Көмектен кенде қалмады

Қарағанды облысының Шет ауданында қарғын судан келген залал есептеліп, арнайы құрылған комиссия шешімімен зардап шеккен тұрғындарға үйлер сатып алынды.

Бюджет қаражаты есебінен баспанасы жарамсыз болып қалған бес отбасы өздеріне үй таңдап алды. Алдағы күндері тағы бір отбасына жаңа үй салына бастайды. Басты себеп – ауылда сатылатын үй болмағандықтан жаңасын салу туралы шешім қабылданды.

Ал апатты деп танылмаған басқа 54 үйде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тұрғындар осы мақсаттар үшін өтемақы алып, мәселені өз бетінше шешуге ниет білдірген.

«Красная Поляна» ауылының тұрғыны Ақмарал Мусина өз отбасы үшін қолайлы үй таңдады. Көпбалалы ана мәселенің тез арада шешілгені үшін алғысын айтты.

– Біз өтемақы мен материалдық көмек алдық. Үйді өзіміз таңдадық. Әкімдік ұнаған үйдің біреуін сатып алып береміз деді. Айта кетейін, мүліктік өтемақы мен тұрғын үйді біз өте тез – бір апта ішінде алдық, – дейді Ақмарал Мусина.

Стадниченко отбасы үшін де Красная Поляна ауылынан үй сатып алынды.

– 30 наурыз күні таңертең үйде су кіре бастады. Техникадан біз тек тоңазытқыш пен пешті алып үлгердік, қалғанының бәрі жарамсыз болып қалды. Бір-екі күн құрбымның үйінде тұрдық. Қазір біз жөндеуден өткен 2 бөлмелі үй алдық. Үлкен залы бар, дәретхана мен жуынатын бөлме, орталық су құбыры, монша, көмір бар. Ауласына бақша салуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, материалдық көмек пен бүлінген мүлік үшін өтемақы алдық. Қазір біз туыстарымызда тұрамыз, бірақ жаңа үйге көшеміз. Барлығы тез шешілгеніне өте қуаныштымын, – дейді көпбалалы ана Надежда Стадниченко.

Сондай-ақ, Шет ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек және бүлінген мүлік үшін өтемақы төленді.

Қырылған мал шығыны өтелді. Өлген мал барлық ветеринариялық-санитариялық норманы сақтай отырып жойылды.

– Біз су тасқыны кезінде бес сиыр мен бір құлыннан айырылдық. Жақында мал алдық. Сондай-ақ бізге генератор, теледидар әкелінді. Бізде ағаш өңдейтін техникамыз, мұздатқышымыз бұзылды. Бұл залал бізге толығымен өтелді, – дейді Ақсу ауылының тұрғыны Айжан Қашкенбаева.

Су басқан елдімекендерде құдықтар мен ұңғымаларды түгендеу жүргізіледі. Аптаның соңына дейін дезинфекциялық жұмыстар атқарылады.

Кентішілік жолдарды қалпына келтіру жалғасуда.

Осылайша, аудан тұрғындары көмектен кенде қалмады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *