Өскеменнен Қарағандыға дейінгі жол. Бір отбасында дүниеге келген, бір күнде өсіп-жетілген, бүгінде Қарағанды қаласында орналасқан 6505 әскери бөлімінде Отан алдындағы борыштарын қос егіз өтеп жүр. Абдрахманов Мадиар мен Абдрахманов Бахтияр үшін әскери қызмет – жай ғана міндет емес, азаматтық жауапкершілік пен елге деген адалдықтың көрінісі.
Шығыс Қазақстанның Өскемен қаласында дүниеге келген Мадиар мен Бахтияр бала кезінен бірге өсіп, қуанышы мен қиындығын қатар бөлісіп келеді. Тағдырдың жазуымен егіз болып дүниеге келген ағайындылардың өмір жолы да ұқсас өрбіді. Бүгінде олар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Қарағанды қаласында орналасқан 6505 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет атқарып жүр.
Әскери өмірдің өзіндік тәртібі мен талабы бар. Күнделікті жауынгерлік дайындық, саптық жаттығулар, әскери тәртіп пен жауапкершілік – әрбір сарбаздан табандылық пен төзімділікті талап етеді. Ал Мадиар мен Бахтияр үшін бұл сынақтардан бірге өту үлкен қолдау болып отыр.
Бір әскери бөлімде, бір сапта жүрген егіздер бір-біріне әрдайым демеу. Бірінің жетістігі екіншісіне жігер берсе, қиын сәттерде бір-біріне қолдау көрсетіп, әскери міндеттерін абыроймен орындауға ұмтылады. Олардың қатар қызмет етуі – бауырмалдықтың, өзара сенім мен бірліктің жарқын үлгісі.
Әскери қызмет жас жігіттерге тек әскери тәртіпті меңгеруді ғана үйретпейді. Ол Отан алдындағы жауапкершілікті сезінуге, достықты бағалауға, қиындыққа мойымауға және кез келген жағдайда бірлікті сақтауға тәрбиелейді.
Өскеменнен аттанып, Қарағандыда әскери борышын өтеп жүрген қос сарбаз үшін бүгінгі күн – өмірлік тәжірибе жинап, азаматтық ұстанымдарын қалыптастыратын маңызды кезең.
Егіздердің басты ерекшелігі – олардың сыртқы ұқсастығында ғана емес, ортақ мақсатқа бірге ұмтылуында. Бір шаңырақтан шыққан қос азамат бүгінде бір сапта тұрып, бір елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында қызмет етуде.
Екі тағдыр, екі жүрек, бір ананың үміті және бір Отанға деген адалдық. Мадиар мен Бахтиярдың әскери жолы – бауырлықтың бекемдігін, елге қызмет етудің мәртебесін айқындайтын өнегелі оқиға.
Өйткені Отан алдындағы борышты өтеу – әр азаматтың абыройлы міндеті. Ал сол міндетті туған бауырыңмен бірге атқару – екінің біріне бұйыра бермейтін ерекше мәртебе.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі
