ӨНДІРІСТІ ӨРГЕ СҮЙРЕГЕН НӘЗІК ЖАН

Мыс бұлағын ағызған Балқаш мыс балқыту зауытында ерлермен иық тірестіре еңбек етіп жүрген нәзік жандар мыңдап саналады. Солардың бірі – Сандуғаш ИБРАГИМОВА. Маңайындағы әріптестеріне еңбегімен өнеге болған ана өндірісте жиырма жылдан астам уақыт тер төгіп келеді.

Өндірістегі еңбектің ащы дәмін сезіну үшін зауытта бір күніңізді өткізіп көру керек. Сандуғаш апай осы зауытта күнде сол қиындықтардың бәрін көріп, өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Технологиялық тілі күрделі процессордың басшылығымен матрицалық негіздерді кесу және түзету, құлақтарды кесу, құлақтарды бекіту, көтерме кранға ілу, өнімдерді сұрыптау, таңбалау, қоймаға қою және тасымалдау – кейіпкеріміздің күнделікті міндеті. Нәзік жанды қауым өкілінің өнімдерді натрий гидроксидімен және азот қышқылымен химиялық жағынан өңдеп, станоктарына және катод негіздерін түзетуге арналған роликтерге салып, иіп жатқанын көргенде таңданысымызды жасыра алмадық. Катодты қаңылтырлардың сапасына қойылатын талаптарды тексеріп, жабдықтың жұмысындағы ақауларды анықтау және жою жеңіл жұмыс емес. Салтанат Болатқызының негізгі мамандығы – кітапханашы. Ақтоғай ауданындағы Сарытерек ауылының орта мектебін бітірген соң осы мамандықты меңгерген. Дипломын алғаннан кейін бірнеше жыл Балқаштағы С.Сейфуллин атындағы кітапханада біраз жыл жұмыс істеді. Ал, Балқаш мыс балқыту зауытының мыс электролизі цехына ауысты.

– Алғашқыда цехтағы жұмыс қиын болды. Агрегаттардың шуынан, шаң мен кірден қатты шаршайтын едім. Ауысымнан үйге келген бетте бірден ұйықтап кететін едім. Сол тұста менің тәлімгерлерім – Жанар Әбеуова, Галимна Рижская, Валера Рудиков маған бар білгендерін үйретті. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін талмай, қажымай еңбек ету туралы айтып отыратын. Қазір цех пен ұжым екінші үйіме айналды, – дейді Сандуғаш Болатқызы.

Цехта қырыққа жуық адам еңбек етеді. Әр ауысымда алты адам жұмыс істейді. Бір ауысымда бригаданың әр мүшесі 600 дана катодты негіз өндіруі керек. Салмағын өлшейтін болсақ, мұндағы әйелдердің қажыр-қайратына таңдай қағасыз. Яғни, бір ауысымда өңдеуші 6,5 тонна мыс береді. Ал, бір айда бригада 4 мың тоннаға жуық өнім өндіреді.

Өндірістегі жұмыс қол күшін қажет етеді. Дегенмен, мұндағы әр зат өз орнында. Қыздың жиған жүгіндей жинақы, тап-тұйнақтай.

– Алғаш мен келгенде өңдеуші болып тек әйелдер ғана жұмыс істеді. Ал, ер адамдар қатарымызға кейінгі уақытта қосылып жатыр. Біздің жұмыс матрицалық парақтарды – тойтару машиналарында катодты негіздерді жасаудан тұрады. Содан кейін олар электролиз ванналарына серияға жіберіледі. Әріптестерімнің еңбекқор қолдарының арқасында жүздеген тонна ашық сарғыш парақтар электролизден кейін таза катодты мысқа айналады. Өнім дайын болғанда шетелге экспортталады, – дейді еңбеккер ана.

Сандуғаш апай ерлермен қатар жүріп, еліміздің дамуына үлес қосып жатқанын мақтан етеді. Еңбегіне қарай әріптестерінің көрсетіп жүргеніне дән риза. Өзінің шәкірттері Алмагүл Үсенова, Гүлзира Қасымова, Жанар Бектаубаева, Айгүл Жұлжанова сынды еңбеккерлерді өндірістің қыр-сырына баулып жүр.

Сандуғаш Болатқызының өмірлік қосағы Ерғали Ибрагимов те 45 жыл өндірісте тер төкті. Былтыр зейнетке шықты. Екеуі 1992 жылы шаңырағын көтерген. Баласы Елжас та зауытта еңбек етеді.

Кейіпкеріміз осы жылдар ішінде талай құрметке ие болды. Басшылық тарапынан алғанан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары жетерлік. Бұл, әрине жылдар бойғы маңдай тер, табанды еңбектің өтеуі деп білеміз. Сандуғаш апайдың айтуынша, мыс балқыту қашанда ерекше мамандықтардың бірі саналған. Елмен бірге өсіп, өркендеп, бүгінде үлкен отбасының анасына айналған ана сол мамандықты игергеніне, зауыттың басы-қасында жүргеніне риза екенін айтады.

Манас АҚСАРЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *