Надандық пен адалдық

«Надандық – ызақорлықтың, іштарлықтың, ынсапсыздықтың және тағы басқа тайыз әрі тұрпайы кемістіктер мен күнәлардың анасы», – дейді данышпан Галилео Галилей. Бұл тұжырыммен келіспеуге болмас. Өйткені, көкірек көзі ұйқыдағы адамның санасын кез келген соқыр сенім мен жеңіл жауап оп-оңай тұмшалайды. Білімсіздік біздің қоғамның бір парасында белең алып тұрғаны жасырын емес. Оны еліміздегі жаратылыстану ғылымның шалажансарлығы айғақтап тұр емес пе?! Бірақ, біз дімкәстігімізді мойындаймыз ба? Жоқ. Алайда, ауруын жасырған мемлекеттің азары айдан анық. Бұл – шүбәсіз заңдылық. Мемлекет азса, халық бодан болып, ұлттың болмысы жоғалады. Менің айтарым ой ғана.

Болмыс демекші, зайырлы Қазақстан Республикасында аз ғана қазақтың біразы түрлі діни ағым мен рушылдыққа шырмалып, біртұтас қазақи тінін жаралай, қараңғылыққа жол тартқандай. Біріншісіне – ділмарсыған асыра діншілдер, екіншісіне – бірін-бірі «командамен», «туыстықпен» сүйрейтін шенділер кінәлі-ау, осы! Ал, үшіншісі – алғашқы екеуінің салдарына шалдыққан әлеуметтік топ.

 

Бір

Біріншіге тоқталсақ, тіліміз шұбарланып, салт-дәстүріміз сыңарланып кетті. Шеше деген асыл ұғымнан шошындырмақ болғандар бауыр мен қарындасты – «ахи, ухти» деп қазақ тілінің лексиконында жоқ сөздермен түбінде өзімізді-өзімізге құда қылмаса болғаны, әйтеуір!

Жалпы, діншілдердің «тілі – майда, діңі – қатты, үні – жұмсақ, сөзі – тәтті болады. Япыр-ай, жаратылыстану ғылымынан бейхабар солардың көбі көсіле сөйлегенде, «Бес жылдық ғұмырды техникалық һәм әскери мамандыққа бостан-босқа сарп етіппіз ғой» деген кекесін келеді екен, көңілге.

Негізі дінді ұлттан биік қойған елдің тарихта бүтін қалғаны жоқ. Оған тамыры бір финн (лютеран) мен карелдің (православ), серб (православ) пен хорват (католик) және босниялықтардың (мұсылман) бірін-бірі иттің етінен жеккөруі. Ал, түбі бір еврей мен араптың ата жау екендігін тұтас әлем біледі. Аттары қосақталған ұлттардың қаны бір, тек болмысы басқа. Бірақ, «тарихтан сабақ алған кім бар дейсің?!».

XX ғасырдың атақты зоологы австриялық Конрад Лоренц көп еңбегінде адамзаттың тарихтағы тобырлық мінез-құлқынының төмендігіне күйінген. «Егер жер шарын ғарыштағы басқа ғаламшардан инстинктен ада таза ақыл иесі алып, телескоппен бақыласа, біздегі хайуани сананы мүлде түсінбес еді» депті жануардың тілін жетік білген ойшыл. Шатыспасам, «Шын мәнінде тек өзіңе жақынды ғана өлердей жеккөруге болады» (По-настоящему можно ненавидеть можно только своих) деген де соның тәмсілі. Біздің осы мінез-құлқымызды жете зерттеген америкалық әлеуметтік психолог Эллиот Аронсон «адам – қоғамдық хайуан» деп баға берген екен. Ендеше, бұл тұжырым «білімсіз парасатқа жету жоқ» дегенді білдіреді.

Бабалар үкілі бөрік киген өрімдей қызын арапша тұмшалап кемсітіп пе еді?! Қазақтың бағзыдағы бабасы көне сақ пен көктүркінің қызы бір заманда алтыннан сауыт киініп, асылдан алқа тағынды. Аспанды барлады, жаһанды шарлады. Өйткені, бойында білім бар еді. Керек десеңіз, жер қайысқан қалың қосын соларға бағынды. Өйткені, біздің қоғамдағы әр адам еркін еді. Көп қаланың сәулеті мен көк құрыштың болаты бізге таңсық емес заман еді-ау, сол дәуір!

Негізі, білген адамға қыз баланың анық қорғаны – білім мен ізгілік. Озық ғылымды, заманауи этиканы игерген қыз-келіншек кімнің де болсын мысын баспай ма?! Анығында, ұлттың сапасы тек аналар парасатымен өлшенбек. Өйткені, ұлттың тәрбиесі мен болмысы, сапасы мен санасы бірінші кезекте солардың қолында. Оған дәлел де жоқ емес.

Интеллектуалдық ойындардың төресі шахмат екендігін білеміз. Мұнда ферзь деген құдіретті фигура бар. Төменгі сыныптарда осы ойынды алғаш үйрене бастағанда, әлгі фигураның алапат күшіне таң қалатынмын. Оның парсыдан жеткен этимологиясы – «ферзан», яғни, ғалым, данышпан екен. Ғалымдарын ерте дәуірде аса құрметтеген парсы империялары бір кезде сондықтан да қуатты болды. Қазір олар соқыр сенімнен өзінің өр рухын солдырған.

Ферзді «уәзір» атандырған араптар парсыны бағындырып, Испанияны да жаулаған. Оларды отаны Испаниядан өзі бастап қуған Кастилия ханшайымы Изабелла ферзге «патшайым» атауын таңыпты. Оның шаршыдағы жүрісін күшейтіп, тақта бетінде құдірет сыйлаған екен. Сөйтіп, бір кездері әйгілі Христофор Колумбтың жолын ашқан жасампаз патшайым өз қыздарына таққа жол ашқан екен. Алайда оның теңдікке тіккен туын сол кездегі патриархалды испан қоғамы өркендетпей бірнеше ғасырға жығып тастады.

Бір шахмат фигурасының эволюциялық жолын тәтпіштеп айтқанымның да сыры бар. Одан мемлекеттердің де құдіреті мен құлдырауы көрініп тұрған секілді. Парсылар ғалымының қадірін қашырып алған соң, исламнан «шиит» болып бөлінуі де маған араби болмысқа жұтылмауға деген соңғы жанталас сияқты көрінеді. Ал, мына заманда кез келген әйел өзіне білім арқылы Кастилдік Изабелла патшайымдай құдірет сыйлай алады.

Біз – мұсылманбыз. Тәуелсіз түркі бауырлар да ислам дінінде. Сондықтан, бауырымыз бүтін болуы үшін, қазақи танымдағы исламнан ауытқымау керек. Десек те, егер дін мен діл таласқа түсер болса, мен соңғысын таңдар едім.

 

Екі

Енді, аяңдап сөз басындағы «екіншіге» келейік. Жалпы, кез келген адамды рухани аздыру үшін оны айналасындағылар жөн-жосықсыз, тоқтаусыз мақтаса жеткілікті. Оны бірінші президенттің саяси ғұмыры-ақ айғақтайды. Бізде «рухани туыс» болып, қызметің өсу үшін «елбасыға» ода арнасаң жеткілікті болды ғой (Оның өлең түрінде болуы тіпті маңызды емес). Қарсы сөз айтсаң қудалауға түсесің. Осы эффектіден үнсіздік туды. Кей мемлекеттік басқарушы орган «аквариумға» айналып кеткендей өз әлемінде өмір сүрді. Бәлкім, осы «мылқау моделді» қайсыбір жағымпаз «жуан топ» кейін мемлекеттік деңгейге дейін көтермек болған да болар.

«Бізде барлығы қалыпты, барлығы жақсы, қаражат бөлінген» деген қағаздағы қайырсыз жазбалар мен сандар көбейді. Бірақ қуат кеміді. Сондықтан, ақиқаттың бейнесін «шындық» деген бетперде жапты. Ал, әркімнің өз шындығы бары бесенеден белгілі дүние. Қазіргі қарғанған елді жайлаған қарғын судың тасқыны да соның салдары. Мүмкін, әлгі аквариумға құйылған қарғын судың тасқыны ауылдағы халықтың шынайы әл-ауқатын көрсеткен лакмусты индикаторды тексермек болған болар. Тексеріс қорытындысы әрине «қышқыл» болып шықты. Себебі, бұқара – жоқ, бастық – тоқ. Не десек те, мемлекеттік менеджментке білімді, адал, мінезді һәм іскер кадрлар көптеп келмей ешқай сала оңалмайтыны айдан анық.

Аспан асты елінің өркендеу жолын бастаған Қытай көшбасшысы Ден Сяопин күллі реформаны төменнен бастап, жоғарыға өрлеп, тұтас мемлекетті қамтыған екен. Оның жемісті болғанын біз ғана емес, жаһан көріп отыр. Ендеше, бізге де ауылдан бастау керек. Ол үшін ауылшаруашылығына ғылымды қарқынды кірістіріп, өнеркәсіпті жұмылдырып, «қарлыққан дауысты» есту керек шығар? Сонда ғана дамбалары су ұстаған, қамбалары жемге толған елде Алаштың ауылы тұншықпайды, Арқадағы жылқы қырылмайды. Қайта азған жер емделіп, азық болатын астық пен шөп шығады.

Біз озық технологиялы Жапонияға тамсануға құмармыз. Ол – дұрыс-ақ! Күн Шығыс елінің өркендей дамуын кезінде Алаш арыстары да үлгі тұтқан. Олардың 14 миллион адам тұратын астанасы Токиода су тасқыны мәселесі қалай шешілгендігі – ғажап!

Жапондық инженерлер ел астанасының астынан 50 метр тереңдікте тасқын судан сақтайтын «Токио жауын коллекторын» салыпты. Бұл керемет – 5 алып құдықтан тұрады. Оларға 670 мың тонна жаңбыр суы сыйады екен. Құдықтарды жалпы ұзындығы 6,4 километрді құрайтын диаметрі 10 метрлік туннелдер жалғаған. Әр залдың төбесін әрқайсының салмағы 500 тонна болатын 59 алып колонна тіреп тұр. Құдықтарға су айдайтын 14 000 аттың күші бар газ турбиналық гидросорғылардың қуаты – 10 МВт. Олар секундына 200 м³/с су сорып, жаңбыр суын фильтрден өткізе Эдо өзеніне құяды. Сөйтіп, Канто өңіріндегі 44 миллион халықтың жаны мен «малын» сақтайды. Міне «технологияның күші» деген осы.

Мұны білікті мамандар мен іскер басшылар жасаған. Ендеше, бізге де технологиялық көштің соңынан қалмау керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Қазақстан Үкіметіне су және ирригация саласына мамандар дайындау тапсырмасы біздің елде де болашақта осындай құрылыстардың салынатынына сендіреді. Сондықтан, Президент осы мәселені Оперативті штаб отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке жүктеген екен. Жалпы, осы азамат келгелі бұл министрліктің  жұмысына жан кіріп келеді. Біз үміт күтеміз.

 

Үш

Біз бағзы бабалардың даңқты тарихына мастанып өмір сүреміз. Адамзат марсқа ұшуға қамданса, біз ары кетсе Абайдың айналасында жүрміз (Оның даналығына күмән жоқ). Ал, бізде әлгінде айтқан техникалық ғылымдар табанын тежегіштен алар емес.

Жоқ! Мен «қазақ дарынсыз» деп ойламаймын. Атақты математик Асқар Жұмаділдаев ағамыз бір сөзінде «Қазақтың баласы математика мен бокстан керемет. Әлемде алдыңғы топта» деп шегелей айтқан еді. Анық ғалымның сөзінде қорғасындай салмақ бар. Өйткені, бұл – ұлт ұландарының жаратылыстану пәндері бойынша халықаралық олимпиадалардағы жемісті нәтижесіне сүйене айтылған сөз. Бірақ, «Құнан бәйгеде көсіле шапқандардың фундаменталды және қолданбалы ғылымға сүйенген технократия аламанында қарасы неге аз?» деген ой мазалайды жұртты.

Мүмкін, қазіргі жағдай мемлекет жалпы ішкі өнімінің 1% ғана ғылымға жұмсағаннан болар, бәлкім. Неге пайдалы қазбаларымыздың басым қоры сарқылмай тұрғанда, жаңа энергетика, микробиология, химия, қорғаныс өнеркәсібі мен ғарыш саласына әлемнің озық елдерінде білімін шыңдаған біздің ғалымның қарасын көптеп даярламаймыз?

Біз қазір қарғын кешкенмен, жаһан ғалымдары «болашақта тартыстың «көкесі» тұщы су үшін болады» деп болжайды. Сол заманда озықтар ауадан су өндіргенде, біз тасаттық берумен шектеліп, түлкіден айырылған тазыдай аспанға қарап ұлып қалмасақ болғаны. Мұндай ойды көңілге «Сізге мектепте тригонометрия, механиканың заңдары мен салыстырмалық теориясын оқығаның не берді?» деген әлеуметтік желідегі санасыз челлендж бен сапасыз әңгімеге қарап түйдім. «Ризықтың оннан тоғызы – саудада» деген сақалды қауымның «іліміне» елігіп тоғышар ұлтқа айналып кетпесек болды, әйтеуір.

 

Түйін

Мемлекеттің бұрындардағы түрлі «жаңғыруы» жұрттың бүйірін шығара қойған жоқ (Тек кейбіреулердің қалтасын қампайтып, «жаңғырықтан» жұрттың миы зеңгені болмаса). Көп думан, көкіген көп әңгіме біртұтас ұлттық идеология қалыптастырды ма? Меніңше – жоқ. Өйткені, қоғамда жік көп.

Басқаны қойғанда қазақ қазақты, билік бұқараны ұғудан қалды. Бұл – «Жалаң ұранның дәуірі баяғыда-ақ бітті!» деген сөз. Ендеше, бізге өткен шақты жадыда сақтап, осы шақта әрекет жасап, болашақты дұрыс жоспарлау керек. Әйтпесе, жаһандағы жыртқыш империялардың аузында жемтік болып кетеміз. Сіздің ойыңыз қандай, оқырман?

Құрманғазы ӨТЕБАЙ

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *