Жұмысшы мамандарға сұраныс артты

Қарағанды облысы – индустриалды өңір. Сондықтан аймаққа инвестиция құйып, кәсіпорындар ашуға ниетті кәсіпкерлер қарасы қалың. Әрине, жаңа өндірісті іске қосу үшін кадр керек. Осы мақсатта көмірлі өлкедегі оқу орындары өнеркәсіпке қажет мамандарды әзірлеуге баса көңіл бөліп отыр. Мәселен, бүгінде облыс колледждері Сарандағы жаңа кәсіпорынға мамандар даярлауды қолға алды.

Кейінгі жылдары Саранда тың өндірістер көптеп ашылып жатыр. Солардың бірі – Saran Machinery компаниясы Howo және SITRAK брендтерімен жүк көліктері мен басқа да ауыр коммерциялық техникаларды шығарады. Бірақ оны шығару үшін маман керегі айдан анық. Бұл үшін өндіріс ошағы аймақтағы он колледжбен меморандумға қол қойды. Енді колледжер машина жасау өндірісіне қажет мамандарды даярлап беруге тиіс. Оқу бағдарламасы шеңберінде жұмысшыларды дуальды оқыту көзделген. Яғни оларды кәсіпорын базасында өндірістік тәжірибеден, тағылымдамадан өткізу және нақты өндіріс үдерісімен таныстыру арқылы даярлау жоспарланып отыр. Бұл мамандардың жұмыс орындарына заманауи технологиялар, жабдықтар және сапа талаптары туралы алдын ала біліп келуіне жол ашады. Осылайша компания өндірістік инфрақұрылымды құрумен қатар кадрлық резервті де қалыптастыруға көңіл бөлмек.

Өндіріске түрлі бағыттағы маман қажет. Сол себепті компания студенттерді оқу кезінде-ақ практикалық тұрғыдан даярлауға басымдық береді. Saran Machinery компаниясымен меморандумға қол қойған серіктестер қатарында Қарағанды, Саран және Шахтинск қалаларындағы машина жасау, көлік және өнеркәсіп салаларына маман даярлайтын колледждер бар. Келісімдер аясында кәсіпорын өз мамандарын студенттерді оқытуға қатыстырмақ. Және өндірістік тәжірибе ұйымдастырып, білім беру бағдарламаларын колледждермен бірге жетілдіруді жоспарлап отыр.

Колледждер компаниямен бірден келісімге қол қоя салған жоқ. Алдымен сұранысты анықтап, компания мүмкіндігін зерттеді. Колледж басшылары Saran Machinery өндірістік алаңына барып, жабдықтармен және еңбек жағдайларымен танысты. Сондай-ақ болашақ қызметкерлерге қажетті құзыреттер талқыланды.

Сонымен қатар компания болашақ жұмысшыларды даярлаумен қатар, қазір өндіріс орнында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің біліктілігін арттыруға да көңіл бөледі. Бұл тәсіл Саран қаласы үшін ерекше маңызға ие. Кейінгі жылдары қаланың индустриялық аймағында ірі өнеркәсіптік жобалар іске қосылып келеді. Қазір алаңда тоғыз зауыт жұмыс істеп тұр. Ал тағы бес жоба жүзеге асып жатыр.

Манас АҚСАРЫ