Өмір жолы өнеге

Ел тыныштығы мен заң үстемдігін қорғау – білек пен жүректің, батылдық пен адалдықтың таразыға түсер ұлы майданы. Бұл жазбамыз жауапты да қауіпті салада абыроймен қызмет етіп, ел сеніміне ие болған тұлғалардың бірі, ішкі істер органдарының ардагері жайлы болмақ.

Иген Молбасин – құқық қорғау саласының ардагері, отставкадағы әділет полковнигі, қоғамдық істерге белсене араласып жүрген лайықты тұлға, өмір жолы ерлікке толы. Қылмыстық істерді ашудағы және қауіпті қылмыскерді құрықтаудағы ерекше ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Сондай-ақ, «КСРО ІІМ үздік қызметкері» белгісінің, бірнеше марапаттардың иегері. Баспасөз беттерінде майданда хабарсыз кеткен және ерлік көрсеткен жерлестері туралы жазған «Ер есімі ел есінде» атты тарихи-танымдық мақаласы зор маңызға ие. 1942 жылы соғысқа алынып, Сталинград шайқасына қатысып, 1944 жылы хабарсыз кеткен әкесінің бауыры Молбасұлы Тоққожаның жауынгерлік жолдарын зерттеп, деректер жинап, іздестіру тұрғысында еңбектеніп жүр. Әлеуметтік желілерде Қазақстаннан шыққан батырлар мен соғыс ардагерлерінің тарихын, архивтік құжаттарын анықтауға белсенді атсалысып жүрген жанашыр жан.

Иген Молбасин 1962 жылы дүниеге келген. 1979 жылдары орта мектепті бітіріп, азаматтық өмірге қадам басты. 1984 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін ойдағыдай аяқтағаннан кейін, жолдамамен Қаражал қалалық ІІБ-не инспектор болып жұмысқа орналасады.

1985-1986 жылдары өз еркімен сұранып Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеді. Забайкал әскери округінің Борзя қаласында зеңбірек командирі ретінде 6 айлық дайындықтан өтіп, Моңғол Халық Республикасының Баганур қаласында, кейін Ұлан-Батыр қалаларында әскери прокуратураның тергеушісі қызметін атқарды.

Әскерден кейін өмір жолы құқық қорғау саласымен тығыз байланысты болды. 1986 жылдан бастап Балқаш қалалық ІІБ қылмыстық іздестіру бөлімінде оперативтік уәкіл, аға оперативтік уәкіл, аға тергеуші қызметтерінде болды. Кеңес өкіметі кезінде милиция жүйесінде оперативтік өкілдің қызметі ерекше жауапкершілікті талап ететін жұмыстардың бірі болды. Оперативтік өкіл қылмыстың алдын алу, қылмысты ашу және күдікті адамдар туралы мәліметтер жинаумен айналысты.

Оның негізгі жұмысы тек кабинетте отырумен шектелмейтін. Опер уәкіл оқиға болған жерге барып, куәлармен сөйлесіп, қажетті мәліметтер жинады, күдікті адамдардың байланысын анықтады. Сонымен қатар бұрын қылмыс жасаған немесе милицияның назарына іліккен адамдар жөнінде жедел ақпарат жинап, оны талдады.

Оперативтік жұмыстың ең маңызды бөлігі – жедел ақпаратпен жұмыс істеу еді. Ауыл-аймақта, өндіріс орындарында, мекемелерде және түрлі ортада адамдармен байланыс орнатып, қылмысқа қатысты болуы мүмкін мәліметтерді анықтау қажет болды. Мұндай жұмыста оперативтік өкілдің байқағыштығы, есте сақтау қабілеті, адамдармен тіл табыса білуі және құпияны сақтауы үлкен рөл атқарды. Оның үстіне Балқаш қаласы тоғыз жолдың торабында орналасқан қылмыскерлердің ордасы еді. Ол кезде қазіргі кездегідей компьютерлік деректер базасы, бейнебақылау немесе ұялы байланыс мүмкіндіктері болған жоқ. Сондықтан көптеген мәлімет қағазға тіркеліп, қолмен жүргізілді. Қылмысты ашу көбіне оперативтік қызметкердің тәжірибесіне, із кесу шеберлігіне және адамдардан дұрыс ақпарат ала білуіне байланысты болды.

Оперативтік өкілдің жұмысы сырт көзге байқала бермегенімен, милиция қызметінің ең күрделі әрі қауіпті бағыттарының бірі саналды. Бұл қызмет үлкен төзімділікті, тәртіпті, батылдықты және кәсіби жауапкершілікті қажет етті. Кеңес дәуіріндегі милиция оперативтік қызметінің өзіндік ерекшелігі болды. Оның тарихын зерттегенде, сол кезеңнің заңдары мен қоғамдық-саяси жағдайын ескере отырып, қызметтің жетістіктерімен қатар, сол дәуірге тән қайшылықтарды да объективті бағалау маңызды.

1996-1997 жылдары Тоқырауын аудандық ІІБ қылмыстық іздеу бөлімінің бастығы, кейін аудандық ІІБ бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Қылмысты іздеу бөлімі саяси қылмыстармен емес, негізінен жалпы қылмыстық істермен айналысты, атап айтқанда ауыр қылмыстарды ашу, дам өлімі, ауыр дене жарақатын салу, зорлау, қарақшылық және тонау оқиғаларын тергеу және қылмыскерлерді ұстау, ұйымдасқан қылмыспен және бандитизммен күресу. Сонымен қатар мүліктік қылмыстар, пәтер ұрлығы, мемлекеттік және жеке мүлікті тонау, қалта ұрлығы, алаяқтық және жасырынып жүрген қылмыскерлерді, із-түзсіз жоғалған адамдарды табу, кәмелетке толмағандар қылмысының алдын алу, балалар арасындағы қараусыздық пен бұзақылықпен күрес жүргізу оңай болған жоқ.

Қылмысты іздеу қызметкерлерінің (оларды халық арасында «оперативниктер» немесе «оперлер» деп атаған) жауапкершілігі өте жоғары болды. Заңдылықты сақтау және істі соңына дейін жеткізу, тек қылмыскерді ұстап қана қоймай, айғақтарды жинап, тергеу бөліміне және сотқа өткізуге дейінгі жауапкершілік оперативтік қызметкерге жүктелді. Қатаң есептілік, қылмыстың ашылу пайызы өте қатаң талап етілді. Ашылмаған ауыр қылмыстар үшін шеннен төмендету, жұмыстан қуу немесе тәртіптік жаза қолданылатын. Осы саладағы қызметкерлер өз өмірін қатерге тіге отырып, қоғамдық тәртіп пен халықтың тыныштығын қамтамасыз етуді парызым деп санайтын. Құпиялық пен операциялық құпиялар сақтау, олармен жұмыс істеу және бұл ақпараттың сыртқа шықпауын қатты қадағалау жұмыс барысында қатты ескерілетін.

Жұмысты жүргізу әдістері үнемі өзгеріп отырғандықтан, терең білімділік, табандылық пен жұмысқа адалдықты қажет етілетін. Қылмыскерлер жиналатын немесе қылмыс жасалуы мүмкін орындарда жасырын бақыланатын. Көшедегі қылмыстық ортаға, ұрылар әлеміне болып жатқан жағдайларды дер кезінде анықтау ісі асқан сақтықпен жүргізілгенде ғана оң нәтиже беретін. Бүркеншік есіммен және азаматтық киімде жүру де оңай іс емес еді. Қылмысты іздеу қызметкерлері көбіне форма кимей, азаматтық киімде жұмыс істеді. Осының бәрі сақтықты қажет ететіні түсінікті.

Иген Молбасин 1997-1998 жылдары Тоқырауын аудандық Мемлекеттік Тергеу комитеті бастығының бірінші орынбасары, Балқаш қалалық МТК аса қауіпті қылмыстар мен наркобизнеске қарсы күрес бөлімінің бастығы болды. Қазақстанда аса қауіпті қылмыстар мен наркобизнес саласында жұмыс істейтін полиция қызметкерлерінің қызметі екі жақты сипатқа ие. Бір жағынан күрделі халықаралық операциялар мен ерліктер, екінші жағынан «заң киіп жүрген» қылмыскерлердің ұятсыз әрекеттері. Иген бастаған балқаштық оперлар есірткі синдикаттарына қарсы ірі әрекеттерге белсене қатысты. Республикадағы облыстар мен қалалардағы есірткімен күрес басқармаларымен, Балқаш Мемлекеттік тергеу комитетіне қараған Шет, Ақтоғай, Жаңаарқа, Ақадыр аудандарының ІІБ қызметкерлерімен бірлесіп, адамдарды жалған жұмыс ұсыныстары арқылы есірткі бизнесіне тартқан халықаралық желіні жойды. Бұл операция талай уақытқа созылып, есірткі ұялары мен жүздеген адамды анықтауға мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, есірткі бизнесімен күресушілердің өзі заң бұзуға бейім жағдайлары кездескенін жасыруға болмайды.

Қазақстандық милиция есірткі бизнесіне қарсы ауқымды әрекеттер жасап, халықаралық деңгейде нәтиже көрсетті. Дегенмен, құқық қорғау органдарының ішіндегі сыбайлас жемқорлық пен заңсыз әрекеттер бұл күрестің тиімділігіне нұқсан келтіріп, жүйенің өзекті мәселесі болып өткен уақыттың тарихында қалып қойды.

1998-2008 жылдары Еңбекпен түзеу мекемесі бастығының орынбасары қызметіне келді. Сол жерден еңбек демалысына шықты.

2008 жылы құрметті демалысқа шыққаннан кейін де еңбектен қол үзбей, «Жедел Күзет» мекемесінде, «Қазақмыс» корпорациясының қауіпсіздік департаментінде, Қарағанды құю зауытының Қауіпсіздік қызметі бастығы және «Qarmet» корпорациясында инспектор лауазымдарын абыроймен атқарды.

Көпшілік біле бермейтін, бірақ тарихта өшпес із қалдырған айтулы оқиға жөнінде айта кетсек. 1988 жылдың 27 қазанында жедел іздестіру шаралары кезінде Балқаш қалалық ішкі істер бөлімінің оперативтік өкілі, милиция лейтенанты Иген Молбасин бұрын 9 рет сотты болған аса қауіпті қылмыскерді ұстауға әрекет жасады. Құрықтау сәтінде күдікті қарсылық көрсетіп, Игеннің өкпесіне пышақпен бірнеше рет ауыр жарақат салып, қашуға әрекеттенеді. Ауыр жарақатына, аузынан көбікті қан кеткеніне қарамастан, офицер 300 метр бойы қылмыскердің соңынан қуып жетіп, самбо күресінің әдісімен оны қарусыздандырып, қолына кісен салады. Сол сәтте қарақшы топ пайда болып, қылмыскерді босату жөнінде талап қояды. Алайда жүректі офицер олардан қаймықпайды, дереу кетулерін талап етті, талабы орындалмаса, қару қолданатынын айтты. Жас жігіттің сұсынан сескенген бұзақылар дереу жөндеріне кетеді. Шын мәнінде ол кезде жанында қаруы жоқ еді. Қылмыскерді үлкен қиындықпен милиция бөліміне жеткізеді. Осыдан кейін ғана өзі аурухананың жансақтау бөліміне түскен болатын.

Офицердің осы жанқиярлық ерлігін бағалап, Балқаш қалалық ІІБ жеке құрамы мен басшылығының ұсынысы, Жезқазған облыстық ІІБ бастығы, генерал-майор Р.Е.Қайдаровтың қолдауымен ол мемлекеттік марапатқа ұсынылды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1989 жылғы 9 тамыздағы Жарлығымен Иген Молбасин «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.

Иген Молбасинмен сұхбат барысында өзімен бірге қызмет еткен әріптестері жайлы жайлы сұрадық: «Арада талай жылдар өтті, көптеген жақсы азаматтармен істес болдық, мүмкін біразын ұмытқан да болармын, әйтседе есімдегілерін айта кетейін. Балқаш қалалық ІІБ қылмысты ашу бөлімінде істеп жүргенде: Омарбеков Төлеген, Қасымов Ұлан, Иманғалиев Жанат, Голубев Юрий, Абрамов Вениамин, Кикоть Владимир, Ауылбаев Бүркіт, Ажкенов Ербол, Мәлібеков Ұлан, Жабаев Абзал, Бәкенов Мұрат, Көшкенов Болат, Бектұров Болатхан, Әділғожин Бақытжан сынды Жезқазған ІІ Басқармасынан: Нұрмақов Мұқан, Қарақұлов Дәулет, Сәкенов Әсет, Махатов Мұстафа, Сарбаев Жетпіс, Дәуітбаев Болат, Арыспаев Қожан, Шоланов Амантай, Жанбеков Ғалым, Елеубеков Мейірғали, Карсембаев Тілеуберген, Әбішева Гүлғайша, Байкенжина Гүлбағила, Омаров Бектұрсын, Тәттімбеков Қозыбай, Сүлейменов Дулат, Кеңгірбаев Көбей, Башеев Қали тағы басқа әріптестермен табысты еңбек еттік. Басшыларым: милиция генерал-майоры Қайдаров Рүстем Есімханұлын, Шалқыбаев Бейсенбай Садықұлын, Касьяненко Сергей Николаевичті, Башанов Марат Башанұлын, Шөженов Жұмағұл Нығметұлын сынды азаматтарды әсте ұмытуға болмайды».

Бүгінгі таңда Иген аға ел ағасы және жастар тәлімгері ретінде қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүр. Үңірек ауылының 90 жылдығы мен Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлері туралы деректер жинап, мектеп шараларына белсене қатысады. Облыстық Ішкі істер басқармасының Тәлімгерлер Кеңесінің мүшесі ретінде жас полицейлерді отаншылдыққа, батылдыққа баулып келеді.

Жуықта Ұлытау облыстық ІІБ музейінде Иген Молбасиннің ерлігі мен өмір жолына арналған арнайы бұрыш ашылып, оның фотосуреті мен ақпараттары ресми түрде орнатылды. Салтанатты шараға ІІБ бастығы Асхат Дүйсенбеков, Аманбек Мұқатаев және «Кадет» сыныбының жас сарбаздары қатысып, ардагерге ерекше құрмет көрсетті.

«Осы кәсіпкті қалай таңдадыңыз?» деген сауалға: «Мектепте оқып жүргенде қазақтың алғашқы детектив жазушысы Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ», «Асудағы атыс», «Сарықабанда болған оқиға» т.б.  романдарын оқығаннан кейін пайда болды» деп жауап берген болатын.

Өз өмірін ел қауіпсіздігіне арнап, сұрапыл сәтте міз бақпаған Иген Молбасиннің бұл ерлігі – бүгінгі және келер ұрпақ үшін шынайы отансүйгіштіктің жарқын үлгісі.

Аңғар СМАҒҰЛ,

Қазақстан журналистер одағының мүшесі