Ұстаз және оқушылары

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде, музей қорынан алынған Қазақстандағы алғашқы кескіндеме көркем өнер студиясының негізін қалаған суретші Николай Гаврилович Хлудов және оның оқушылары Әбілхан Қастеев, Алексей Ильич Бортников сияқты атақты суретшілердің көрмесі өтуде.  

Н.Г. Хлудов Қазақстанға келген кәсіби суретші, Қазақстанда алғаш көркемсурет мектебінің негізін қалаушы. Ал, Әбілхан Қастеев пен Алексей Бортников Қазақстандағы алғашқы кәсіби суретші ұстаздан білім алған дарынды суретшілер. Сондай-ақ, биыл қазақтан шыққан алғаш кәсіби суретші Ә.Қастеевтің туғанына 120 жыл және  А.Бортниковке 115 жыл толып отыр.

Суретшілердің баға жетпес құнды еңбектері өте көп, олар Қазақстан және шет елдердің музей қорларында сақтаулы және керемет туындылары біздің де музей қорымызда бар.

Н.Г. Хлудовтың «Қарт дүнген» және «Баланы ұстап отырған қазақ әйелі» шығармасында бөлмеде бала емізіп отырған қазақтың ақ жаулықты жас әйелдің бейнесі. Ал, Ә.Қастеевтің 1949 жылғы салған «Социалистік мал шаруашылығы» яғни шығарма Қазақстанның шексіз даласын, жан-жануарларын, төрт түлік малын мен мал баққан шопандарын, Ұлы даланың тыныштығын, жаздың жайма-шуақ кезін тамаша суреттеп, шынайы бейнелейді.

А.И.Бортниковтың хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі «Сызғановтың портреті»; қыс мезгілінде ұл балалардың аулада жиналып, қызықтап ойнайтын ойындарының бірі «Ауладағы хоккей», «Есембаеваның портреті», «бригадир Прокопьеваның портреті» атты еңбектері бар.

Суретшілердің өмір жолына тоқталатын болсақ, Н.Г. Хлудов Қазақстанға алғашында өлкенің тарихы мен мәдениетін зерттеу ойымен орыс географиялық қоғамының экспедиция құрамында келген орыс суретшісі. Ол Жетісу облыстық басқармасының сызбашысы, топограф және суретші ретінде келді. Николай Гаврилович Хлудов – Верный қаласында (Алматы) 50 жылдан астам қазақ халқының салт-дәстүрлері мен тұрмысын көрсеткен алғашқы кәсіби суретші. Оның есімімен Қазақстандағы кескіндеме мектебінің алғаш дамуы байланысты. 1920 жылы 70 жастағы суретші қаладағы алғашқы көркем өнер студиясын ашып, онда кейінірек танымал болған шеберлер – Чуйков, Бортников, Соловьев, Қастеев білім алды.

Естелігі бойынша ол қағаз бетіне қазақ ауылдарының тұрмыс-тіршілігінің ең ұсақ бөлшектеріне дейін егжей-тегжейлі бейнелеген. Қазақстанда өткізілген жылдар ішінде алған әсерлері, естеліктері біршама жиналды, сондықтан Хлудовтың суреттері бойынша XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басына дейінгі көшпенділер өмірінің энциклопедиясын жасауға болады.

Әбілхан Қастеев (1904-1973) – Қазақстанның тұңғыш кәсіби суретшісі, халық суретшісі, Қазақ КСР Ш.Уалиханов атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Верныйдағы (Алматы) Н.Хлудовтың көркемсурет шеберханасында оқыды. Әбілхан Қастеевтің есімі әрбір қазақстандық үшін қымбат.

Табиғат Қастеевке талант пен рухани дербестік сыйлады. Шығармашылығына ең мықты түрткі болған –  туған жеріне, халқына, өнеріне деген сүйіспеншілігі болды. Болашақ суретшінің балалық шақтағы алғашқы әсері табиғатпен байланысты болды.

Әкесіз ерте қалғандықтап, ол сегіз жасынан  жұмыс істей бастады, бай көршісіне қойшы болып жалданды. Уақытының бәрін дерлік жайлауда өткізген ол айналасын мұқият бақылап, «өзінің алғашқы ұстазы болған табиғатпен сөйлесті».Тастарға, қайыңның қабығына, кейін қағазға айналасынан көргенінің бәрін бейнелей бастады. 1929 жылы Қастеев Алматыға келіп, біреулердің ұсынысы бойынша Н.Г. Хлудовтың көркем сурет студиясына келді. Табиғаттан алған сабақтары мен Хлудовтан алған кәсіби білім алуы, шығармашылық ізденістері оның дарындылығын дамытуға, өзіндік стилі мен өмірге деген көзқарасын дамытуға көмектесті.

Бортников Алексей Ильич – қазақстандық суретші, кескіндемеші. КСРО суретшілер  Одағының мүшесі. Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері. Қызылорда облысы, Қармақшы ауылында дүниеге келген. ХХ ғасырдың 20 -жылдарында Верный қаласындағы Н. Хлудовтың көркемсурет студиясында оқып, Одесса қаласында көркемдік білімін жалғастырды. Институтты бітіргеннен кейін Алматыда жұмыс істеді, Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде сабақ берді, көптеген көркемсурет көрмелерінің қатысушысы болды. Краснодарда, кейін Алматы қаласында  тұрып, жұмыс істеді.

Осындай тамаша, дарынды, Қазақстанда кәсіби сурет өнерінің негізін қалаған  алғашқы ұстаз бен оқушыларының жұмыстары біздің облыстық бейнелеу өнері музейінде  барын, мақтанышпен айтамыз.

Гүлжан ЗАЙТОВА,

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің

Ғылыми – әдістеме бөлімінің басшысы

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *