Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығына сәйкес әскери қызметшілердің балалары арасында құқықтық тәртіп әскерінің имиджін арттыру мақсатында «Мен — Отан қорғаушымын!» фотобайқауы өткізілді.
Байқау балалардың бойында патриоттық сезімдерді тәрбиелеу, Отанға құрмет көрсету және әскери қызметтің беделін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Шарт бойынша балалар жасы үш пен он жас аралығында, барлығы Ұлттық ұлан әскери киім нысанын киіп, өздері жайлы барынша ақпарат беру керек болатын.
Фотобайқауға барлық өңірлік қолбасшылықтардан, Ұлттық ұлан Академиясынан және тікелей бағыныстағы әскери бөлімдерден 90-нан астам өтінім келіп түсті. Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҚР Ұлттық ұланының Instagram-дағы ресми аккаунтында жиналған дауыс саны арқылы анықталды.
Дауыс беру қорытындысы бойынша І орынды 5451 әскери бөлімінің аға маманы қатардағы Балжан Тұрсынованың 1433 дауыс жинаған ұлы Рамазан Тұрсын иеленді.
Байқауда 4 жасар Рамазан әскери далалық ортада байланыс маманының қызмет атқарып жатқан кейпінде суретке түсіп барша оқырманын тамсандырды. Баланың анасы ефрейтор Балжан Тұрсынова қазіргі уақытта Ұлттық ұлан Орталық өңірлік қолбасшылығына қарасты 5451 әскери бөлімінде байланыс торабының аға маманы болып қызмет етуде.
— Рамазанның алғашқы жеңісі маған анасына сияқты, барша әулетіміздің алдында да абыройы асқақ. Бүгін ол өзінің ер мінезді тұрыс келбеті мен қылығы арқылы баршаға танылса, болашақта да үлкен азамат болады деп сенемін. Бұл жеңіс біздің отбасымыздың ғана емес, барша Орталық өңірлік қолбасшылығының жеңісі деп білеміз, барынша қолдау көрсеткендерге алғыс білдіремін, — деп анасы ефрейтор Балжан Тұрсынова өз лебізін білдірді.
17 маусым күні Ұлттық ұланның 5451 әскери бөлімінің саптық алаңында қоғамдағы имиджін арттыруға белсенді қатысқан әскери қызметшінің баласы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың атынан 1-ші дәрежелі диплом мен «LEGO» бағалы сыйлығымен марапатталды.
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының Орталық өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.