Қарағанды облысында мүгедектігі бар адамдардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі арта түсті. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев биыл кем дегенде мыңға жуық қолдауға мұқтаж адамдарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуді тапсырды. Алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Ол үшін мемлекеттік бағдарламалардың барлық мүмкін тетіктері пайдаланылады, жаңа жобалар енгізіледі.
Аппараттық кеңесте мүгедек адамдарды әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігі талқыланды.
– Сіздің тапсырмаңыз бойынша барлық қалалар мен аудандарда мүгедектігі бар адамдардың жұмысқа орналасу жағдайына талдау жасалды. Бүгінгі таңда жұмыспен қамту шараларымен 817 адам қамтылды, оның 604-і бос жұмыс орындарына, субсидияланатын және әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды, – деп хабарлады өңір басшысына жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.Мысалы, «Күміс жас» жобасы бойынша 92 мүгедек адам жұмыс тапты, тағы жетеуіне «Бірінші жұмыс орны» жобасы аясында көмек көрсетілді.
Мемлекеттің қолдауымен жеке кәсіпорындарда көру және есту қабілеті бұзылған қызметкерлер үшін сегіз арнайы жұмыс орны құрылды.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға өз ісін ашуға да көмек көрсетілуде. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бизнес негіздері оқытылады. Содан кейін гранттар немесе жеңілдікті несиелер алу мүмкіндігі бар.
Әсем Жүніспекова жаңа жоба туралы айтып берді: мүгедектігі бар адамдар және оларға қамқорлық жасайтындар кейіннен жұмысқа орналаса отырып, цифрлық кәсіптерге тегін оқытылады. Жарты жылдық курстар «Террикон алқабы» базасында ұйымдастырылған. Сабақтарды халықаралық технопарктердің сертификатталған мамандары өткізеді. Қарағандының IT компанияларында тағылымдама қарастырылған. Қазір өтінімдерді қабылдау жүріп жатыр, бірінші ағымға 100 адам тартылады.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға бюджеттен ақша бөлінгенін, қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталықтары қазір Қарағанды, Балқаш және Абай қалаларында жұмыс істейді. Өңір басшысы жыл соңына дейін Теміртау, Саран және Шахтинск қалаларында осындай ұйымдарды ұйымдастыруды тапсырды.
– Жұмысқа орналастыру бойынша жұмысты күшейту қажет. Мүгедектігі бар адамдарға бейімделген және мүмкіндігінше тұрақты жұмыс орындарын құру керек. Біз барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауымыз қажет, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Бүгінде облыста мүгедектігі бар 55 133 адам тұрады, оның ішінде 5 020 мүгедектігі бар балалар. Мүгедектігі бар адамдарды қолдаудың негізгі бағыты – оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз ету.
Осы бағдарлама аясында Қарағандыда мүгедектер арбасын жөндеу және қызмет көрсету бойынша алғашқы инва ТҚКО ашылды. Енді мәселе туындаған жағдайда, сырттан маман іздеудің қажеті жоқ. Қызмет көрсету орталығында олар қажет нәрсенің бәрін тегін жасайды, егер жөндеу кешіктірілсе, олар уақытша пайдалануға басқа арба береді.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мүгедектер арбалары – мобильді болуға мүмкіндік беретін жалғыз көлік құралы. Егер ол бұзылса, айтарлықтай қиындықтар туындайды. Бұрын маған арбамның электронды бөлшектерін жөндеу үшін оларды Ресейге жіберуге тура келетін. Бұл ұзаққа созылып, ыңғайсыздық тудыратын. Кішігірім жөндеу жүргізу керек болса, көбіне дәнекерлеушілерге немесе шиномонтаж шеберлеріне жүгінетінмін. Бірақ барлығы дерлік келісе бермейді. Өткен жылы мүгедектігі бар адамдардың атынан мен өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевқа қалада сервистік орталық ашуды өтініп, жүгінген болатынмын. Міне, біздің өтінішімізге құлақ түрді, енді біз мұнда жөндеуге келеміз немесе шеберді үйге шақыра аламыз, – дейді облыс әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Нияз Сүндетәлиев.
Сервистік орталық жыл сайын 300-ге дейін мүгедектер арбасына қызмет көрсетеді: ақауларды анықтау, оларды жедел түзетумен айналысады. Сондай-ақ, шеберханада құрғақ тазалауға немесе жаңа орындық тігуге тапсырыс беруге болады. Кеңесшілер сізге арбаға қалай дұрыс күтім жасау керектігін және оның қызмет ету мерзімін ұзартуды үйретеді және көрсетеді.
– Қызмет көрсету орталығында мүгедектігі бар адамдар арбасыз қалудың қандай болатынын өз басынан өткерген, мүмкіндігі шектеулі шеберлер жұмыс істейтін болады. Біз барлығы 12 адамды жинадық, оның 8-і мүмкіндігі шектеулі жандар. Жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуден бөлек, бізде арбаны дұрыс таңдау қызметі де бар. Сондай-ақ, мамандарымыз қажет болған жағдайда клиенттерге цифрлық қызметтерді алуға көмектеседі. Бұл біздің екінші филиалымыз, біріншісі сегіз жыл бұрын Астанада ашылған, жақсы жұмыс істеп жатырмыз, – деді «ДОС» Тәуелсіз өмір» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дина Есілдинова.
Сервистік орталықтың құрылтайшылары параармрестлингтен әлем чемпионы Никита Ермаковқа және ерекше баланың анасы Гүлизар Ахметоваға екі заманауи мүгедектер арбасын табыс етті.
– Мен жалғызбасты анамын, Батыр есімді 12 жасар ұлымды тәрбиелеп отырмын, ол бала кезінен сал ауруымен ауырады. Жақында біздің кіреберісте тұрған қымбат арбамызды жас жігіттер бүлдірдіп кетті. Мен бұл туралы әлеуметтік желілерде жаздым, көптеген жақсы адамдар қол ұшын созуға дайын екенін айтып жатты. Есімін айтқысы келмеген бір меценат бізге серуендеуге арналған жаңа арба сыйлады. Ал бүгін қоғамдық бірлестік бізге үйде қолданатын тағы бір арба сыйлады. Мен өте ризамын, – деді Гүлизар Ахметова.
Атап өтсек 2024 жылы облыста мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен және қызметтермен қамтамасыз етуге 9,8 млрд.теңге бөлінді.
Инватакси қызметтерін көрсетуге 2024 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 582,5 млн. теңге бөлінді.
– Осылайша, Инватакси қызметтері облыстың барлық өңірлерінде ұсынылады. 118 машинасы бар 15 Инватакси қызметі жұмыс істейді, оның 17 — сі мүгедек адамдардың кресло-арбаларында арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталған. Облыс бойынша 1 569 адам Инватакси қызметтерін пайдаланады.
Аутизм спектрі бұзылған (АСД) балаларға Инватакси қызметтерін ұсыну басым бағыттардың бірі.
Облыстың барлық өңірлерінде Инватакси қызметі аутизм спектрі бұзылған, церебральды сал ауруы бар 393 балаға көрсетіледі, – дейді Қарағанды облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.
1 топтағы мүгедектігі бар адамдарды санаторий-курорттық емдеуге алып жүру мәселесі өзекті. 2023 жылы және 2024 жылдың 6 айында осы көмекпен 44,8 млн.теңге сомасына 1 топтағы мүгедектігі бар 173 адам қамтылды.
Сонымен қатар, жұмыспен қамту да өзекті. 2022 жылы Қарағанды қаласында Ten Qogam мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы әртүрлі бағыттар бойынша консультациялық мәселелерін шешу үшін ашылды. Ten Qogam орталықтарында мүгедектігі бар адамдарға 6000-нан астам қызмет көрсетілген.
Ten Qogam орталықтарының көмегімен мүгедектігі бар адамдар бір терезе режимінде әртүрлі мәселелер бойынша кәсіби консультациялық көмек алады.
Бұл орталықтар өз қызметін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жүзеге асырады.
Бүгінгі күні Қарағанды облысында әлеуметтік салада айтарлықтай серпіліс бар.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ