Сардар мен сарбаз

Қазақстан Республикасының Қарулы күштері әлем әскерінің әлеуетін 60-тан аса көрсеткіштер бойынша анықтайтын Global Firepower аналитикалық рейтингінде 145 мемлекеттің ішінде 58 орында тұр. Бұған қарап, әскеріміз қауқарсыз деп әсте ойлауға болмас. Өйткені, бізді жер көлемінің үлкендігі, шекара ұзындығы, сыртқы қарыздың көптігі, халық санының аздығы секілді көрсеткіштер кері сүйреп тұр. Дегенмен, қорғаныс саласы ақырындап алға жылжып келеді. Өйткені, бұрынғы рейтингте 60-тың арғы бетінде жүретінбіз. Жалпы жағдайдың көрінісі түсінікті. Ал, әскердегі сардар мен сарбаздың қарым-қатынасы қалай болуы керек? Осыны 10810 ә/б реактивті артиллерия батареясының бұрынғы командирі ретінде саралап көрсем.

Әлеуметтік желіде Қазақстанның әр аймағында Қорғаныс істері бөлімдері қызметкерлерінің полициямен бірлесе әскер қатарына жарамды жігіттерді көшеден ұстап жатқандарын көз көрді. Соған қарап, «Қарулы күштерден қадір кеткені ме?» деген сұрақ келеді екен, көкейге. Әскерге аман-сау аттанып, бейбіт уақытта мырыш табытпен қайтқандарды да сол желіден жиі естідік. Демек, қорғаныс саласында «Уставқа сай емес қарым-қатынас» деген дерт те бар деген сөз. Ендеше, әскер қатарына шақырылатындардың уайымы осы былық болғаны ғой.

Orda.kz ақпараттық порталының айтуынша, 2021-2023 жылдар аралығында әскер қатарында мерзімдік қызметін өтеген 270 сарбаз қаза болыпты. Олардың көбісі суицидке барған. Аман қалса да, мүгедек болғандардың есебі қанша екені бізге беймәлім. Өйткені, әскери гарнизондар мұндай шуды сыртқа шығармай жауып тастайтыны белгілі.

Жалпы, әскер қатарына шақырту экстерриториалдық қағидамен жүзеге асады. Бұл дегеніңіз – Жетісу, Сыр мен Жайық бойының жігіттері Арқа мен Шығысқа, Солтүстік аймақтың азаматтары батыс пен оңтүстік гарнизондарына аттанады деген сөз. Әскери бөлімдерге түскен азаматтар алғашында карантинде болады. Денсаулығы әбден тексерілген жас жігіттерді сап түзей жүру мен тазалыққа баулиды.  Олар тек әскери ант қабылдаған соң ғана сарбаз атанып, әскери бөлімшелерге жіберіледі.

Негізі, басым көпшілігі ер-азаматтардан тұратын ұжымда текетірестің болуы – заңдылық. Өйткені, ол жерде қасқыр үйірінде көшбасшылыққа таластай қақтығыстар орын алатыны бесенеден белгілі. Себебі, мыңдаған сарбаздың ішінде біреудің еркесі, біреудің серкесі болады.

Қазір әскер қатарында психолог мамандар жетерлік. Дегенмен, олардың жұмысына менің көңілім толған емес. Өйткені, нәзік жандылардың «әлсізді өбектеу» деген пайымы бардай көрінеді. Психолог мамандар психологиялық тұрақсыз сарбазды анықтағанда, депрессияға шалдыққан топпен ғана белсене жұмыс жасайды. Ал әлгілерге психологиялық қысым көрсететіндер көп жағдайда назардан тыс қалып қояды.

Менің ойымша, алдыменен осындай моральдық қағидаларды белінен басатындарды жөнге салу керек. Жалпы, сарбазға әйел психологтың жылы сөзінен гөрі, командирдің біліктілігі мен әділеттілігі үлгі болуға тиіс. Осы орайда, менің ойыма бір оқиға түсті.

Аягөз гарнизоны. 2006 жылдың жазы. Бригада командирі жеке құрамды атшаптырымдай плацқа жинады. Аптап ыстықта 3 000 жауынгер сап түзеп тұр. Ол кезде керзі етік киген сарбаздар әскери борышын екі жыл өтейтін. Мен реактивті артиллерия батареясының командирімін. Барлық сардар мен сарбаздың үстіндегі камуфляжды кителдің түсі «шөлдегі дауыл» бояуындай сары толқын.

Бригада командирі сап алдына: «Қатардағы сарбаз, Жұмағұлов! Саптан шық!» деп қатаң бұйрықпен дауыстады. Жасыл түсті әскери камуфляж киінген ашаң жігіт жүгіре басып бригада командирінің алдына тақай тоқтап, қолын шекесіне апара: «Қатардағы сарбаз Жұмағұлов сіздің бұйрығыңыз бойынша келіп тұр» деп саңқ етті. Содан, бригада командирі сөзін әрі жалғап: «Еркін тұр!» деген бұйрық алған сарбазды иегімен нұсқай: «Мына жауынгер «дисбаттан» келді. Бұл екі адамды мүгедек қылғаны үшін екі жыл сол жерде жазасын өтеді. Ол бүгіннен бастап біздің бригададағы бір бөлімде әскери қызметінің қалған мерзімін жалғастыратын болады. Штаб командирі мұны қай бөлімге бекіттіңіз?» деп сөзін аяқтады.

Содан не керек, менің принципшілдігім мен «білгіштігімді» жақтыртпайтын бригада штабының бастығы әлгі сарбазды бөліміме жіберетін бұйрықты оқыды. Маусым айының ортасынан бастап қатардағы жауынгер Жұмағұлов реактивті артиллерия бөліміндегі артиллерияның оқ атуын түзету взводының «дальномершигі» болып бекіді.

Біздің бөлім үш ай, жылға жуық, бір жарым жыл борышын өтеп жатқан жауынгерлерден тұратын еді. Басында, «Мынау қалай болар екен?» деген күдік көңілден шықпай алаңдадым. Ешқандай кезекшілігім болмаса да, батареямның үй-жайына келіп, сарбаздармен әңгіме-дүкен құрып, тек олар ұйқыға жатқан кезде ғана қайтатынмын. Бастапқыда қатардағы жауынгер Жұмағұлов жалғыз жортатын қасқырдай ұжымға сіңісе алмады. Мінезі – тұйық.

Командирдің басты міндеті – сарыауыз балапаннан сарбаз тәрбиелеп шығару. Сондықтан, күнделікті түске дейін оларға әскери құрал-жабдықтар мен жауынгерлік техниканың қыры мен сырын үйретесің. Дальномер мен перископтық артиллериялық буссолінен қалай өлшем алынатынын және оны есеп-қисапта пайдалану жолдарын ежіктейміз. Жалпы, артиллерияның пехотадан ерекшелігі мұнда есепке жүйрік болуың керек. Сондықтан да, сарбаздар да қабілетіне қарай іріктеліп келгендер. Кейбірінің жоғары, көбінің арнаулы білімі бар.

Екі ай үздіксіз жаттығудан кейін Аягөз гарнизонының әскери полигонында сол кездегі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Сәкен Жасұзақовтың қатысуымен оқу-жаттығу жиыны өтті. Біздің бөлім үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орын алды. Сөйтіп, мен басқарған реактивті артиллерия бөлімі қолбасшының қолынан теледидар алды. Жеке құрамның жауынгерлерінің қуанышында шек болмады. Мұның пайдасы көп болды.

Өйткені, кез келген әскери бөлімнің командирі әр жауынгердің кілтін табуы керек. Ол үшін өзіңнің білімің мен біліктілігің қажет болмақ. Есімде, жеке құрам әскери бөлімнің үй-жайында оқу-жаттығудан кейін қалжырап отырды. Мен офицерлер асханасынан барлығына балмұздақ әкеліп бердім. Олар жас баладай қуанды. Бір қарағанда, бұл күлкілі көрінуі мүмкін. Дегенмен, бұл офицер тарапынан жасалуы керек оң ишарат деп білемін. Біраздан соң, жаныма көппен қауқылдасып отырған қатардағы жауынгер Жұмағұловты шақырдым. Екеуміз етене жақындай сөйлестік. Ашыла келгенде, ол өз оқиғасын баяндады.

Сөйтсем, ол университетті қызыл дипломға тәмамдап, заңгер атанған екен. Бастапқыда Ақтау гарнизонында жүргізуші-механик қызметін атқарыпты. Әскери өмірдің бірсыдырғы күнінің бірінде ол көлігіне техникалық жөндеу жасап жатады. Бір уақытта сол бөлімнің құтын қашырған қос сотқар мұны ар-намысына тиіп, физикалық тұрғыда әлімжеттік жасамақ болған екен. Әлгілерді бұл сапер күрегімен ондырмай сабапты. Қос сотқар госпиталға түсіп, сол жерден үйлеріне әскери жарамсыз болып аттаныпты. Ал Жұмағұлов «дисбаттан» бірақ шыққан. Ендеше, бұл оқиғаның тәмсілі бірінші болып бұзақыларды құрықтау керек дегенге саяды емес пе?! Өйткені, тығырыққа тірелген сарбазда екі-ақ жол қалады. Бірі – біреуді майып ету, екіншісі – өзіне қол жұмсау.

Жалпы, бабалардың «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген тұжырымы ешқашан өзектілігін жойған емес. Өйткені, жоғары технологиялық заманауи әскери құрал-жабдықты меңгеру үшін білім қажет. Сондықтан, маған салса мектептегі алғашқы әскери дайындық сабағын тек қана сап түзеумен шектемей, математика, физика, химия пәндерін үйлестіре өткізсе құба-құп болар еді. Себебі, алыс-жақын елдердегі соғыс пен қарулы қақтығыстар әуе-десанты мен теңіз пехотасының жауынгерінен әскери дронды жете меңгерген әлжуаз сарбаздың әлеуеті бірнеше есе артық екендігін көрсетіп тұрған жоқ па?!

Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріндегі сардарлар мен сарбаздардың басым көпшілігінде рух бар. Бірақ мына заманда білімі мен біліктілігі қабыспаса, болжамды жаумен әскери қақтығыста бордай үгіліп кететеніміз анық.

Біздегі әскери бөлімдердегі қару-жарақ пен әскери техниканың жағдайы жақсарып келеді. Дегенмен, әлі де болса кем-кетігіміз жетерлік. Оны сараптай айтуға менің құқығым шектелген. Себебі, әскери құпияның жария болмағаны дұрыс.

Бір білетінім, ұлан болар ұрпаққа ата-ана дұрыс тәрбие, мектеп сапалы білім, әскер сенім беруі керек. Сіз қалай ойлайсыз, ағайын?

Құрманғазы ӨТЕБАЙ

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *