Ұлт жанашыры, руханият пен мәдениеттің дамуына, ұлттық спорт пен имани құндылықтардың артуына, туған елі мен туған жерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан мәрт азамат, жомарт жан, ел ағасы Ибкеев Сапар Көшкенұлы мерейлі 70 жасқа толып жатыр.
Қарапайым кенші болып жүріп, өзінің талапшыл өжеттігімен, адал еңбегінің жемісімен ағайынның алғыс, батасын алып, еліміздің елеулі, халқымыздың қалаулы қа зақтың қадірлі ел ағасына айналды.
«Қолы ашықтың жолы ашық» дегендей, алдына келген адамның алақанын бос қайтармайтын, қолынан келгенше қол ұшын беруге дайын тұратын, біреуде болса екен деп тілеуін тілейтін текті тұлға.
Басқасын айтпағанда, бір ғана Ұлт перзенті Жұмабек Тәшенев атындағы Жылдың үздік қайраткерлерін марапаттауда (еңбек ардагерлерін санаторийге жіберу, астарына ат мінгізу), жас ақындардың алғашқы жыр жинағын шығарып бергені руханият пен мәдениетке, Қазақ әдебиетіне жасалған қамқорлығы деп білеміз. Арқаның жас ақындары Ерболат Қуатбек, Рауан Қабидолдин, Жәлел Шалқар, Жәнібек Әлиман, Ерік Нарын, Жадыра Байбұланова, Айзада Рақымжан, Кәмшат Хасендердің поэзия әлемінде жұлдыздары жарқырауына жасаған жақсылығы Жұмабек Тәшенев аталарындай өткір, өр рухты болсын дегені.
Шахан қаласында жыл сайын 9 мамыр Жеңіс күні дәстүрлі түрде өтетін ұлттық ат спорты ойындарының барлық бәйгесін өзі тігіп, халыққа қуаныш сыйлайтынын айтсаңызшы. Мешіттердің құрылысы мен имамдардың демеушісі, Балалар мен Қарттар үйінің қамқоршысы да осы Сапар ағатайым. Сауапты амалдардың бәрінде Сәпкеңің ізі сайрап жатады. Айта берсе, Атымтай ағатайдың жасап жүрген жақсылығын айлап жырласақ та тауса алмайтын шығармыз. Жанымызда жүрген жақсы адамға, жаны жомарт жайсаң жанға Жаратқан бар жақсылығын үйіп-төгіп бере берсін. Әулетіне Алланың нұры жаусын. «Ұлы мен жүрсең, ұлы боласың, ұрымен жүрсең, ұры боласын» дегендей менің де жарқырап жүруіме жан ағатайымның жақсылығы жетіп артылады.
Жомарт жандар мың жасасын!
Айтбай ЖҰМАҒҰЛОВ,
айтыскер ақын
