Ұмытылмас ерлік

Осыдан 16 жыл бұрын Қайрат Жұмабеков ел есінде қалар ерлік жасаған болады. Бейбіт күннің батырының есімі мәңгілікке тарихта қалды. 2008 жылдың 20 мамырында  көліктегі 130 баланы аман сақтап өзі қайтыс болған еді! Қарағандыдағы «Сары­жайлау» кинотеатрында «Қайраттың қай­та жанған жұлдызы» атты қысқаметражды фильм­нің тұсауы кесіліп, рухына тағзым жасалды.

Бұдан 16 жыл бұрын Қа­рағанды қалалық жол полиция­сы батальонының инспекторла­ры, полиция аға сержанты Қай­рат Жұмабеков пен старшина Дмит­рий Пугачқа Қарағандыдан Астана қаласына бағытталған авто­бустағы мектеп оқушыларын аман-есен апарып келу туралы тапсырма беріледі. Қос инспектордың бағыттауымен үш автобус Елордаға аман-есен жетеді. Қарағандыға қай­тар жолда полиция көлігінің тізгінінде Қайрат Жұмабеков болады. Оларға қарама-қарсы жол бойы­мен келе жатқан тас тиелген жүк кө­лігі өзімен қатарлас жүйткіген же­ңіл автокөлікпен жарысып, абайсыз­да жолдың қарсы бағы­тына шы­ғып кеткенін байқамай қалады. Қас пен көздің арасында қарсы жолаққа шығып кетке­нін сезінген жүк кө­лігі, жолда келе жатқан патруль көлігі мен автобустарды көріп оңға қарай бұрылады. Жүк көлігінің арақашықтығы тым жақын болған­дықтан, жеңіл көлікке соқты­ғысады. Дәл осы жол апаты кезінде Қайрат Жұмабековтің алдында екі таңдау тұрды. Біріншісі – қарсы келе жатқан көліктен сытылып шы­ғып, өздерін сақтау немесе соқ­қыға өзін тосып, автобусты аман алып қалу. Автобустағы балалар­дың амандығын ойлаған ол өз мойнына жүктелген тастай тапсырманы сезініп, кесапатқа қарсы тұрды. Сол жерде ажал құшты. Ал қасындағы серігі ауыр жарақатпен аурухана жеткізілді.

«Сары­жайлау» кинотеатрына автобустағы оқушылар, отбасы мен туған-туыстары жиналды. Алғашқы сөзді батырдың қасында болған жолсерігі Дмитрий Пугач:

– Барлығы қас-қағым сәтте бол­ды. «Астана – Қарағанды» тасжолында жүк көлігі алдында келе жат­қан жеңіл көлікті басып озып, біз жетегімізге алып келе жатқан автобустарға қарай қарсы бағытқа шықты. Қайрат тез арада шешім қабылдап, жүк көлігі автобусқа соғылмау үшін өзіміз мінген қыз­меттік автокөлікпен тосқауыл қойды. Одан кейінгісі есімде жоқ. Мен жансақтау бөліміне түсіп, ол жерде төрт күн жаттым. Ол өзінің қызметіне адал беріліп, тапсырманы антына сәйкес соңына дейін орындады. Егер олай жасамағанда автобустағы балалар қаза табатын еді, – деп еске алды. Сол апатта аман қалған Абылайхан Құлымбетов полицей Қайрат Жұмабековтің есімін аса қадірлейді. Ол Қарағанды қаласының беделді нефролог дәрігері. Бір ұл тәрбиелеп отыр.

– Сол қайғылы жол-көлік оқи­­ғасы әлі күнге дейін есімде. Қайрат Жұмабековтің есімі менің жү­регімде. Мен де Қайрат аға сияқты елі­ме қызмет атқарып, еліме қол ұшымды созғым келді. Сондықтан, дәрі­гер мамандығын таңдадым. Өзі­не алғыс айта алмаймыз. Сол себеп­ті, отбасына ризашылығымыз­ды жеткізуге арнайы келдік осында, – дейді Абылайхан Құлымбетов.

Еске алу кешіне Қайрат Жұмабековтің жары Назгүл, ұлы Ғалым мен қызы Диляра Астана­дан арнайы келіп қатысты. Ғалым Қайратұлы да әке жолын жалғап, Ішкі істер органында қызмет етіп жүр. Ол Астана қалалық полиция департаментіне қарасты Есіл аудандық полиция басқармасында жедел уәкіл лауазымында.

– Әкем ер азаматқа сай іс істе­ді. Өзім кішкентай кезімнен полиция қызметкері болуды арман­да­дым. Анам қарсы болса да, әкем­нің ізін жалғағым келді. Батыр­дың ұлы екенімді мақтан етемін. Отба­сымызбен әкемізді еске алу кешіне келіп, көзімізге еріксіз жас алдық. Әкем өз өмірін қиып, құтқарып қалған 130 оқушы өсіп-өніп, үлкен азаматтар болыпты. Тіпті көбі отбасылы екен. Солар бастамашы болып, әріптестеріміз қолдап, мінекей, әкемнің есімі жаңғырып жатыр. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Ғалым Қайратұлы.

Автобустың ішінде болған оқушылардың бірі – 27 жастағы Әсемгүл Абатова. Екі баланың ­анасы. Отбасымен Саран қаласын­да тұрады. Бүгінде «Қазтелерадио­да» инженер қызметінде. 2008 жылы Әсемгүлдің жасы 11-де бол­ған екен.

– Астананың көрікті жерлерін көріп, өзімді бақытты сезініп келе жаттым. Жолда ұйықтап ке­тіппін. Автобус кілт тоқтағанда ал­дыңғы орындыққа басымды соқ­тым. Бәріміз аң-таң болып қал­дық. Сыртқа шыққанымда аударылып жатқан полицей көлігін көр­дім. Бұл қайғылы жағдайдан кейін біз өмірді бағалай бастадық. Жол-көлік оқиғасынан кейін әр жылдың 20 мамырында анам шелпек пісіріп, әкем құран оқиды. ­16 жыл өтсе де, біз Қайрат аға­ның ­ер­лігін ұмытпаймыз. Мен әлі күн­ге дейін оның отбасымен араласа­мын, – дейді Әсемгүл Абатова.

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев Қайрат Жұмабековтің ерлігі жайында түсірілген бейнефильм барлық мектепте көрсетілетінін, сол ар­қылы батырдың қайсарлығын өс­ке­­лең ұрпақтың бойына сіңіру қа­жеттігін атап өтті.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *