Қарағандының театр сүйер қауымы ҚАМКТ-да композитор Сыдық Мұхамеджановтың қазақ тіліндегі «Айсұлу» комедиялық операсының тұсаукесерінде махаббат қасіреті мен адамның сезімдері туралы ойлар әлеміне үңіле алды. Бұл форматтағы спектакль музыкалық комедия театрында алғаш рет қойылды.
«Айсұлу» және жалпы қазақ музыкалық театры тарихындағы алғашқы комедия операсы. Ол өткен ғасырдың ортасындағы жастардың өмірі туралы әңгімелейді. 1964 жылы Алматыда Абай атындағы опера және балет театрының сахнасында қойылды. Қазір бұл музыкалық шығарма біршама заманауи реңк алды.
Сюжеттің басты кейіпкерлері – Айсұлу мен Серке атты ғашық жұп. Бойжеткен – колхоздың үздік қызметкері және ең сұлу қыз, ал жігіт жоғары білім мен жоғары мансапты армандайтын ауылдың көрнекті жігіті. Жастарға тән ұшқарылық пен өршіл мінездерінің арқасында олар әртүрлі күлкілі жағдайларға тап болады. Өмірлік сынақтардан өткеннен кейін, кейіпкерлер жақын адамың болмаса, сәттілік пен мансап сатысымен өсу құр сөз екенін түсінеді.
«Айсұлу» операсы қарағандылық көрерменге автор, көрнекті композитор Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл толуына орай концерттік қойылымда ұсынылды.
– Біз операны қоюға бір жылға жуық уақыт жұмсадық, өйткені оның барлық көріністері бүгінгі күнге дейін сақталмаған. Осы көріністерді қалпына келтіру үшін мұрағаттарда үлкен жұмыс жүргіздік, автордың қолжазбаларын зерттедік. Шығарманың музыкалық драматургиясын жеткізуге тырыстық. Біз көрермендерді қуанта алдық деп үміттенемін, – деді қоюшы режиссер Еренбақ Тойкенов.
Басты рөлдерді ҚАМКТ солисті, халықаралық байқаулар мен фестивальдердің лауреаты Маржан Буланова (Айсұлу) және театр солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты Денис Кудряшов (Серке) сомдады.