Жұмыссыздықпен күрестің бір жолы – жәрмеңке. Бұған дейін халық көп келетін сауда үйлері мен ірі мекемелерде өткізілп келсе, Саран қаласында Мансап орталығы бос орындар жәрмеңкесінің әдеттегі форматынан басқаша өткізді. Қалалық алаңда кәсіптер фестивалі өтті. Жұмыс берушілер бос орындарды ұсынып қана қоймай, өнімдерін көрсетті, өндіріспен таныстырды.
Ұйымдастырушылардың ақпараты бойынша, қаланың: «Казцентрэлектропровод», QazTehna, Silkl Road Electronics, «ККК Бетон», «Galex Plus» тігін-трикотаж фабрикасы және тағы басқа жалпы 20 кәсіпорны қатысты . Олар цехтардың фотосуреттері, сондай-ақ үздік қызметкерлердің портреттері бар стендтер дайындады.
Жәрмеңкеге келушілер жергілікті өнімдермен танысты: майлықтар, жұмыс киімдері, униформалар, куәліктер мен бланкілер, түрлі тақтайшалар, оның ішінде брайль жазуы бар тақтацшалар және тағы басқалар. Нан-тоқаш пісіруге арналған барлық ассортиментін Саран нан зауыты көрсетті.
Бұл жерге келген, жұмыс таппақ ниеттегілер еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы білді.
Жәрмеңкеде кейбір үміткерлер жұмыс тауып, жұмысқа орналасуға жолдама алды.
Жұмыс берушілер де үміткерлерден түйіндеме жинады. Демалыс кезінде қосымша жұмыс тапқысы келетін орта мектеп оқушылары мен студенттер де назардан тыс қалмады. Оларға мемлекет төлейтін қоғамдық жұмыстар ұсынылды.
Манас АҚСАРЫ