Олжас БЕКТЕНОВ: «Саран қаласы айтарлықтай түрленді»

Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов Саран қаласын көпке үлгі етті. Үкімет басшысының айтуынша, Саранның үлгісінде елдегі моноқалаларда индустриялық аймақтар құрылуға тиіс. 2021 жылы мұнда индустриялық аймақ ашылғаны белгілі. Сол уақыттан бері бюджетке түсетін салық көлемі 4,5 есеге өсті.

Қазір Қазақстандағы 20 моноқалада 1,4 млн адам тұрады. Алайда, бұл қалалардың елдің өнеркәсіптік өндірісіндегі үлесі қомақты. Негізгі зауыттар мен фабрикалар шоғырланған бұл қалалар былтыр өнеркәсіптік өндіріс көлемінің 40 пайызын берді. Бұл тұрғыда арнайы аймақтар ерекше ықпал етіп отыр. Саран – бұл сөзіміздің жарқын мысалы. Үкімет моноқалаларды әртараптандыруға ерекше көңіл бөлмек.

– Аталған тәжірибе халықтың әл-ауқатына оң әсер етеді және бұл бастаманы барлық моноқалада қолдану қажет деп санаймыз. Өздеріңіз білетіндей, экономиканы әртараптандырудың үлгілі мысалы – Саран қаласы.

Саран индустриалды аймағы 2021 жылы құрылғанынан бастап қала дамуындағы оң динамикасын атап өтуге болады, – деді Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Саранға үш жылда 410 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Автокөлік, автомобиль шиналары, полиэтилен құбырлары мен тұрмыстық техника шығаратын кәсіпорындар ашылды. Қазір қалада көпқабатты үйлер қалпына келтіріліп жатыр. Әрине, Үкіметтің Саранның тәжірибесін үлгі ететіндей жөні бар.

Саран қаласы айтарлықтай түрленді. Даму көрсеткіштері жоғарылады. Өнеркәсіп министрлігі Ақтөбе, Атырау және Қарағанды облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, Саран қаласының үлгісі бойынша осы жылдың соңына дейін Хромтау, Сәтбаев, Балқаш және Құлсары моноқалаларында индустриялық аймақтар құруы қажет. Кейін бұл тәжірибені басқа моноқалаларға да тарату керек. Мысалы, оңтайлы тәсілдер Саран мен Текеліге моноқалалар тізімінен шығуға мүмкіндік берді, – деді Премьер-Министр Олжас Бектенов.

Saran индустриялық аймағы бұрынғы РТИ зауытының өнеркәсіптік алаңында құрылды. Жоғарыда аталған кәсіпорындардан бөлек, металлургия саласы бойынша жаңа жобалар жоспарлануда.

2021 жылы жұмысын бастаған «Qaztehna» зауыты автобус шығарады. Бүгінгі таңда кәсіпорында шағын торапты құрастыру, дәнекерлеу және бояу цехтары бар. Былтыр зауыт 1700-ге жуық автобусты құрастырды. Зауыттың өніміне ішкі нарықтан бөлек, ЕАЭО елдерінен сұраныс зор болып отыр.

«KamaTyresKZ» кәсіпорнында автокөлік шиналары шығарылады. Осы көктемнен бастап сериялық өндіріс жолға қойылмақ. Ол үшін 500-ден астам қызметкер арнайы оқудан өтіп келді. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда тағы 1000-нан астам жұмыс орны ашылмақ.

Зауытқа 214 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Жылына 3,5 млн жеңіл, жеңіл жүк және жүк шинасын өндіреді.

Жалпы, Қарағанды облысында биыл 252 млрд теңгеге 10 инвестициялық жобаны жүзеге асырылады. Атап айтқанда, катодты мыс, кремний қорытпалары, жел энергетикасы мұнаралары, мырышталған металл бұйымдары және тағы басқа жаңа өндірістер ашылады. Солардың қатарында Саран қаласында жүк автомобильдерінің өндірісі қолға алынатынын атап өту керек.

Жаңа кәсіпорындармен бірге қаланың келбеті күн санап жақсарып келеді. Биыл қалада үшінші кезектегі су құбыры желілерін жаңғырту жұмыстары басталады. Соның арқасында Дубовка, Плановый, 106-шы, Угольный және Горняк елді мекендері орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылады. 50 шақырымға жуық құбыр тартылады. Бұл желілердің жалпы ұзындығы 91 шақырымды құрайды. Бұрын мүлде орталықтандырылған желі болмаған Дубовка кентіне бірінші салынады. Барлығы 300-ден астам абонент орталық желінің қызығын көрмек. Тиісті жұмыстар қалай жүргізілетінін баспасөз мәслихатында қала әкімі Еркін Баулықов айтты.

Біз Дубовка тұрғындарымен кездесу өткіземіз. Содан кейін жұмысқа кірісеміз. Мердігер анықталды. Сондай-ақ, жұмыстар Плановый, 106-шы, Угольный аудандарында басталады. Горняк шағын ауданындағы жаңа магистральдық желілерге үйлерді қосып, одан кейін орамішілік қалалық су құбыры желілерін реконструкциядан өткіземіз, – деді әкім.

Жылу – маңызды мәселе. Қазір қала 21 қазандықтан жылу алып отыр. Олардың тозу деңгейі 65 пайыздан 90 пайызға дейін жетті. Ал, орталық жылу желісі үлкен проблемаға айналған еді. Қазандық құрылысы бірнеше жылға созылды. Бүгінде бұл қазандықты іске қосу-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тиісті жұмыстар былтыр басталған еді. Ал, болашақта басқа шағын қазандықтар қосымша жылу көзі ретінде қолданылатын болады. Сондай-ақ, алдағы уақытта қазір қалпына келтіріліп жатқан РТБ шағын ауданына жетіспей тұрған инфрақұрылым жеткізілмек.

Сондай-ақ, биыл Саранда балаларға арналған ойын алаңы мен 4 спорт алаңы тұрғызылмақ. Және «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша  теннис, шахмат үстелдері орналасқан алаңдар және футбол алаңы салынады.

Манас АҚСАРЫ

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *