Осы сәуір айында Қарағандылық майталман суретші Жүрсін Балкенов 79 жасқа толады, туған күні қарсаңында қолыма қалам алып ұлағатты ұстаз жайлы шағын мақала жазуды жөн санадым.
Жүрсін ағамыз зейнеткер болғанына қарамастан, қашанда біздің қасымыздан табылады, қарағандылық суретшілерге ақылын айтып, жөн көрсетіп жүретін ұлағатты ұстаз.
Жүрсін Балкенов 1945 жылы 4 сәуірде Қарағанды қаласында дүниеге келген, 1971 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тамамдаған, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кәсіби – көркем өнер факультетінің дизайн және бейнелеу өнері кафедрасының профессоры, Педагогика ғылымдарының кандидаты, Халықаралық «Әлем педагогикасы» ассоциациясының мүшесі, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Көркем Академиясының корреспондент мүшесі, «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталған.
«Өнерлі өрге басады» – дейді халқымыз. Өнердің әр саласында елі үшін, ұрпақ үшін еңбек етіп, тер төгіп жүрген азаматтар аз емес, сондай ұлт жанашырының бірі ол Балкенов Жүрсін. Сонау 1987 жылы Қарағандыға аспирантураны енді бітіріп келген жас маман жүгіріп жүріп, өнерлі жастарымыз білім алсын, оқысын деп Педагогикалық институтта «Көркем сурет» факультетінің қайта ашылуына да ықпал еткен осы Жүрсін ағамыз болатын.
Осы білім ордасында талай түлектерге қанат бітіріп, өмірде дұрыс жол таңдауына ағалық қамқорлығын көрсетіп келеді.
«Өнер көзі халықта» – халқымыздың бай мұрасында десек, ата-бабамыздан келе жатқан түрлі өнердің ішіндегі күрделі де және нәзігі, екінің бірінің қолынан келе бермейтін, тек нағыз талант қана биікке көтеріп, дәріптей алатын, әрдайым еңбектенуді, ізденуді талап ететін сыршырай (живопись) өнері десек артық айтқандық болмас еді.
Сол өнер жолында бүкіл өмірін сарп етіп, табанды еңбегімен осы өнер жолында танылып, көпшіліктің қошаметіне бөленіп жүрген суретші ол Жүрсін аға.
Жүрсін ағамен сұхбаттасудың да сәті түскен еді. Сол сұхбаттан үзінді келтірсем….
– Сіз бала кезден сурет салуға құштар болдыңыз, әрі балалық шағыңыз қасиетті Қарқаралы жерінде өтті, сол әсем табиғат әсер етті ме? Әлде біреуге еліктедіңіз ба?
– Мен бала кезден сурет өнеріне қатты қызықтым, әрі сол кездегі мектепте бейнелеу өнері сабағынан берген Ахмат Сингатуллиндей алғашқы ұстазымның ықпалы да зор болды, әрине Қарқаралы қасиетті жер ғой оның да әсер болмады деп айта алмаймын.
Қандайда бір суретшінің шығармашылығы жыл өткен сайын қанша дамыса да, қаншалықты жан-жақты кең ауқымды болса да, оның бастар бұлағы ол – «балғын балалық шақ».
– Абай атындағы Педагогикалық институтта қандай ұстаздарыңыз болды?
– Абай атындағы Педагогикалық институтта оқып жүрген кезде де Айша Ғалымбаева, Мұхит Қалимов, Қайдар Рахимов, Әли Жүнісов (мүсінші) сияқты талантты да танымал өнер тарландарынан білім алдым. Осындай өнер тарландарының шеберханасында болып жұмыстарын көру, дәрісін тыңдаудың өзі үлкен бақыт еді.
– Бүгінгі күндегі жас суретшілерге көңіліңіз тола ма?
– Бұл өзі өте бір күрделі мәселе, көңілім толады деп айта алмаймын, біздің қазақ жастары (бәрі деп айтпаймын) жігерсіз, жалқау болып бара жатқандай, ал өнер жалқаулықты кешірмейді, өнер жолына түскен адам шыдамды, жігерлі, ізденімпаз, кез-келген қиындыққа төтеп бере алатын, ең бастысы дарынды сол өнерге деген ерекше құрмет болу керек. Егер бойында осы қасиеттер болса оны өнерге баулып, әрі қарай дамытып алып кетуге болады. Өнер жолы өте қиын жол, ауыр әрі киелі жол, бұл өнер жолына түсу екінің бірінің пешенесіне жазылған қасиет емес, сондықтан өнер жолын таңдадың ба? Бар қиыншылығына төзе білу керек. Шыдамды болу керек, өнер жолы жалқаулықты кешірмейді.
– Өнерлі өрге басар дейді халқымыз? Осы ұлттық мәдениетімізді дамыту жолында жастарға қандай ақыл, кеңес айтар едіңіз?
– Ата-бабамыздан қалған асыл мұраны дамыту ол біздің басты міндетіміз. Бүгінгі күнде жастарға мол мүмкіндік берілген, тек сол мүмкіндікті тиімді пайдалан білу керек.
Ата-бабаларымыздың бүгінгі ұрпаққа қалдырған бай мұрасы-ұлттық өнерімізді ұмытуға болмайтынын қазіргі жаһандану дәуірі дәлелдеп берген жоқ ба? Қандай ұлт болсын асыл қазынасын күнделікті тірлігінде пайдаланып, ұрпақ иелігіне жаратып, сол дәстүрде тәрбиелеуге міндетті. Жалпы мемлекеттің мемлекет болып қалуы, әрі қарай дамуы, рухтың биік мақсат-мұраттардың иелігінде.
Ұлттық өнердің пайда болуын, оның тарихи дамуына сай зерттеулерін Жүрсін ағамыздың еңбектерінен молынан аңғаруға болады.
– Бүгінгі күнде неге біздің қаламызда мемлкеттік тілді жете меңгерген өнертанушылар жоқ?
– Иә, бұл бір күрделі мәселенің бірі, қазақ тілінде пікір білдіру үшін, адам алдымен өзі қазақша ойлай алу керек, ал ондай азаматтар бізде жоқтың қасы, оның үстіне ондай өнертанушыларды арнайы дайындайтын, оқу орындарының жоқтығы да үлкен бір қиын мәселе.
– Халық өнері –оның өткенінен мол мағұлмат беретін шежіре әрі тарих. Осы жайлы не айтасыз?
– Осы тұста мені толғандыратын үлкен мәселенің бірі осы халық өнері және тарихымыз. Қазір бізде әр рудың, әр жердің батыры көбейіп кетті «Дулыға киіп, сақал қойғанның бәрін батыр деуге болмайды». Әрине ұрпағымыз өз елін, өз жерін жаудан қорғаған батырларын, өз тарихын білу керек, бірақ ол үлгі болатындай «ТҰЛҒА» болу керек.
Тағы бір мені қынжылтатын мәселе, Абайдың ескерткіші Қазақстанның барлық қаласында бар. Бірақ, қай қаланы алсаңыз да Абайдың отырған мүсіні жоқ. Алматыда, Қарағандыда, Семейде, Астана қаласында Абай тік түрегеп тұр. Тек Москва қаласындағы Абайдың ғана отырған бейнесі берілген бір-біріне ұқсас мүсіндер. Сонда не? Абай отырмаған ба? Абай атқа мінбеген бе? – деген ой туады. Бұл көркемдік ерекшелік. Әлем мойындаған Абай образын неге жан-жақты етіп бейнелемеске? Бұл жас ұрпақты тәрбиелеуде атқаратын рөлі зор. Бұл біздің тарихымыз ғой.
Халқымыздың мыңдаған жылдар бойы қалыптасу тарихында рудан тайпаға, тайпалар одағынан ұлтқа айналу процесінде оның рухани дүниесі де дамып, ұлттық өнері болған және ол басқа ұлттарға үлгі боларлықтай асыл қасиеттері мол жинақталған асыл мұра.
«Халық өнерінің мұрасы» деген ұғым көп мәселені қамтитын, әсіресе халқымыздың ұлттық өрнек өнерінің дәстүрін жаңа биікке көтеруге ат салысу-осы арқылы өнерге қатысты мекемелер мен зиялы қауымның ортақ мақсаты.
– Қазіргі қазақ идеологиясы қандай болуы керек?
– Қазір ұлттық идеология бар деп те айта алмаймын. Қазақ идеологиясы қандай болуы керек деген мәселеге тоқталар болсақ. Егер қазақтың ұлттық идеологиясын шындап қалыптастыратын болсақ, оның негізгі нысанасы, ұлттық мақтаныш сезімі – ғылымы мен өнері болу керек.
Қазақта ешбір ұлт айта алмаған бір ерекешелік бар ол ТҮС, мысалы жылқы малының жүз түсі бар, оны екінің біле бермейді.
Қазақ дәстүрінде жылқының түр-түсін үш топқа бөліп қараған. Олар қылаң, баран және ала түстер. Мәселен, этнограф-ғалым Х.Арғынбаев қылаңға-ақ, боз, буырыл, көк буырыл, теңбіл, құбақан, сары, құла, құла жирен, шабдар, сұр, көк, құлагер, нарқызыл, қызыл, сары-қызыл түстерді, баранға-торы, қара, қара-көк, қара-сұр, жирен, күрең түстерді, ал, алаға – сарыала, сұрала, көкала, керала, қоңыр ала, күрең ала т.б. түстерді жатқызады.
Мәселен, Ақан сері «Құлагер» әнінде:
Жел соқса қамыс басы майда деймін,
Ат қостым, ат айдаушы қайда деймін.
Алдыңғы ат қылаң болмай баран болды,
Жығылмаса Құлагер қайда, – деймін деген өлең шумағын алсақ «қылаң», «баран» деген түстерден қашықтықты, кеңістікті, кең жазираны аңғарамыз.
Осылай сөйлейтін ұрпақ болса, ол кез-келген жерде жарып шығары сөзсіз.
– Музейдің сіздің өміріңіздегі алатын орны?
– Қазақстанның мен барлық қаласын аралап шықтым десем болады, сонда көзім жеткені «Тарихи өлкентану» музейлері барлық қала, облыс, аудан орталықтарында бар. Ал, бейнелеу өнері музейі саусақпен санарлық қана, оның ішінде Қарағанды облысында бұл жалғыз көркем өнер музейі.
Көрмелер, шаралар, мерекелік іс-шаралар өткізіп облысымыздағы суретшілердің шығармашылығымен таныстырып келешек ұрпаққа эстетикалық тәрбие беріп, біздің яғни суретшілердің шығармашылығын насихаттап жүрсіздер, сондықтан сіздерге өте ризамын. Түсіне білген адамға бұл атқарып жатқан жұмыстарыңыз өте сауапты іс.
– Иә, Жүрсін аға сізге де осы сұхбатымызға келіп қатысып ой-пікіріңізді білдіргеніңіз үшін көп рахмет. Сіз жетістікке жеттім енді болды дейтін азамат емессіз, сондықтан әлі де алар асуларыңыз көп болсын. Келіп жеткен туған күніңіз құтты болсын, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз.
Осылайша өнер, өрнектері төңірегінде сыр шертісіп, өмірін тек еңбекпен, өнермен ғана елестете алатын ағамыздың айтуына қарағанда, өрнек өнерінің өз дәрежесінде бағаланып, сақталып, болашақ ұрпаққа жетуі жауапты іс. Осы тұрғыда өзі де талмай еңбек етіп келеді. Біздің музей қорында суретшінің бірнеше шығармасы бар.
Мейрамгүл ЕЛУБАЕВА,
Мәдениет саласының үздігі.
Қарағанды облыстық
бейнелеу өнері музейі
басшысының орынбасары