Әлемнің қола жүлдесі

Эквадордың Гуаякиль қаласында жасөспірімдер арасында дзюдодан өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен Ақадыр балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Еркен Бекәлі ел намысын абыроймен қорғады.

73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен жас спортшы тартысты бәсекеде шеберлігі мен қайсарлығын танытып, әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді.

Еркеннің жеңісі мұнымен шектелген жоқ. Командалық жарыста да Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетіп, алтын медальға қол жеткізіп, командалық есепте әлем чемпионы атанды.

Алынған асу жас дзюдошының тынымсыз еңбегі мен табандылығының жемісі. Еркеннің спорттағы жетістігіне оның жаттықтырушысы Ерсайын Омаровтың еңбегі зор. Ұстаз бен шәкірттің жүйелі дайындығы мен мақсатқа деген ұмтылысы осындай биік нәтижеге жеткізді.

Еркен Бекәлінің жеңісі Ақадырдың ғана емес, ауданымыздың, облысымыздың, еліміздің абыройын асқақтатқан айтулы жетістік. Оның табандылығы мен жеңіске деген жігері жас спортшыларға үлгі болары сөзсіз.

Ел намысын халықаралық аренада абыроймен қорғаған Еркен Бекәлі мен жаттықтырушысы Ерсайын Омаровты айтулы жетістіктерімен құттықтаймыз! Алда алар асуы, бағындырар биігі көп болсын!

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті