Жуырда Спорт күніне орай Қарағанды қаласында өңіріміздің спорт саласында елеулі еңбек етіп жүрген азаматтарға арналған тағылымды кездесу өтті. Басқосуға Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының, әлем, Азия және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, олардың жаттықтырушылары, сондай-ақ спорт саласының ардагерлері қатысты.
Айтулы шара барысында ел спортының дамуына өлшеусіз үлес қосып, талай жыл бойы жас ұрпақты жеңіске жетелеп келе жатқан спортшылар мен бапкерлерге ерекше құрмет көрсетілді. Облыс әкімдігі мен Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан олардың еңбегі жоғары бағаланып, алғыс білдіріліп, ақшалай сертификаттар табысталды.
Осындай зор құрметке ие болғандардың қатарында Шет ауданының абыройын асқақтатып жүрген бірқатар азаматтың болуы – жерлестеріміз үшін үлкен мақтаныш.
Солардың бірі – пауэрлифтингтен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Шет ауданының Құрметті ардагері Оспанов Дәрібай Қараманұлы. Ол ұзақ жылдар бойы спорт саласында қажырлы еңбек етіп, жоғары деңгейдегі спортшыларды тәрбиелеуге зор үлес қосып келеді. Дәрібай Қараманұлы – ардагерлер арасында әлемнің төрт дүркін, Азияның бес дүркін және Қазақстан Республикасының он бес дүркін чемпионы, бес дүркін әлем чемпионы Қараман Абдулкәрімнің жеке жаттықтырушысы. Оның шәкірттерінің халықаралық додалардағы толағай жетістіктері – білікті бапкер еңбегінің жемісі.
Ауданымызда тоғызқұмалақ ойынының кеңінен қанат жаюына айрықша еңбек сіңірген азаматтың бірі – Қасқырбаев Балтабай Ақтемірұлы. Жоғары санатты жаттықтырушы Балтабай Ақтемірұлы тоғызқұмалақтың алғашқы негізін қалаушылардың бірі ретінде ұлттық зияткерлік ойынның жас ұрпақ арасында дамуына жол ашты. Ол бірнеше әлем және Азия жеңімпаздарын тәрбиелеп, шәкірттерін биік белестерге бастап келеді.
Құрмет төрінен орын алған тағы бір ардақты азамат – Қызылов Аманкелді Ахмедияұлы. Ол – Қазақстан Республикасының «Құрметті спорт қайраткері», «Қазақ ССР Білім беру саласының үздігі», «Үздік мемлекеттік қызметкер» төсбелгілерінің иегері, Шет ауданының Құрметті азаматы. Аманкелді Ахмедияұлы саналы ғұмырын білім мен спорт саласына арнап, білікті маман ретінде ел құрметіне бөленуде.
Спорт саласындағы жемісті еңбегімен танылған тағы бір жерлесіміз – Абилов Хайролла Нұрабайұлы. Ол – Қазақстан Республикасының «Құрметті спорт қызметкері», «Әдіскер-ұстаз», Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгілердің иегері, жоғары санатты жаттықтырушы. Білікті бапкер самбо мен қазақ күресінен бірнеше әлем және Азия жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындап, ұлттық және әлемдік спорттың дамуына өз үлесін қосып келеді. Оның шәкірттерінің жетістіктері – ұстаз еңбегінің нақты нәтижесі.
Сондай-ақ бұл марапатқа тоғызқұмалақтан әлем, Азия, халықаралық және республика чемпиондарын тәрбиелеп жүрген спорт жанашыры Акишев Азамат Қожанәсіпұлы да ие болды. Ол – тоғызқұмалақтан биік белестерді бағындырған Қожанәсіп Асылхан, Аңсаған және Балғынның әкесі. Балаларының спорттағы жетістіктеріне үнемі қолдау көрсетіп, олардың жарыстарға қатысуына жағдай жасап, демеушілік танытып келе жатқан Азамат Қожанәсіпұлы – нағыз спорт жанашыры. Теміржол саласының ардагері ретінде де елге сыйлы азамат.
Жерлестеріміздің еңбегінің облыс көлемінде жоғары бағалануы – Шет ауданында спортты дамытуға, жас таланттарды тәрбиелеуге бағытталған жүйелі жұмыстың жемісі. Олардың әрқайсысы өз саласында табанды еңбек етіп, талай жасқа үлгі болып, ауданымыздың ғана емес, облысымыздың да спорттық абыройын арттырып келеді.
Спорт – жеңіс пен жүлденің ғана емес, тәртіптің, табандылықтың, еңбекқорлықтың мектебі. Ал сол мектептен чемпиондар шығарып, жас спортшыларға бағыт-бағдар беріп жүрген жаттықтырушылар мен жанашыр жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық.
Қарағанды облысының басшылығы мен спорт саласы өкілдерінің жерлестеріміздің еңбегін елеп, құрмет көрсетуі – олардың көп жылғы маңдай теріне берілген лайықты баға. Спорт күні қарсаңындағы бұл құрмет Шет ауданының спорт саласында еңбек етіп жүрген барша азаматтарға да зор серпін беретіні сөзсіз.
Жерлестерімізге көрсетілген құрмет – ауданымыздың мерейі. Оларға табыс, мықты денсаулық, жаңа шығармашылық жетістіктер тілейміз! Ал шәкірттерінің жеңісі еселеніп, Шет өңірінен талай жаңа чемпиондар шығуына тілектеспіз.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
