «тәжірибе» сөзін қосқанда, сол жағдайдың мағынасы өзгереді. «Менің қолымнан келмейді» деген тұжырым адамның мүмкіндігін шектейді. Ал «Мен әлі үйреніп жүрмін» деген сөйлем даму мүмкіндігін алдыңғы орынға шығарады.
Бұл – сөздің сиқыры емес. Бұл – адамның жағдайды қалай түсіндіретініне байланысты психологиялық механизм. Осы мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт санасына қатысты айтқан ойларымен де сабақтастыруға болады. Президент қазақ халқын тек тарихтың қасіретін бастан өткерген ұлт ретінде қабылдаудан арылып, жігерлі, өз күшіне сенетін, болашаққа оптимизммен қарайтын ұлттың бейнесін қалыптастыру қажет деген мазмұндағы ой айтты. Бұл – тарихты ұмыту деген сөз емес. Қазақ халқының басынан өткен ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс және басқа да тарихи қасіреттерді білу – ұрпақтың тарихи жадын қалыптастыру үшін қажет. Бірақ сол қасіреттерді ұлттық болмыстың жалғыз сипаттамасына айналдыруға болмайды. Өйткені біздің тарихымызда қасіретпен бірге қайсарлық, қиындықпен бірге төзім, жоғалтумен бірге үміт, сынақпен бірге жігер де бар.
Сондықтан ұлт тарихын баяндағанда «Біз көп қиындық көрдік» деумен шектелмей, «Біз көп қиындықты еңсердік» деген ойды да орнықтыру маңызды. Біріншісі өткенге қарайды. Екіншісі өткеннен күш алып, болашаққа қарайды.
Ұрпаққа қандай сөз қалдырамыз? Бұл мәселе, әсіресе, бала тәрбиесінде өте маңызды. «Сенен түк шықпайды» деген сөз баланың өзіне деген сеніміне кері әсер етуі мүмкін. Ал «Қазір қателестің, бірақ үйренуге болады» деген сөз қателікті соңғы нәтиже емес, тәжірибе ретінде қабылдауға мүмкіндік береді.
Сондықтан ата-ана, мұғалім, қоғам қайраткері, басшы немесе қарапайым азамат болсын – әрқайсымыздың сөзіміздің тәрбиелік салмағы бар екенін ұмытпайық. Біз балаға да, жасқа да, бір-бірімізге де тек қателік пен мінді көрсететін сөз емес, мүмкіндікті көрсететін сөз айтуға ұмтылуымыз керек. Бұл – жасанды оптимизм емес. Бұл – қиындықты мойындай отырып, одан шығатын жолды іздеу мәдениеті.
Жақсы сөз – жақсы ниеттен басталады. Қазақтың «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген мақалын осы тұрғыдан жаңаша пайымдауға болады. Жақсы сөз – жай ғана жылы сөз емес. Ол – адамды кемітпейтін, үмітін өшірмейтін, жігерін жықпайтын, керісінше, ойлануға, әрекет етуге жетелейтін сөз. Сондықтан біздің сөздік қорымызда мұңмен қатар – үміт, қайғымен қатар – қайрат, қорқынышпен қатар – батылдық, қиындықпен қатар – мүмкіндік, жеңіліспен қатар – тәжірибе, тарихпен қатар – болашақ болуы керек.
Президентіміз атап өткендей, өткенді ұмытпайық, бірақ өткеннің мұңына байланып қалмайық. Қайғыны жасырмайық, бірақ қайғыны ұлттың басты сипатына айналдырмайық. Тарихтан сабақ алайық, бірақ болашаққа сеніммен қарайық. Өйткені ұлттың рухын көтеретін сөз – жай сөз емес. Ол қоғамдық санаға әсер ететін мәдени күш. Сөзден ой туады. Ойдан ниет қалыптасады. Ниет әрекетке ұласады. Ал әрекет нәтижеге жеткізеді. Халқымыздың «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген даналығы бүгін де өз мәнін жойған жоқ. Бәлкім, бүгінгі ұрпаққа да, бүгінгі қоғамға да керек сөздің бағыты осы шығар.
Жұпар Рысқұлқызы ЖАҚАН,
Қарағанды облысының тілдерді
дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы
Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі
