Нұрада мәселе шешілді

Баршын ауылында үш мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін жанармай құю станциясы жұмыс істей бастады.

Бұған дейін жеті ауылдық округтің тұрғындары бензин алу үшін Ақмола облысының Қорғалжын ауданына немесе Астанаға баруға мәжбүр болатын. Облыс әкімімен кездесулерде ауыл тұрғындары ЖҚС ашу туралы мәселені бірнеше рет көтерді.

Нұра ауданының Теңіз аймағындағы жалғыз автожанармай құю станциясы үш жылдық үзілістен кейін жұмысын қайта бастады. Осы жылдың наурыз айында тоқтап тұрған ЖҚС ғимараты Dostyk Oil ЖШС-не жалға берілді. Инвестор нысанды жөндеп, жабдықтың жұмысын реттеп, интернет жүргізді.

— Бұл біздің аймақ үшін əлеуметтік маңызы бар жоба, көптеген автокөлік жүргізушілері өз көліктеріне жанармай құю үшін 110–200 шақырым жүруге мəжбүр болды. Ауыл тұрғындары болашақта пайдалану үшін бензин жинап, оны канистрлерге құйып əкелетін, бұл ыңғайсыз жəне қауіпті болды. Енді облыс басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың тапсырмасының арқасында жəне «Сарыарқа» ƏКК қолдауымен бізде ЖҚС іске қосылды. Тұрғындар өте қуанышты, — дейді Баршын ауылының əкімі Зейнғабиден Сарин.

Жанармай құю станциясының ыңғайлы орналасқанын ауданның барлық автокөлік жүргізушілері мойындайды. Баршын арқылы елорда мен Қарағандыға ғана емес, Талдысай, Тікенекті, Шұбаркөл жəне Жанбөбек ауылдарына да үлкен трафик жүреді.

— Ауылда тұрғындар негізінен мал жəне өсімдік шаруашылығымен айналысады. Бұл əр үйде кем дегенде 2–3 көлік құралын қажет етеді. Бұрын автопаркті жанармаймен қамтамасыз ету үшін адамдар үлкен жол шығындарын көтеруге мəжбүр болды. Енді бұл мəселе шешілді, — деп атап өтті 40 жылдан астам тəжірибесі бар автокөлік жүргізушісі Боранбай Мұқаналиев.

Баршын ауылындағы жанармай құю станциясы АИ-92 жəне дизель отынын сатады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *