Адамның бойындағы қабілет пен таланттың шын мәнінде ашылатын тұсы – еңбек. Өйткені мүмкіндік адамға жол көрсетуі мүмкін, ал сол жолдың соңына жеткізетін күш – маңдай тер мен табандылық. Еңбек адамды шыңдап қана қоймай, оның кәсіби әлеуетін қалыптастырады, өмірлік ұстанымын бекемдейді. Бір мамандыққа бірнеше буынның ғұмырын арнауы да – еңбектің отбасы дәстүріне айналғанының айғағы.
Қарағанды облысында жыл сайын өтетін республикалық «Еңбек жолы» байқауы осыны айқын көрсетіп келеді. Биыл да өңірдің әр түкпірінен кәсібіне адал, өз ісін жетік меңгерген еңбек адамдары сынға түсіп, үздіктер анықталды. Еңбек күні қарсаңында өткен марапаттау рәсімінде еңбек әулеттері, тәлімгерлер мен жас мамандарға құрмет көрсетіліп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды.
Салтанатты жиында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев еңбек адамының қоғамдағы орнына тоқталды.
– Еңбек күні – өз еңбегі, білімі мен таланты арқылы облысымыздың, тұтас еліміздің болашағына үлес қосып жүрген барша еңбек адамдарына деген құрметтің белгісі. «Еңбек жолы» байқауы жыл сайын елге өз ісіне адал, еңбегімен елге үлгі болып жүрген азаматтарды танытып келеді. Кәсіби шеберлігін ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп келе жатқан еңбек әулеттері, мол тәжірибесін жастарға үйреткен білікті тәлімгерлер және бүгінде жоғары жетістіктерімен танылып жүрген жас мамандарымыз – біздің ерекше мақтанышымыз. Сіздердің күн сайын атқарып жүрген жасампаз еңбектеріңіз – өскелең ұрпаққа көрсетілетін ең жақсы өнеге, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Үш буынға жалғасқан еңбек
«Үздік еңбек әулеті» аталымында бірінші орынды Топардағы Қарағанды МАЭС-інде еңбек ететін Хабибуллиндер отбасы иеленді. Энергетика саласында үш буын өкілін біріктірген әулеттің бір кәсіпорындағы жалпы еңбек өтілі 170 жылға жуықтайды.
Әулет жолын Хамза Хабибуллин 1973 жылы Топардағы Қарағанды МАЭС-іне жұмысқа орналасудан бастады. Кезекші слесарь болып еңбекке араласқан ол кәсіби білігін жетілдіріп, қазандықтардың аға машинигіне дейін көтерілді. Зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып отырмай, тәлімгерлік қызмет атқарып, кейінгі буынға білгенін үйретті.
Әкесінің кәсіби жолын екі ұлы жалғастырса, уақыт өте келе үш немересі де атасының жолын таңдап, энергетика саласына келді. Осылайша бір мамандық әулеттің ортақ құндылығына айналды.
– Біздің отбасымыз үшін бұл жеңіс жай ғана марапат емес, бірнеше ұрпақтың еңбегіне берілген жоғары баға. Олар өз үлгісімен мамандық өмірдің ажырамас бөлігі әрі отбасылық дәстүр екенін көрсетті. Еңбек әулетіміздің осындай жоғары марапатқа ие болғанын мақтан тұтамыз. Бізге еңбекке деген сүйіспеншілікті дарытқан ата-анамызға алғысымыз шексіз. Бұл байқауды жалғастыру қажет. Өйткені еңбек – құрмет пен абыройдың белгісі екенін барша жұрт көрсін, – деді энергетика саласында 20 жылдан астам уақыт еңбек еткен, бүгінде станцияның оқу орталығында инженер болып жұмыс істейтін Андрей Хабибуллин.
Бұл аталымда Саран қаласынан келген Шабельниктердің педагогтер әулеті екінші орынға ие болды. Үшінші орын Теміртаудағы металлургтер әулеті – Приваловтар отбасына және Шахтинскіден келген энергетиктер әулеті Лопатиндерге бұйырды. Приваловтар отбасы мүшелерінің металлургия саласындағы жалпы еңбек өтілі 112 жылдан асады.
Тәжірибені кейінгі буынға беру
Еңбектің қадірін арттыратын тағы бір қасиет – жинаған тәжірибені өзгеге үйрету. Кәсіби шеберлік тек жеке жетістік болып қалмай, кейінгі буынға берілгенде ғана жалғасын табады. Осы тұрғыдан алғанда тәлімгердің еңбегі де ерекше.
Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері атанған Жарасқан Әбдірешов – Шахтинскідегі Qarmet Machinery кәсіпорнында токарь болып еңбек ететін білікті маман.
– Мен өнеркәсіп саласында көп жылдан бері еңбек етіп келемін және бір білерім: ортақ нәтиже әр адамның еңбегінен құралады. Өз мамандығыңызды құрметтеңіздер, еңбектеріңізді бағалаңыздар – сонда еңбектің лайықты бағасы міндетті түрде беріледі, – деді Жарасқан Әбдірешов.
Аталған аталымда екінші орын Қарағанды қаласының мектеп психологы Алёна Сыскинаға берілді. Үшінші орынды Бұқар жырау ауданынан келген кітапханашы Майгүл Асқарова мен Қарқаралы ауданындағы тоғызқұмалақ жаттықтырушысы Бүркіт Бейсенаев бөлісті.
Жастар таңдаған еңбек жолы
Еңбек нарығының болашағы – өз кәсібін саналы түрде таңдаған жас мамандарға байланысты. Бүгін мамандыққа енді қадам басқан жастардың ертең елдің түрлі саласын алға сүйрейтін білікті кадрға айналары анық.
«Үздік жас маман» аталымында түрлі кәсіп иелері арасынан Ақтоғай ауданында еңбек етіп жүрген дәрігер Әлихан Махамбет бас жүлдеге лайық деп танылды.
Балқашта туып-өскен жас маман екі жыл бұрын Қарағанды медицина университетін тәмамдаған. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін туған өңіріне жақын ауылдық жерде еңбек етуді таңдаған.
– Жас мамандарға көрсетіліп отырған қолдау көңіл қуантады. Маған қызметтік баспана беріліп, көтерме жәрдемақы төленді. Мемлекет ауыл медицинасының дамуына да айрықша көңіл бөліп отыр, – дейді жас дәрігер.
Бұл номинацияда екінші орынды Балқаш мыс қорыту зауытының конвертершісі Болат Мұхамедяр иеленді. Үшінші орын Приозерск қаласының математика пәнінің мұғалімі Ақниет Ағатаева мен Қарағанды қаласының теміржолшысы, электровоз машинисі Айдын Жақсылыққа берілді.
Байқау барысында еңбек адамын елге таныту мәселесіне де назар аударылды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қалалар мен аудандарда байқау лауреаттарының суреттері бейнеленген билбордтар орнатуды ұсынды. Бұл – еңбегімен ерекшеленген азаматтарды көпшілікке үлгі етудің бір жолы.
Енді өңірлік кезеңнің жеңімпаздары республикалық «Еңбек жолы» байқауының финалында Қарағанды облысының намысын қорғайды.
Еңбек – тек күнкөрістің көзі емес, адамның өзін тануына, қабілетін жетілдіруіне, қоғамдағы орнын табуына мүмкіндік беретін үлкен мектеп. Бір адамның табандылығы отбасылық дәстүрге айналса, бір маманның тәжірибесі тұтас бір буынның кәсіби қалыптасуына жол ашады. Сондықтан еңбекке құрмет – ең алдымен адам мүмкіндігіне, оның маңдай терімен жеткен жетістігіне құрмет.
Қарағандыдағы «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары – осы қарапайым ақиқаттың нақты мысалы. Олардың әрқайсысының еңбек жолы кейінгі ұрпаққа бір нәрсені аңғартады: адамның әлеуеті өздігінен ашылмайды. Ол маңдай термен, ізденіспен, төзіммен және өз ісіне деген адалдықпен қалыптасады.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ
