Теміртауда жиналмаған аумақтар үшін полиция күн сайын орта есеппен 20 ұйғарым жазады. Егер бір апта ішінде тәртіп орнатылмаса, онда 30 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Сенбілікке Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты.
Аймақ басшысы алдымен Нұра, Бұқар жырау және Осакаров аудандарының тұрғындары үшін аудандық орталық ауруханаға барып, оған қосымша құрылыс пен жоспарлар туралы айтып берді.
Аурухана осы жылдың күзінде жаңа форматта жұмыс істей бастауы тиіс.
Бұдан әрі облыс әкімі Теміртаудың бірнеше ауласында болып, қаланың проблемалары туралы айтып қана қоймай, көшені тазалауға шыққан белсенділерге қосылды. 7-ші шағын ауданның 12-ші үйінің тұрғындарымен бірге Ермағанбет Бөлекпаев алаңда тазалық орнатуға көмектесті.
– Теміртауға, ал келесі аптада Саран, Шахтинск, Абайға барамын. Облыстың барлық қаласы мен ауданына барамыз. Сенбілікке шығып, ауласын тазалап жатқан үйлердің тұрғындарына алғыс айтқым келеді. Мұндағы алаң өте жақсы. Қала әкіміне мұнда да абаттандыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырдым. Мен барлық тұрғынға тағы да жүгінемін: шығып, аумақтарыңызды тазалаңыздар, – деді облыс әкімі.
– Біз бұл жасыл аймақты өте жақсы көреміз. Міне, біздің балалар да серуендейді, сондықтан біз қадағалаймыз. Әрқашан сенбілікке барамыз. Көршілеріміз өте белсенді, – дейді 7-шағын ауданның 12-ші үйінің тұрғыны Елена Ардабаева.
Сондай-ақ, облыс басшысы 7-ші шағын ауданның басқа аулаларында да болды.
Автотұрақ иесіне санитарлық жағдай бойынша ескерту жасады. Олар қазірдің өзінде тәртіп орнатып жатқанын хабарлады.
Қалаға кіре берісте Металлургтер даңғылын жөндеуге дайындық басталды, асфальт фрезерлеу техникасы жұмыс істеп жатыр. Келесі аптадан бастап мердігерлер Металлургтер даңғылындағы – Бейбітшілік даңғылынан Республикаға дейінгі жол төсемін ағымдағы жөндеуге кіріседі.
Теміртауда аулаларды, жолдар мен тротуарларды, саябақтар мен гүлзарларды тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Рұқсат етілмеген полигондар жойылады.
Сенбілікке жастар мен бизнес-қоғамдастық қатысуда. «Таза Қазақстан» науқаны басталғаннан бері полигонға барлығы 1557 тонна қоқыс шығарылды.
Естеріңізге сала кетейік, облыста бір ай бойы «Таза Қазақстан» акциясы өтеді.